Бас тақырып

Қайраткердің Қарақалпақтағы іздері

Кәкімбек САЛЫҚОВ Қарақалпақстанда бірінші басшы кезі екен. Оны автономияның Беруний ауданына жұмыс сапарымен келеді дегенді естіп, аудан басшылары қызу дайындалады. Жоғары лауазымдағылар «Волгамен» жүргендіктен, аудан атқамінерлері кіреберісте жолдың бәрін айнадай қылып, күтіп тұрады. Сол арада бір «ЗИЛ» көлігі өтіп кетіпті. Ел орталығы Нөкістен келетін басшы кешігіп, ел тарауға ыңғайланғанда манағы өтіп кеткен «ЗИЛ» қайтып келіп, тоқтапты. Ешкім ойламаған жерден ішінен Кәкімбек ағамыз түсіп, елмен амандасады. Сөйтсе, жұрттың өзін қалай күтетінін білген ол, өзінің қарапайымдылығына басып, «ЗИЛ»-мен елеусіз өтіп кетіп, ауданның біраз жерін аралап, жағдайды көзімен көріп келген екен.

Жалпы, Қарақалпақстан қазақтары арасында Кәкімбек Салықовтың қарапайымдылығы мен адамгершілігі хақында аңызға бергісіз әңгіме көп. Өйткені, ол жақтың жұртшылығы ол кісіні жақсы көріп, құрметтеген. Өлеңдерін жатқа соғып, оның сөзіне жазылған әндерді сүйіп орындаған. «Жезкиік» әнінсіз той өтпейтін болған. Қазір де бұл жиі орындалады. Бала кезімде той-жиында «Жезкиікті» қалай сүйіп орындайтынын талай көргенмін. Бұл әнді сүйетіндігінің де өз сыры бар. Қарақалпақстанда жыршылық, термешілік жақсы дамыған. Домбырамен орындалатын әндер ел ішіне бірден тарап кетеді. Бұдан бөлек, ол жақтағы қандастар Кәкімбек аға сонда Бірінші басшы болып тағайындалғанда, оны жезкиік сияқты жылы қабылдаған. «Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?» деген жолын ақынның өз тағдырымен байланыстырып, қатты жақсы көріп кеткен. Бұрын Қазақстан құрамында болған қарақалпақ ағайындар Өзбекстан құрамына өтіп кеткен соң, іштей кіжініп жүруі заңды. Ал, ондағы қазақтар атамекенін аңсайды. Осындай қиын кезеңде ақын адамның басшы болып келуін, оның үстіне, ұлтының қазақ екендігі ол жақтағы қазақтарды қатты шабыттандырған. Мұны мен үлкендердің аузынан талай естігенмін.

«Мен Қарақалпақстанға Мәскеуден тағайындалып келгенде алдымнан құшақ жая қарсы алды. Қарапайым халықтың жағдайын білгім келіп, елді аралатуды өтіндім. Кез келген ауылдағы бір үйге кіріп келсек, көпбалалы үй екен. Сөйлесіп бақсам, шет ел қаламгерлерін аса білмейді. Бірақ, әншілік, жыршылыққа әуес. Бір баласы «Жезкиік» әнін әуелете жөнелді. Жүрегім шымырлап кетті. Өлеңін мен жазғанымды білмейді. Ән елге кең тарап кеткен, сүйіп орындайтынын байқадым. Содан жүрегім жылып, халықпен етене араласып, қызметіме кірістім. Бірде ас ішетін жерге тоқтасақ, бір жағында той болып жатыр екен. Онда да «Жезкиік» әні шырқалып жатыр. Ән басталса, халық орындарынан тұрып, жаппай шырқайды екен. Кейін «Өзім жүрген жерлерде көп орындай бермеңдер, ұят болады» дедім жігіттерге», – депті қайраткер бір сұхбатында.

Оның үстіне, 1984-1985 жылдары Қарақалпақстанда жағдай қиындап, қарапайым азық-түліктің өзі тапшы болған. Осы кезде бірінші хатшы тағайындалған ақынға біраз еңбек етуге тура келген. Себебі, елді осы тығырықтан алып шығу үшін білікті басшы ретінде Мәскеуден келіп тұр. Кабинетте аз отырып, көбіне ел аралап жүреді екен. Арал теңізі тартылып, автономия тұрғындары күнкөріс көзінен айрылып, экономика тұралаған уақыт. Кәкімбек ағамыз тек елдің әл-ауқатын көтерумен шектелмей, Арал және сондағы өзекті тақырыптарды жырға қосып, елдің рухани мәдениетіне де сүбелі үлес қосқан. Жас кезімізде оны Жезқазғанда туған деп ойлайтынбыз. Кенді өлкеде маман ретінде өсіп-жетілгенін кейін білдік. Германияға біліктілік арттыруға жіберіп тұрған жерінен бас тартып, осы кенді өлкеге келіп, жұмыс істеуді ұйғарған екен. Қаныш Сәтбаевты өзіне үлгі тұтып, оны үнемі насихаттаған. Жырға да қосыпты. Қарақалпақ елінің Беруний ауданынан Қарағанды Мемлекеттік университетінде білім алған жастар баршылық. Бала кезімізде солардың барлығын «Кәкімбек ағаның еліне барып, оқып келді» дейтін. Бізге сол кезде басшы болған ақынның Қарақалпақтан келген жастарға қолдау білдіріп, бәрін оқытып елге қайтарған сияқты көрінетін. Өйткені, көз ашқаннан ол кісі туралы естіп өстік. Әкеміздей, қамқоршымыздай көретінбіз. Сөйтсек, Қарақалпақта басшы болған кезінде сондағы қазақтың жас әрі белсенді жігіттерін де жауапты қызметтерге тартып, қол ұшын берген екен. Өте көп еңбектенетін, талапшыл, жұмысқа ерте келіп, кеш қайтатын жаны сірі адам болыпты. Тіпті, елдің қамын ойлағаны соншалық, дүкенге нан, сүт алуға ел қатарлы барып, кезекке тұратын көрінеді. Адамгершілігі мен қайраткерлігі, ақындығы мен азаматтығы астасқан біртуар тұлға екенін осыдан-ақ көруге болады ғой. Мақаланы жазу барысында Беруний ауданынан көшіп келген ағалармен тілдестім. Өйткені, өзім осы ауданның Қызыл-қала колхозы, Алғабас совхозында туып-өскенмін. Қызыл-қаланың ауылдық советін 10 жылдай басқарған Азамат Дариябаев ағамен тілдескенде мынадай әңгіме айтты.

– Қызыл-қалада жауапты маман едім. Өзім Самарқандта ауыл шаруашылығы институтын бітіргем. Бір күні түстен кейін жұмыстан шығып, дүкенге соқтым. Дүкенші Нұраддин қожамен әңгімелесіп тұрғанда бір жеңіл көлік келіп тоқтады. Қызыл-қала ауылы Нөкіске кететін тас жолдың бойында орналасқан. Әлгі жеңіл көлік Елуқала ауданынан шығып, Нөкіске бет алып барады екен. Жұпыны киінген екі адам түсіп, дүкенге кірді. Жай ғана амандастық. Қасындағы кісі: «Мынау бірінші хатшы Кәкімбек Салықов» дегенде, қайтадан жақсылап амандастық. Өте қарапайым, шешен сөйлейді. Білімді, білікті екені өзін ұстауы мен сөз саптауынан көзге ұрып тұр. «Ауылда бәрі жақсы ма? Азық-түлік жеткілікті ме?» деп сұрады. Бәрі орынша екенін айттық. Дүкеннің ішін шолып шығып: «Дүкеніңізде неге балаларға арналған ойыншықтар және басқа бұйымдар жоқ?» деп сұрады. Бұл орталық дүкеннің жақында ашылғанын айттық. Түсіністік танытып, бізге сәттілік тіледі. Бізбен қоштасып, көлігіне отырды да Нөкісті бетке алып, жүріп кетті. Күзет те жоқ, МАИ қызметкері де жоқ, шашбауын көтеріп жүрген. Қатты таң қалдық, риза болдық. Кейін бұл туралы сұрағандарға аңыз қылып айтып жүрдік. Жанымыздан сөз қосып, әсірелеп айтқан кезіміз де болды. Өйткені, ол – еліміз үшін көп жақсылық жасап, тығырықтан алып шыққан бірегей қайраткер. Оны жақсы көреміз, – деп ағынан жарылды Азамат аға.

Міне, осылайша, Кәкімбек Салықов – басшылық еткен қысқа уақыт ішінде ел үшін аянбай еңбек етіп, өзіне жүктелген сенімді ақтай білген тұлға. Халықпен біте қайнасып, оның махаббатына бөленіп, одан шабыт алып, шығармашылығын да шыңдай түскен.

«Қарақалпақ» поэмасы да осындай адал еңбектің жемісі болса керек. Өйткені, жүрген жерінде қаламын қолынан тастамаған ақынға ҚазМУ-ға түспекші болғанда, жанашыр ағасы «Қаныштың оқуын оқы, ақындық қашпайды. Ол сенімен бірге», – деп, Мәскеуге түсті металлургия институтына баруына түрткі болған екен.

Арқада кенші болғанда да кеншілерді жайын жырға қосса, Мәскеуде жүргенде Пушкин бастаған орыс классиктерін аударған. Өлеңмен жазылған «Онегинді» аударуы ғажап қой. Осы сияқты Қарақалпақ жері де оның шабытына шабыт қосқан, Арал тағдыры оны есейте түскен күрделі тақырып болғаны анық.

Ақын-қайраткердің Қарақалпақтағы жарқын іздері туралы көп айтуға болады. Бір білеріміз Кәкімбек Салықов қандай биік лауазымда қызмет етсе де, адами қалпынан айнымай өткен кесек тұлға. Ақындық пен мемлекеттік қызметті құстың қос қанатындай қатар ұстап, елі үшін емірене қызмет ету – қиынның қиыны. Сондықтан, оның өмірінің қай кезін алып қарасақ та, үлгі-өнегеге тұнып тұр..

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button