Алаштанушы ардақталды
Саналы ғұмырын Алаш мұрасын насихаттауға арнап, ұлт мүддесі жолында талмай еңбек етіп, жас ұрпақтың бойына Алаш идеясын сіңіруге сүбелі үлес қосып келе жатқан белгілі өлкетанушы, «Дала академигі» атанған Тұңғышбай Мұқан «Алаш зиялысы» медалімен марапатталды.
Жылдар бойы төгілген тер мен ерен еңбек дер кезінде бағаланса, құба-құп. Алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай Қарағандыға арнайы келіп, Достық үйінде өткен рухани іс-шарада Тұңғышбай Өміртайұлының осы күнге дейін Алаш тарихын қорғап, оны насихаттауда атқарған елеулі еңбегін атап өтіп, құрмет көрсетті.
«Qyr Balasy» қоғамдық қоры мен Ә.Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институтының ғылыми кеңесі жерлесімізді марапатқа лайық деп танып, кеудесіне медаль тақты.
Сонымен қатар, Тұңғышбай Өміртайұлына Астана қаласынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлының арнайы сыйға тартып, беріп жіберген жеке авторлық кітабы табысталды. Кітапты арнайылап алып келген талантты жас журналист, қоғам белсендісі Зарина Әшірбек екенін айта кеткен жөн.
Ыңғайы келгенде көрініп қалуды мақсат тұтпай, жеке бас пайдасынан ұлт мүддесін жоғары қойып, туған елі мен жерінің ертеңі үшін бар ғұмырын арнап, жас буынға үлгі болып, «Дала академигі» атанған ғалым қандай құрметке де лайық.
Тұңғышбай Өміртайұлын марапатымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!
Өз тілшімізден.