Жаңалықтар

Айжан ШӘКЕНОВА: «Наурыз – достық мерекесі» телебағдарламасы түсірілуде»

Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға түрлі бағдарлама ұсынып отыр. Сонымен қатар, жыл басынан бері Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында біршама жұмыстарды қолға алыпты. Жоба-жоспарлары жақсы. Енді оның іске асуына жұмылмақ. Осы орайда бөлім басшысы Айжан ШӘКЕНОВАМЕН сұхбаттасқан едік…

– Былтыр елде төтенше жағдай орын алып, Наурыз мейрамы жылдағыдай болмады. Өкінішке орай, биыл да індеттің іргесі алыстар емес. Осы жолы Ұлыстың Ұлы күні қалай тойланады?

– Бас санитардың ұсынысымен Наурыз мейрамы бұқаралық шараларсыз өткізілмек.

9 наурыздан бастап, Наурыз мейрамына орай «Наурыз – достық мерекесі» атты телебағдарлама түсірілуде. Мереке күндері қалалық арнадан үзбей көрсетілмек.

Облыстық «Saryarqa» телеарнасынан да беріледі.

– Наурызға орай бекітілген атаулы күндер карантин жағдайында қалай өтіп жатыр?

– Наурыз мейрамын тойлаудың алғашқы күні – «Көрісу күні». Жылда төс қағысып, дастарқан басында бас қосып атап өтуші едік. Биыл әлеуметтік желі арқылы құттықтау хаттарын жібердік. «Шежіре күнінде» – қалалық мәдениет сарайында «Наурыз бата» шарасы өткізілді. Онда Елбасының үзеңгілес достары, еңбек ардагерлері мен қаланың белсенді жастары қатысты. Ұзын ырғасы 20дан аспайтын адаммен атап өткен жайымыз бар.

«Игі істер күнін» мәдениет саласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арнадық. Осы саладағы, қалалық мәдениет сарайындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Шара соңында кеш қонақтарының бәріне ұлттық тағамдар таратылды. Мереке аясында қаланың мәдениет өміріне белсене қатысқан және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсеткен қоғам бірлестік басшыларына Алғыс хат тапсырылды.

Келе жатқан «Ұлттық тағамдар күніне» дайындық басталып кетті. Осы күні ұлттық тағамдар әзірленіп, наурыз көже қайнатылады. Қалалық кітапхана қызметшілері әлеуметтік желіде ұлттық тағамдарымызды дайындау шеберлігімен бөліспек. Сол күні мәдениет сарайында қала әкімінің, қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен «Шуақ шашқан мереке» мерекелік концертін өткізуді жоспарлап отырмыз.

– «Бұқара күні» – төл мерекемізбен тұспа-тұс келіп тұр екен…

– Бұл күні арнайы топ көлікпен қала көшелерін айналып, «Наурыз – думан» театрландырылған қойылымын көрсетпек. Қаланың ең үздік шығармашылық ұжымдарынан құрылған концерттік бригада қала тұрғындарын мейрамымен құттықтап, бауырсақ үлестірмек. Тағы бір айтатыны, бригада құрамын сағат сайын өзгертіп отырамыз. Ал, 23-ші наурызда тойланатын «Жоралғы күнін» ерекше айта кету керек. Бұл күні қаладағы барлық этно-мәдени бірлестік өкілдері мәдениет сарайына жиналып, тікелей эфир арқылы құттықтайды.

Сонымен қатар, қаладағы мәдениет және демалыс саябағы безендіріліп, алтыбақан құрылады.

Барлық мәдениет мекемелері де онлайн-форматта көрме, танымдық сағат, музыкалық кеш пен мерекелік концерт ұйымдастырады.

– Тілдерді дамыту сіздерге қатысты болған соң, келесі сауалдың реті келіп тұр. Өйткені, Теміртауда тіл мәселесі – өзекті екені ешкімге құпия емес. Тілді дамытуда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Ия, баршаға мәлім, қалада өзге ұлттар басым. Тіл мәселесінің қала үшін саяси маңызы – жоғары. Теміртау – облыс бойынша халық саны, өндірістік орындары мен түрлі қызмет көрсету саласы жағынан күннен-күнге дамып келе жатқан қаланың бірі. Мұнда тіл саясаты да өз деңгейінде жүргізілуде. Осыдан 5 жыл бұрынғы статистикалық көрсеткішке көз салсақ, халықтың жалпы саны – 182 551 адам-тын. Оның 53 290 жергілікті ұлт өкілдері, яғни, 29%-ын құрайды. Биылғы статистика қала халқының саны 186 080 адамды көрсетті. Оның ішінде қазақтар – 64 308, жалпы халықтың 34,5%-ы деген сөз. Мысалы, 2000 жылы қаламызда 1-2 ғана қазақ мектебі болса, бүгінгі таңда таза қазақ тілді мектептің саны – 7-ге жеткен. Сондай-ақ, 8 – аралас, 14 – орыс тілді мектеп бар. Қалада барлығы 34 балабақша болса, оның 1-еуі қазақ, 23-і аралас, 10 – орыс тілді. Бұл мемлекеттік тілге сұраныстың аздығын көрсетсе де, дегенмен өсу динамикасында өзгеріс барын байқатады.

Бөлімнің негізгі бағыттарының бірі – «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында қала тұрғындарына тіл меңгеруге мүмкіндік жасау. Тілдің дамуы мен қолдануына байланысты іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

2020 жылы тіл саясатына байланысты – 28 шара өтсе, оның 10-ы латын графикасына байланысты екен. Аталмыш шараны өткізген уақытта 2500 адамды жұмылдырған екенбіз. Ал, І тоқсанның ішінде 9 шара өткізіппіз. Бүгінгі күрделі жағдайға байланысты оның бәрі онлайн-форматта.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында қандай шаралар өткізілмек?

– Жоспар көп, дер кезінде жүзеге асыра алсақ, болғаны. Карантин қайта күшейсе, жағдай қиындауы әбден мүмкін. Жыл бойы мәдениет мекемелерінде өтетін іс-шаралар жоспарланды. Мәселен, барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдары арасында «Қазақстан – өнер мекені» шығармашылық байқау-фестивалін өткізу ойымызда бар. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыру мақсатында алғаш рет Теміртау қаласы әкімінің «Тілге құрмет» сыйлығы тағайындалмақ. Аталмыш сыйлық – төрт аталым бойынша беріледі.

Тамыз-қыркүйек айларында, Панфилов көшесінде сквер ашамыз деп отырмыз. Бүгінгі күні жер учаскесін рәсімдеу процесі аяқталып, құжаттар әзірленуде. Тағы айта кететіні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қыркүйекте «Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жолы – жас қазақстандықтар үшін табыс үлгісі» тақырыбында «Жауыртаудағы кездесу» III облыстық форум-фестиваль өткізуді күн тәртібіне бекіттік.

Турист санын арттыру мақсатында «Теміртау – менің алтын бесігім» атты жобасы көп ұзамай таныстырылмақ. Жоба аясында келген саяхатшыларға Тұңғыш Президенттің оқыған, еңбек еткен және қаланың көрнекті орындарына аралатуға жағдай жасаймыз. Аталмыш жобаны тарихи-өлкетану мұражайымен бірлесіп өткіземіз. Және де QR-код арқылы ерекше маңызы бар орындар мен құрылыс жұмыстарын көрсететін маршрут әзірленуде.

Қазан айында «Рухани жаңғыру» ресурстық орталығымен бірлесіп, «Тәуелсіздік толғауы» республикалық айтысын өткіземіз. Бұл қала тарихындағы тұңғыш республикалық дода болмақ.

Қаладағы жетекші «Вдохновение» вокалдық-хореографиялық ұжымына 30 жыл толады.

Ансамбльдің мерейтойы Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келгендіктен, ансамбль есеп беру кешін өткізбек. Тәуелсіздік тойына арналған басты шараның бірі – «Асқақтай бер – Тәуелсіз Елім» атты салтанатты кеш. Қазіргі таңда карантин талаптарын сақтай отырып, жұмысты бастап кеттік.

– Әңгімеңізге рахмет! Ұлыс оң болсын!

Сұхбаттасқан Ербол ЕРБОЛАТ.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button