Сәтбаев

Академик даңғылындағы думан

Бұл күні кеншілер қаласының қонақтары мен тұрғындары академик Қаныш Сәтбаев атындағы даңғылда ұйымдастырылған думанды тамашалап, көтеріңкі көңілмен тынығып қайтты.

Кеншілер алаңындағы жазғы сахнада жергілікті өнерпаз өрендер күшімен үлкен мерекелік концерт қойылды. Салтанатты сәтте қала әкімі Асқар Ыдырысов пен “Қазақмыс” компаниясының басшысы Бақтияр Қрықпышев жұртшылықты әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, отбасылық бақыт, еңбекте табыс тіледі.

Қаланың Құрметті азаматтары мен өндіріс ардагерлері алғашқы академик атындағы даңғылда бой түзеген киізүйлерге бас сұғып, дәмнен ауыз тиді. Ал, әр үйдің ауласында жалпы тойшыл қауымға Наурыз-көже таратылды. Сонымен қатар, олар ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған тұсау кесер, құда күту, келіннің қолынан шай ішу сынды қазақи кәде-жораны тамашалады.

Халықтың тұрмыс-тіршілігімен бітеқайнасып кеткен Наурыз мерекесін татулық пен бірлік шаңырағы астында қарсы алған сәтбаевтықтар “Үздік киіз үй” байқауында топ жарғандарды марапаттау рәсіміне қатысты. Үшінші орынды “Мәдени-сауық орталығы” мен “Казэнергоцентр” мекемесі өзара бөлісті. Екінші орын жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорнына, бірінші орын №3 мектеп ұжымына бұйырды. Бас жүлдені С.Сейфуллин атындағы гимназия қанжығасына байлады.

Әлібек ӘБДІРАШ,

Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button