Жезқазған

Алтын жүрек азаматтар ардақталды

Жезқазғанда Мемлекет басшысының «Руxани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген басты міндеттерді жүзеге асыруға тың серпіліс берген кең пейілді азаматтардың мерейін өсіріп, өзгелерге үлгі етерліктей өнегесі мол іс-шара өткізілді. Қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Жезқазған қаласының Жастар одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Жомарт жүрек» меценаттар форумында туған жеріне, өскен еліне ерекше іңкәрлігін нақты істерімен айғақтаған жандар 10 номинация аталымы бойынша марапатталды.

Әр аталым иегерінің ізгі ниеттен бастау алатын ілкімді әрекеттері мен олардың жалпы қоғам үшін аса маңызды һәм жанға шуақ ұялатар нәтижелері арнайы әзірленген бейнебаян көрсетілімдері арқылы жария етілді.

Иә, адамзатқа тән жағымды қасиеттердің ішіндегі ең асылының бірі – қолдың ашықтығы, пейілдің кеңдігі. Жомарттық таныту, өзіңде барды өзгелермен бөлісе білу – имандылықтың инабатты үлгісі. Сондай ұстанымдағы жандардың қатарының уақыт санап арта түсуі, әрине, көңілдерді көркейтері күмәнсіз.

Форум барысында «Атамекен» номинациясының иегері ретінде ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі Виталий Хлебовтің есімі аталды.

«Қоғамның таңдауы» номинациясы «Юникс» ЖШС директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Сергей Сурнинге бұйырды.

«Аялы алақан» номинациясы «Элита» сұлулық салонының иегері Жылқыбай Исимовке тиесілі деп танылса, «Мейірімді жан» номинациясын көптеген көрікті істердің ұйытқысына айналған белсенді тұлға, «Мейірімді жүрек» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Эльвира Алпанбаева жеңіп алды.

«Армандарға жол ашқан» номинациясымен қоғам мүддесін бәрінен жоғары қоя білген жеке кәсіпкер, спорт жанашыры Бауыржан Мұқашев марапатталса, «Жүректен – жүрекке» номинациясы іскер азамат, спорт саласының шынайы жанашыры, біршама әлеуметтік жобалардың жетекшісі Бауыржан Ысқақовтың еншісіне тиді.

«Туған жер» арнайы номинациясын өзінің кіндік қаны тамған мекені – Теректі ауылын түлету жолында талмай еңбектеніп жүрген Бекзат Үмбетов алса, «Асыл адам» номинациясымен «Мейірімді асыл адам» қоғамдық қорының төрағасы, үнемі сауабы мол игі істердің жаршысы болуға қалыптасқан, бүкіл ел аумағына танымал жас меценат Көңілбай Шүкенов марапатталды.

«Әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясына жеке кәсіпкер, «Мәдина» кафесінің директоры Фарида Даулетбаева лайықты деп танылды.

Ал, «Жомарт жүрек» номинациясын кәсіпкерлікті ілгері бастыруда қаншалықты жетістікке жетсе, жұртшылықтың қоғамдық сипаттағы мұқтаждық сұраныстарын өтеуде соншалықты мүдделі қалпын көрсетіп, талайға тағылымын танытқан «Ютария» ЖШС директоры Сәуле Шәуенова жеңіп алды.

Қалың қауымның ақжарма алғысы мен риясыз ризашылығын иеленген «Атымтай жомарт» жандардың елге сіңірген еңбектері сан салалы әрі алуан сипатты. Мәселен, олардың бірі – жетім балалардың жетіліп кетуіне жағдай жасаса, екіншісі – мүгедектердің басындағы мұңның сейілуіне жәрдем еткен. Үшіншісі – жас өркеннің білім кеңістігіне құлаш ұруына дәнекерлік етсе, тағы бірі мысты қалада спорттың өркендеуіне, онымен шұғылдануға пейілді балалардың алдынан ешқандай кедергі кездеспеуіне ықыласты болған және содан нақты нәтиже шығара білген.

Міне, осы тектес және басқаша мазмұндағы бағалы бастамаларды байыпты жүргізіп, ел келешегінің кемелдене түсуіне өлшеусіз үлес қосқан ақжүрек жандардың қапысыз қарекеттерін тізбелей берсе, олардың бір демде түгесіле қоймасы анық.

Ізгілік лебі ескен іс-шара барысында ортаға орнатылған «Өмір ағашының» бұтақтарына қаладағы мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің арман-тілектері жазылып ілінген екен. Марапат иелері сол тілек қағаздарын бір-бірден алып, олардың орындалуына ықпал ететіндерін мәлімдеді. Демек, мейірімнен туындайтын қайырымдылық бағытындағы келісті істердің қатары алдағы уақытта анағұрлым арта түсетін болады.

Дана халқымыз «Қайырымдылық жаса, қайырымын өзің көресің» деген тамаша тәмсілді қалыптастырған. Осынау ұлағатты ұстанымның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында айшықты көрініс табуы – тым жарасымды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

 «Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button