Қарқаралы

Қаламгердің ғасыр тойы

    Қасиетті қара топырағында қазақтың талай беткеұстар тұлғалары дүниеге келген Қарқаралы жұрты жақында тағы бір перзентін ардақтады. Жарық дүниедегі жарты ғасырдан сәл астам ғұмырында әдебиет әлемінде өшпес із қалдырған Қапан САТЫБАЛДИННІҢ 100 жылдық мерейтойы Қасым Аманжолов атындағы орталық кітапханада өтті.

«Ардақты ақын, қажырлы қаламгер» деген атпен өткен әдеби-сазды еске алу кешіне сонау Мәскеуден ақынның қызы, «Медиа комплекс» орталығының директоры Наркес Сатыбалдина, отбасылық досы Аглес Мусаевна, ақынның туысы, қарындасы Майра Өмірбекова, ақын Ер­ғазы Жазықбаев және оқырман қауым қатысты.

Кездесу кешінде аудан әкімінің орынбасары Мейірлан Сәдуақасов жылы лебізін білдіріп, әке рухына тағзым еткелі келген ұрпағына алғысын білдірді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жазира Искакова қазақы қалыппен ат арытып алыстан келген қонақтардың иығына шапан жапты.

«Ақындар ауылда туып, қалада өледі» демекші, Қапан ағамыз Бесобаның баурайында дүниеге келген. Қоңыртөбенің бауырынан түлеп ұшқан жас қыран Алатаудың ұшар басына қонып, саналы ғұмырын ару Алматының баурайында өткізеді. Арқадан Алатауға барып Алаш әдебиетінің туын көтеріп, сөз зергері атанған Қапан Сатыбалдин «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Қазақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары, Қазақстан Журналистер одағында хатшы қызметтерін атқарған. Бірнеше кітап жазып, соңында өшпес мұра қалдырды.

Ақынның өнегелі өмір жолы жөнінде кітапханашы Лаура Нәбиева баяндама жасады. Шара барысында Қапан ағамыз­дың өмірінен сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Қазақ әдебиеті саласында өзіндік орны бар талантты ағасы жөнінде ақынның немере қарындасы Майра Өмірбекова апасынан естіген естелігін айта келе, «Ағам өте бауырмал, жеңгем қонақжай адамдар еді. Қолынан келген көмегін аяған емес. Өте зерек, ақылды, білімді болған. Ата-анасынан жастай жетім қалып, ерте есейді. Ауылдан барған адамдарға құжат жағынан жәрдемдесіп, жұмысқа орналасуына көп көмек көрсеткен», – деді. Ақынның көзін көрген туысы,  сыйлас, дәмдес болған ақын Ерғазы Жазықбаев ағамыз: «Қапан ағам мектепте оқып жүргенде менің әкем Бесобада ауылсовет болыпты. Бұл кісілер шала сауатты адамдар. Мектептің мұғалімінен Қапекеңді сұрап алып, анықтама секілді құжаттарды жазғызады екен. Соған тиын-тебен төлейді. Қапан ағамның айтуынша, ауылсоветте жүргенде мөрді де, анықтаманың жасалуын да, бәрін жатқа біліп алдым. Кейін Қарағандыға келгенде осы білімінің көмегі көп тиді», – дей келе, ағасының қамқор, бауырмал екендігін де айтып өтті.

Жалпы, осы кештің өтуіне ұйытқы болып, әке рухына тағзым етіп, сонау Мәскеуден келген ақынның қызы Наркес Қапанқызы «Әкемнің соңында қалған бай әдеби мұрасын жинақтап, оны туған жеріне әкелсем деген ойымның жүзеге асқанына қуаныштымын. Бұл – марқұм анамның да арманы еді. Ол кісі бұл кітаптың жарыққа шығуын күткен еді. Кітапта әкемнің шығармалары мен қатар естеліктер топтастырылған. Бүгін, міне, әкемді елеп-ескеріп, ғасыр тойын атап өтіп жатқан кітапхана ұжымына, туғантуысқа,  жиналған ардагер аталарға зор алғысымды білдіремін», – деп басын иіп, ризашылығын жеткізді.

Сонымен қатар, ақынның жерлесі, қарындасы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мұғалім Рысты Ағыбаева да жаңа шыққан кітапқа шолу жасай келе, ақынның кеудесінде кеткен ұлы арманы туған жерге деген сағынышы, елге келіп туған топырағында аунасам деген арманы орындалмай қалғандығын өкінішпен жеткізді. Енді, міне, елге барам деп жүрген кезінде ауырып, ота үстінде қайтқан ақынның арманын ұрпағы Наркес апамыз орындап, әкесінің туған топырағына табаны тиді.

Мазмұнды естелікке толы әдеби-сазды кешті Қарқаралы мәдени ойын-сауық орталығының әншілері әдемі әндермен әрлеп, мектеп оқушылары ақынның шығармаларын тебірене оқыды. Кешке келген ел ағалары Саят Оспанов, Амангелді Бабайбеков, Мейірхан Қасымжанов, Сағымбай Сыздықов, Мұрат Тойынбеков, Думанбек Өмірбеков ақын жайында өз лебіздерін білдірді.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button