Қайсарлық ордасының мерейтойы
Бәрімбек Бейсенов атындағы Ішкі істер министрлігі академиясының 50 жылдық мерейтойына жоғары оқу орнының бұрынғы түлектері мен құрметті қонақтар жиналды. Оқу ордасына келген мәртебелі меймандардың арасында 50-ден астам генерал бар.
– Академияға 50 жыл толып отыр. Бұл – Қазақстан ІІМ жүйесінің алғашқы мамандандырылған жоғары оқу орнының жылнамасы ғана емес, сонымен қатар қаламыздың тарихы. Қарағандылықтар осы аты аңызға айналған жоғары оқу орнының өз сүйікті қалаларында екенін сезінулері тиіс. Академия қабырғасынан 20 мыңнан астам офицер түлеп ұшты. Барлық түлектеріңіз қазір қайда қызмет етіп, қайда тұратынына қарамастан, өздерін қарағандылықтар деп санайтынын білемін, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мерейтой иелерін құттықтау сөзінде.
ІІМ министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Қарағанды академиясы элиталық кадрлардың ұстаханасы болып табылатынын атап өтті. «Бүгінде бұл бакалавриаттық және магистранттық базада құқық қорғау қызметі мамандарын дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны, – деді ол.
Құрметті қонақтардың қатысуымен 213 жас курсант Отанға адал болуға ант берді.
Облыс әкімі бірінші курс студенттерін ерекше қос мерекелерімен құттықтап, бүгінде полиция жұмысы бүкіл қоғамның жіті назарында екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы полицияны одан әрі ашық болуға және халық арасында сенім мен беделді арттыру үшін жұмыс істеуге шақырды. Ал біз биліктің атқарушы органдары ретінде сіздерден, полицейлерден, азаматтардың тыныш және қауіпсіз өмірін қамтамасыз етулеріңізді күтеміз, – деді Жеңіс Қасымбек.
Ант қабылдау рәсімінен соң, арнайы жасақ әр полицей білуге міндетті салалық спорттың қоян-қолтық ұрыс, парашютпен секіру, төтенше жағдайларда қауіпсіз әрі шапшаң қимылдау және тағы да түрлерінен көрсетілімдер ұсынды.
Академияда ҚР Ұлттық музейінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы дала: қорғаныста – ұрпақтан ұрпаққа» атты көрме ашылып, оған Елордадан Ұлттық мұражайдың ең құнды экспонаттарының бірі – «Алтын адам» жеткізілген. Брондалған көлік күзетімен арнайы әкелінген жәдігер Отанға деген батылдық пен абыройдың символы екені даусыз.
Сондай-ақ, осы шара аясында академия аумағында ашылған генералдар аллеясының тұсауы кесілді. Мұнда ІІМ 65 генералының қысқаша өмірбаяны бар портреттер орналастырылған. Олардың барлығы осы ЖОО түлектері. Бір айта кетерлігі, аллеяның екі қапталындағы портреттер арасына айналар орналастырылған. Мұның сырын «генералдың портретін көруге келген әр курсант айнадан өзін көріп, портреттегі тұлғадай даңқты маман болуға деген ынта-жігері артсын, рухы оянсын деген ізгі ниеттен туындаған идея» – деп түсіндірді академия басшысы Ақынғали Дәрменов.
Жәлел ШАЛҚАР.