Айсұлу БЕКЕНОВА: “Ревакцинацияға дайындалып жатырмыз”
Коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасы немесе әлемде айтылатындай бустерлік доза жоспар бойынша қарашаның үшінші онкүндігінен бастап салынуы тиіс. Осыған байланысты ел арасында оның қажеттілігі, кімдерге және қалай салынатындығы туралы сұрақ көп. Оған жауапты №3 емхананың дәрігері Айсұлу БЕКЕНОВА берді.
– Әуелі ревакцинацияның не үшін қажет екенін айтып өтіңізші?
– Ревакцинация иммунитет үшін қажет. Уақыт өте келе антиденелер азаяды. Ол ғылыми-зерттеулермен дәлелденген. Ал, коронавирус әлі де таралып жатыр. Ағзаның вирусқа қарсы тұру мүмкіндігін көтеріп қоюымыз керек. Ревакцинация алдында алған екі дозаны бекіту үшін керек десек, дұрыс болады.
– Ал, бұдан кейін тағы да екпе алу керек болады ма?
– Әзірге, айтылған жоқ. Қазір осы бір дозалы ревакцинация ғана мақұлданды.
– Ревакцинация қалай жүргізіледі?
– Бізге ресми айтқаны бойынша векторлық вакцина, яғни, Спутник V салдырғандар инактивтендірілген вакциналарының бірімен немесе Pfizer-мен егіле алады. Ол үшін вакциналаудың толық курсын алғанына 9 ай өтуі керек. Ал, инактивтендірілген вакцина алғандарға векторлық вакцина ұсынылады. Мұнда үшінші доза 6 айдан кейін салына береді. Яғни, адам осыған дейін Sinopharm, CoronaVac, HayatVax, QazVac алған болса, ревакцинация Спутник V-мен жасалады. Және ревакцинацияның барлығына бірдей міндетті емес екенін айтқым келеді.
– Оны кімдер алады?
– Тәуекел тобына жататын адамдар. Медициналық қызметкерлер, педагогтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жасы 60-тан асқан адамдар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен онда жатқан адамдар ревакцинаны алғашқы болып өтеді.
– Ревакцинаның алдында антиденелерге анализ тапсыру қажет пе?
– Антиденелерге анализ тапсыруға болады. Оның қалыпты мөлшері туралы учаскелік дәрігерден сұрап білген жөн.
– Ал, тәуекел тобына жатпайтын адамдар үшінші дозаны ала алады ма?
– Әрине, қалауы бойынша. Кейбір адамдарда антидене төмендеп кетуі мүмкін. Немесе тіпті, пайда болмауы мүмкін. Ол адамдар ревакцинация ала алады.
– Ревакцинацияға дайындық жасап жатсыздар ма?
– Бір апта бұрын Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған арнайы оқудан өттік. Онда Pfizer вакцинасын салу, сақтау тур лы мағлұмат берілді. Мұндай оқыту жұмыстары вакциналау алғаш басталған кезде де болған. Мәселен, Pfizer -60-70 градуста сақталады және оның бір ампуласы 6 адамға есептеледі. Ол 30-40 минуттай ерітіледі. Бүгінде біздің емханада ол вакцина үшін арнайы тоңазытқыштар алынды. Алайда, вакцинаның өзі қашан және қанша көлемде келетіні белгісіз.
– Қазіргі таңда емханада вакцинаның қандай түрлері бар?
– Емханада QazVac, Спутник V, VeroCell вакциналарының қос компоненті бар. Екі компонент үшін 2 кабинет істеп тұр. Ревакцинация басталған кезде ол үшін арнайы үшінші кабинет ашылатын болады.
– Pfizer тек ревакцинация үшін бе?
– Жоқ. Оны аяғы ауыр, бала емізетін әйелдерге және 12 жастан асқан балаларға салады. Аяғы ауыр дегенде де барлығы емес екенін ескеру керек. Жүктілігі 16- 34 апта аралығындағы әйелдерге салу көрсетілген. Бірақ, балаларға ата-анасының рұқсатымен ғана жасалады. Кез келген екпе алдында ақпараттық келісім жасалады. Тек содан кейін ғана вакцина салуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.