Қайырымдылық – қастерлі ұстаным
Қоғам көмегіне мұқтаж жандарға көмектесу мақсатында Елбасының бастамасы негізінде «Nur Otan» партиясы жариялаған «Біз біргеміз!» республикалық акциясы Приозерск қаласында ауқымды түрде жүзеге асырылуда.
Акция аясында қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, «ASAR» волонтерлік корпусының мүшелері және «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері бірлесе отырып, алғашқы күннің өзінде 140-тан астам тұрғынға көмек көрсеткен болатын. Бұдан кейін қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің мамандары тегін азық-түлік таратты.
Осы орайда қала әкімдігі мен «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы аса мұқтаж азаматтардың тізімін жасақтады. Қазір сол тізімге сәйкес, тұрғындарға антисептикалық құралдар, медициналық бетперде, бірінші кезекте қажетті заттар мен азық-түлік өнімдері беріліп жатыр. Оларды еріктілер қолма-қол жеткізіп беруде. Жақсылық жасауға ынтызар жастар өз істерін азаматтық парыз санайды.
– Біздің мақсат – азаматтардың санитарлық талаптарды сақтауына, үйден шықпауына, қазіргі қалыптасқан жағдайға жеңіл-желпі қарамауына септігімізді тигізу. Сол үшін қажетті заттарын дер кезінде жеткізіп береміз. Жақында «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының қолдауы аясында қалалық мәслихат депутаты Мұса Әбдімүтәліповтің демеушілігімен көмекке мұқтаж 16 отбасыға азық-түлік алып бардық. Жомарт пейілді азаматтар аз емес. Еріктілер тауарларды қораптарға бөліп салу, межелі жеріне жеткізу жұмыстарымен тынбай айналысуда. Тұрмыстық тауарлар сатып алуға шамалары жетпейтін отбасылары көп кездеседі. Олардың осы қажеттілігі үздіксіз қамтамасыз етілуде – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ұлан Алмас.
Нұрдос КӘРІМ