Жаңалықтар

Қайтарылған жер кімге, қалай беріледі?

Облыстық мәслихат депутаты Ғабдолла Дүйсенбаевтың төрағалығымен AMANAT партиясының Қарағанды облыстық филиалында «Жер аманаты» өңірлік комиссиясымен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысы өтті. Отырыс барысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жайылымдық жерлерді қайтару жұмыстары қаралды.

Отырыс жұмысына облыстық бейінді басқармалардың, облыстық прокуратураның өкілдері, «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері және партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қатысты.

Бірлескен отырыста жерді қайтару кезіндегі заңсыз әрекеттерге қатысты мәселелер қаралды. Одан бөлек, комиссия мүшелері жерді заңсыз бөлген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін және болашақта осындай фактілерге жол бермеу жолдарын қарастырды. Партиялық бақылау комиссиясының басты назары – бұған дейін жерді заңсыз бөлген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту болды. Осындай әрекеттер салдарынан бөлінген жерлер мақсатсыз пайдаланылған. Одан бөлек, отырысқа қатысушылар жер алғысы келгенімен, жеткілікті ресурсы мен мал басы жоқ халық санатын тарту тетіктерін қарастыру керектігін де алға тартты.

– Біздің партиялық бақылау комиссиясы жергілікті жерлерде осы процесті тиімді, кешенді және сапалы бақылауды ұйымдастыруы қажет. Сондай-ақ, отырыста біз облыстың әр ауылы бойынша жерді мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты жүргізіліп жатқан істер, атап айтқанда, қанша жер қайтарылды, қайтарылған жерлер қанша мерзімге пайдалануға беріледі, қандай проблемалар бар, егер болса, қай жерлерде деген мәселелер қарастырылды, – деп атап өтті партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ғабдолла Дүйсенбаев.

Айта кету керек, екі комиссияның міндеті – қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің халық арасында әділ бөлінуін бақылау.

Жалпы, ел бойынша барлығы 5 млн. гектардан астам жер қайтарылса, оның 3 млн. гектары «Жер аманаты» комиссиясының көмегімен қайтарылған. Комиссия жұмысы барысында халық тарапынан бірқатар шағымдар келіп түскен және бұрын жер учаскелерін мақсатсыз бөлген лауазымды тұлғалар тарапынан бірқатар заң бұзушылықтар анықталған.

Салтанат ІЛИЯШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button