Тарих

Алтын арқау

Бабалардан қалған бекзат болмыс ағамыздың бойында да бар.

Әкем туған ағасы Әлиханды көп іздеді. «Ауылдан топырақ бұйырмады-ау деп сағынатын», – дейді Балабаршын.

Өзі білетін және әкесі Смахан төреден естіген аз-кем әңгімеге алтын арқау – осы аға. Тақырып өзегі, әрине, Алаштың ардақты ұлы – Әлихан БӨКЕЙХАН.

Енді бір сәт Балабаршын СМАХАНҰЛЫНЫҢ айтқандарына назар аударайық.

Смахан төре – Әлихан Бөкейханның туған інісі, үзеңгілес серігі. Өмірінің ақырына дейін ағасы Әлиханның жазықсыз жапа шеккенін айтып, есіне түсіріп отырушы еді.

І Мемлекеттік Думаға сайланар алдында патша үкіметі Әлекеңді 1906 жылдың 8 қаңтарында Павлодар түрмесіне жабады да, содан төрт ай бойы түрмеде заңсыз-сотсыз отырып шығады. Түрмеден шығысымен сайлау мәселесімен дереу Семейге келеді. Семейде жүрген кезінде мынадай бір қызық оқиға болады. Оны бір әңгіме үстінде Әлихан Тұрағұл Құнанбайұлына айтып берген көрінеді. Тұраштан жазып алған Смахан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан. Оқиғаның желісі (Смаханның жазба дәптерінен ешбір өзгеріссіз беріліп отыр) мынау: «…Бір күні Қарқаралы уезінің бастығы Кинцпен кездесіп қалғанда, Кинц кекетіп, «Патшаны құлатамын деп шаршаған боларсыз, енді дем алып жүрген шығарсыз?» деп әжуалап сөйлегенде Әлекең: «Қазақ халқының «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген мақалы бар. Менің сізге берер жауабым осы» , – деген екен. Сонда Кинцтің әйелі күйеуіне:

Саған керегі де осы еді. Әлихан Нұрмұхамедович өзінің туған жері үшін зардап шеккенін түсінбегенсің, – деп күйеуін одан әрі сөйлетпей жүріп кетіпті. Кинц поляк болатын, оның әйелі білімді де есті адам болса керек. Өз еліне патша үкіметінің әңгір таяқ ойнатып отырған кезде, қазақ жерінде патша үкіметінің қолшоқпары болып жүрген поляк тойған жерде жүрген иттің өзі дегенді Кинцтің әйелі түсіне қойған көрінеді.

Ақыры кездескен көп қиындықтар мен тосқауылдарға қарамастан, 1906 жылдың 15 маусымында Әлихан Ресейдің І Мемлекеттік Думасына Семей қазақтары атынан бір ауыздан депутат болып сайланады да, Дума жұмыстарына қатысу үшін жүріп кетеді. Ол Петерборға келгенде, 1906 жылдың 9 шілдесінде І Мемлекеттік Думаны патша үкіметі таратып үлгерді. Думаның күшпен таратылуына келіспеген көптеген депутаттар (оның ішінде Ә.Бөкейхан да бар) Финляндиядағы Выборг қаласына жасырын түрде жиналып, патшаға наразылық білдірген мәлімдеме жолдайды. «Выборг шақыруы» деген атпен белгілі болған бұл тарихи мәлімдемеге 200 делегат қол қойған…

Смахан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның даңқы жер жарған ағасы – Әлиханның өмірбаяны мен қызметін түртіп, түсіріп жүрген жазба дәптерінің бірінде, (бас-аяғы 6 дәптер…) терең мағыналы «өткен-кеткенді мәртебе тұту – білімдіні жабайылықтан айырып тұратын қасиет осы» – деген бір сөз келтіріліпті.

Орыстың ұлы классигі А.Пушкиннің бұл сөзін Ә.Бөкейхан сөз арасында жиі есіне алып отырады екен. Бұл сөздің мағынасы қайраткер ғалымның бүкіл саналы өмірінің мазмұнына, мақсатына, керек десеңіз ұранына айналғандығы айқын аңғарылады. Мұны ең алдымен оның туған халқының өткен-кеткен тарихын, мәдениетін терең зерттеп жазып қалдырған ғылыми мұрасынан байқаймыз. Мұны, сондай-ақ, кең сахара халқының рухани азығы болған ауыз әдебиеті туындыларына қызығып, іздестіріп, жинап, зерттеп жазып қалдырған фольклорлық еңбектерінен көреміз. Ол 19 жасында-ақ «Қазақ халқының өз поэзиясы бар!» деп мақтана жазған еді.

Абай Құнанбайұлының шығармашылығын жаңа заманның тынысы, лебі деп түсінді, қалыптасып келе жатқан қазақтың жаңа ұлттық әдебиетінің бастамасы, – деп бағалады ол. Сондықтан да, ол Абайдың қалдырған мұрасын жинақтап халқына тезірек танытуға, таратуға асықты. Абайдың есімі мен шығармашылығын орыс қауымына алғаш рет паш еткен де Әлихан болатын.

1906 жылдың 9 қаңтарында жазықсыздан – жазықсыз тұтқындап, Павлодар түрмесіне жатқан кезде, Әлиханның портфелінен Абай Құнанбайұлы өлеңдері мен қара сөздерінің қолжазбасы табылған. Абақтыға жабылғаннан кейін, келесі күнгі жазған арызында ол өлең қолжазбаларының құны 5000 сом болатындығын және оны сақтауға шаралар жасалуын өтінген…

Абайдың поэзиясын «Как это покажут его стихи, представлял недюжинную силу и составляет гордость казахского народа. Еще не было казахского поэта, так возвысившего духовное творчество народа как Абай. Чудные его стихи, посвященные четырем временам года (весна, лето, осень и зима), сделали бы честь знаменитым поэтом Европы», – деп алғаш рет жоғары бағалаған Әлихан еді.

Абайдың дүние салуына бір жыл толуы қарсаңында оның өмірі мен шығармашылық жолын суреттеп жазған «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» атты мүнаһиб – мақаласы арада 90 жылдан астам уақыт өтсе де, өзінің ғылыми маңызын жоғалтқан жоқ. Бұл мақала 1905-1907 жылдар аралығында үш басылымнан жарық көрген.

Әлихан Бөкейхан сонымен қатар, Абайдың өлеңдері мен нақыл сөздерін жинақтауға ат салысады. Жоғарыда аталған мүнаһиб – мақаласының соңында айтылғандай, ол Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағын өңдеп, жинақтың 1909 жылы Ресей астанасы Санкт-Петербургтан басылып шығуына қол ұшын берген.

Абайдың ақын шәкірттері, балалары Ақылбай – Тұрағұлдар, інілері – Шәкәрім, Кәкітайлар, досы – Көкбай ақын Әлихан Бөкейханды ерекше қадірлеп, құрметтеген. 1913 жылы Орынборда шыға бастаған «Қазақ» газетін үзбей алдырып оқып тұрған. Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың өздерін де, олардың жазған еңбектерін де жақсы білген. Осы үш қайраткердің де түрмеге қамалып, ауыр азап шеккендері, үнемі қуғын-сүргін көріп жүргендері Абай шәкірттерінің қабырғасын қайыстырып терең тебіренткен. Көкбай ақын өз заманында Әлихан Бөкейханды қазақтың алғашқы оқымысты, қамқор азаматы деп білген.

* * *

Осыны оқырманға жеткізгім келеді, – деп Балабаршын аға терең күрсінді.

* * *

Балабаршын ағамен рухани үндес, үзеңгілес, қадірлес болып кеттік. «Жақсыда жаттық жоқ» деген. Жыл сайын ата-бабасының туған жеріне келіп, аунап-қунап, туыстарының ортасында болып, ата-бабасының басына барып, аруаққа тағзым етіп қайтады.

Бабасы Әлекеңнің ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін мерейлі тойын Балабаршын аға да асыға күтіп жүрген болар-ау.

Иә, кіндік қаны тамған алтын бесік Ақтоғайы бұл күнде Әлекеңді еске алып, тербеліп, тебіреніп жатыр…

Суретте: Әлекеңнің туған інісі

Смахан БӨКЕЙХАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button