Қала баласы – Дала мұрагері

Жер асты байлығы – шекті қазына. Сол қазынаны осы уақытқа дейін шексіз пайдаланып келеміз. Шекті дүниенің сарқылары анық. Сондай күн туа қалса, елдің бәсекеге қабілетті қалпын сақтап қалу – келер ұрпақтың бойындағы қасиеті мен мүмкіндігіне тікелей байланысты. Бүгінгі күні біреулер ауыл баласының қабілеті қала баласына қарағанда төмендеу деген пікірде болса, екінші тарап – мүлдем басқаша, яғни, оған кереғар ұстанымда. Ең бастысы, қала мен дала баласының жағымды қасиеттерін бір арнада тоғыстырар болсақ, кез келген қиындықты еңсеретін әлеуетті ұрпақ өкілдерін қалыптастырарымыз күмәнсіз. Әрине, біз білетін бүгінгі қала мен дала баласының бойында кемшіліктер де кездеседі…

АЙЫРМАШЫЛЫҚ НЕДЕ?

Ауыл мен қала баласының мүмкіндігін салыстырсақ, таразы басы тең түсері сөзсіз. Себебі, қалада бар дүние ауылда да бар. Әлеуметтік желі, білім сапасы, мектептегі жаңа технологиялар мен басқа да қажеттіліктер – қолжетімді. Айырмашылығы осыдан он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда – жер мен көктей. Бәрі де бар, алайда, бойымыздағы бір жағымсыз әдетті жеңе алмай келеміз. Ол – жалқаулық. Мұны ауыл баласына қарағанда, қала баласының бойынан көбірек байқауға болады. Өйткені, ауылда таңның атқаннан кеш батқанша жұмыстан бас алмайды, қысқасы, еңбек етуге машықтанған. Еңбекқор жастардың ауылдан шығатыны – осыдан. Ал, қаладағылардың қолы едәуір бос. Спортпен айналысса да, болаттай шыңдалып, ширыққаны некен-саяқ. Бұлардың соңынан ауылдың, төрт түліктің не екенін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Десек те, қала баласы ғылым мен білімге барынша ден қойған. Оған бір мысал – робототехника. Жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Ауыл баласының ішкі болмысында еркіндік басым болса, қалалықтың белсенділігі жоғары.

— Бүгінде қала мен ауыл баласының айырмашылығы жоқ десе де болады. Бірақ, бұл жайлы болжам айту мүмкін емес. Алдағы бес жылда не күтіп тұрғанын білмейміз. Кезінде ауыл жұрты бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлетін.

Салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты бойына сіңіріп, тәрбиені талбесіктен бастайтын. Қаланың балаларында мәдениет жоқ деген сөз емес бұл. Бірақ, дала баласындай іші-бауырыңа кіріп, тез тіл табысып кете алмайтынын байқаймын, – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов.

ЕЛІКТЕУШІЛІК – ЕССІЗДІК

Қазіргі балалардың басты кемшілігі – еліктеушілік. Ата-ана қарауынан тысқары шықса, жат әдетке бой алдыруға әуес. Көпшілік ортада өзін ұстау мен сөйлеу мәдениетінен мақұрым. Қарап тұрып, қарның ашады. Бұл – қала баласының да, ауыл баласының да кемшін тұсы. Баланы ортасы тәрбиелейді десек, сол орта қандай болуы керек? Қазақта «Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», – деген мақал бар.

Жақсы әке мен тәлімді ананың тәрбиесін көрген бала бойына асыл қасиеттерді сіңіріп өседі.

Түптеп келгенде, бұрынғы тәрбие дәстүрі қалада да, ауылда да жойылып бара жатқан секілді. Оның орнын әлеуметтік желіге тәуелділік пен керенаулық басып бара жатқандай…

ТҮЙІН

Ағылшынның аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Уинстон Черчилль Премьер-Министр лауазымында жүргенде Кеңес Одағы Үкіметінің делегациясын қабылдапты. Кездесу барысында түрлі тақырыпта әңгіме өрбиді. Сонда Черчилль қонақтар арасындағы біреуінің ерекше біліміне таң қалып, реті келгенде оның өзі жайлы, білімді қайдан алғаны туралы сұраған деседі. Ол – академик Қаныш Сәтбаев екен. Сонда жарықтық Қаныш атамыз премьер-министрге: «Бойымдағы барлық қасиетті халқымнан дарытып, білімді туған ауылымнан алдым», – деп қысқа қайырған екен…

Біз – ауылдан тамыр үзбеген ұрпақпыз. Қалада тұрғымыз келеді, бірақ, үнемі ауылды аңсаймыз.

«Міне, менің ауылым – осы!» – деп мақтанар күнге қашан жетер екенбіз?!

 

Ербол ЕРБОЛАТ