Жаңалықтар

Аллергия азабын тарттырмасын

Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, аллергиялық аурулармен ауыратындардың саны күн санап артып келеді. Бұл мәселе әсіресе, балалар арасында белең алған. Статистикалық мәліметтер елімізде 1995 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңде аллергиялық аурулардың екі есе артқанын көрсетеді. Оның үстіне, аталмыш ұйым 2020 жылға қарай бұл ауру әлем бойынша 1,5 есеге көбейіп, ел тұрғындарының 40-50%-ына таралу мүмкіндігі туралы болжам айтқан. Осы орайда, аллергиялық ауруларды егжей-тегжейлі зерттейтін орталық ашудың қажеттілігі күн тәртібіне көтерілді.

Жыл басында есігін айқара ашқан облыстық аллергологиялық орталық осы мәселемен айналысатын кешенді мекеме. Жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асырылды. Орталықта аллергияның шығу төркінін зерделейтін аллерголог, иммунолог мамандар ғана емес, сонымен қатар, білікті пульмонолог, инфекционистер, дерматовенерологтар, гастроэнтеролог, оториноларингологтар мен гинекологтар да бар. Барлық қажетті зертханалық және спирография, рентгенография, УДЗ, колоноскопия, ЛОР-комбайн сынды жабдықтардағы зерттеулерді өздері жүргізеді.

– Орталықта кілең өз ісінің майталмандары қызмет жасайды. мандарымыз елімізде және одан тысқары жерде біліктіліктерін арттырып, емдеу ісін ғылыми жұмыстармен ұштастырып келеді. Олардың еңбектері Мемлекет басшысы берген мемлекеттік наградаларынан, ғылыми атақтары мен алғыс хаттарынан-ақ көрініп тұр. Барлық маманның заманға лайық жабдықтары бар,– дейді орталықтың директоры Меруерт Газалиева.

Рентгенографиялық кабинет Эковь цифрлық рентгенаппаратымен жабдықталған. Ол сәулеленудің деңгейін төмендетуге, жоғары сапалы кескіндеме алуға әрі оны жылдам өңдеуге мүмкіндік береді. Ал ультрадыбыстық зерттеу кабинетінде тұрған заманауи Apogee 5500 жабдығы кардиологиялық, акушерлік-гинекологиялық, сонымен бірге, қан-тамырларды, сүт бездерін және тағы басқаларына зерттеу жүргізуге арналған. ATMOS S 61 ЛОР комбайны бір мезгілде бірнеше қызметті атқара алады. Орталықтың негізгі бағыты аллергологиялық болғандықтан, осы ауру түрлерін диагностикалаудың алдыңғы қатарлы технологиялары қолданылады. Тестілеу зертханалық әдіспен де, емделушіге тері арқылы да жасалады. Зертханалық талдаулар «Olymp» клиникалықдиагностикалық зертханаларындағы Phadia 250 инновациялық жүйесі мен LuxScan микрочипті молекулярлық анализаторда жүргізіледі. Ол бір мезгілде 112 аллерген түріне талдау жасауға қауқарлы. Зерттеуден кейін емделушілер түрлі реакциялардың алдын алу үшін орталықтың күндізгі стационарында ем қабылдай алады.

Бір айта кетерлігі, орталық базасында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің иммунология және аллергология кафедрасы бар. Оның оқытушылары студенттерге білім беріп қана қоймай, жағдайы ауыр науқастарға консультативтік көмек көрсетеді. Қазіргі таңда анық байқалатын аллерголог-иммунолог мамандарды даярлау ісін жетілдірудің бір жолы – осы. Сонымен бірге, бакалавриат, интернатурда, дипломнан кейін білім алып жүргендерге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, шеберлік сыныптарын алып, тәжірибе жинақтауға таптырмас мүмкіндік. Жас та болса, бас болған Меруерт Арыстанқызы – аталмыш кфедраның меңгерушісі. Орталықтың жүйелі жұмысы мен кафедраның қызметі мойнында. – Облыс аллергологтарының жұмысын орталықтандыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, астма ауруымен ауыратын науқастарға ай сайын астма-мектептерін ұйымдастырып, осы аурудан емдеудің негізгі қағидалары, алғашқы көмек көрсету негіздерін қарстыратын арнайы бағдарлама енгізу, психологиялық тренингтер мен осы саладағы ғылымизерттеу жұмыстарын жандандыруды қолға аламыз,– дейді Меруерт Арыстанқызы.

Жансая ОМАРБЕКОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button