Бас тақырып

Айналайын

Біреуден біреу алғыс сұрап ала алмайды, әрине. Адам баласының бір-біріне деген разылығы мен мырза көңілі еркінен тыс шығады. Кез келген шыбын жанның иесі әуелі жақсылық пен шарапатты, мейірім мен махаббатты жақынынан күтеді. Жаттан көріп жатса, тіптен айналып кетеді. «Айналайын» дейді мейірленіп. Әлем таныған Олжас СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ айтуынша, басқа тілдерде бұл сөздің баламасы жоқ. «Тұсыңнан айналайын, басыңның бар пәлесі маған аусын» деп кім тілеген жалғанда. Алғысының өзі неге тұрады Алаштың?! Онымен қоймай, «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дейтін қазақ емес пе?! «Жер бетінде Алаш баласындай алғыс алған ұлт некен-саяқ-ау!», деген ойға қаласың кейде тарихқа қарап отырып. Сөзінің ләміне, ісінің жөніне қарағанда бұл ойымыз барған сайын айқындала түседі.

Атқан тасы ас болған…

1930 жылдардан бастап қазақ даласына жер аударылған жұрт өкілдерінің қай-қайсы болсын кең қолтық халқымыздың саясынан пана тапты. Келімсек екен деп кемсітпеді, атасы басқа деп әрі итермеді. Аштық жайлаған, жаппай қырып-жою етек алған репрессиядан қалған елдің бас көтерерлерін соғыс жалмап жатқан қанқұйлы кезең. Елдің жағдайы онсыз да мәз емес-ті. Жер ауып келгендерді «жетпегені сендер едіңдер» деп қуып тастаған қазақ жоқ сонда да. Тарих солай дейді. Осында жетіп аман қалған жат жұрттықтар қуаттайды. Мыңдаған мысал келтіруге болады ол турасында. Тасқа қашалып, таңбаға түскен солардың арасынан жыр тіліне көшіп, жаһан тілдеріне аударылған Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасынан мына бір мысалды келтірсек те жеткілікті.

«Бірде қыстың таңында біз Жалаңашкөлден қамыс будаларын арқалап келе жаттық. Жолда жұтаң киінген жергілікті адамдар кезікті. Қастарында балалары бар. Үлкендер бізді көрген соң сәбилерге қарап бірдеңе айтқаны мұң екен, балалар бізге қарай тас лақтыра бастады. Айдауылдар «сендерді Мәскеуде ғана емес, адамзат баласы жек көретінін байқадыңдар ма?» деп қарқылдап кеп күлсін. Тұтқын әйелдер «бұлардың балаларға берген тәрбиесі осы ма?» деп налыды. Мен әлгі тастардың біріне сүрініп құлап, дәл алдымда жатқан тастан сүт пен ірімшіктің исін сезгендей болдым. Шетінен тістеп көрсем, дәмі тіл үйіреді екен. Сөйтіп, «тастарды» теріп алып, баракқа алып келдім. Барактағы қазақ әйелдері оның тас емес, кептірілген құрт екенін түсіндірді» депті Алжир тұтқыны Гертруда Платайс. Гертруданың жазып қалдырған бұл естелігін ақын әрі қарай жырмен өреді.

«Қасиетін қара тасқа қашатқан,

Тас атпаған, кім-кімге де ас атқан.

Мейіріміне мейірленер шөлдеген –

Барактағы баланда емес ол деген…

Адамзатқа көңілінің жоқ аласы –

Құрт лақтырған қайран қазақ баласы».

КарЛаг тұтқынына мұндай сый жасаған халқымыз еріксіз жер аударылған вагон-вагон босқындарға жасаған жақсылығын айтып тауысу мүмкін емес. Үйіне кірген жыланның басына ақ құйып шығарып салатын да қазақ емес пе?!

Бізге жолдаған бір белгі

Қазір Қарағандыдағы облыстық бейнелеу өнері мұражайында тұрған мына жәдігер мұнда Украинадан жеткен. Музей қызметкерлерінің айтуынша, оқиға былай болған. 1940 жылы Қазақстанға Украинадан жер аударылғандар арасында Любовь Михееваның әке-шешесі және туыстары болған. Олар Қарағанды топырағында жүріп жан сақтап қалса керек. Біраз жыл осында қоныс тепкен туыстарызаман жақсарып, мамыражай күн туа бастағанда, Отанына қайта оралады. Ал, Любовь ханымның өзі Қарағандыда туған, осында тұрады. Қайбір жылдары атажұртын аралап барғанда, кезінде Украинаға қайтқан бауырлары Любовь Михайловнаның алдынан шығады. Әлгі әйел «жанымды сақтап қалған Қазақстанға менен бір белгі болсын, мына кестелі орамалды (рушник) Қарағандыдағы мұражайдың біріне тапсырарсыздар» деп аманаттайды. Сол жәдігер қазір облыстық бейнелеу өнері мұражайында тұр. Украиндық нақышта тоқылып, солардың ұлттық өрнегімен әдіптелген бұл орамалды өздері қасиетті санайды екен. Жәдігер, өйткені олар Құдай бейнесі деп білетін Иконаның тұсына ілуге арналған. Любовь Михееваның туысының «Құдайдан кейін жанымды сақтаған Қазақстанға алғысым – осы» деген ілтипаты іспетті деп ұқтық. Өздері әулие тұтып табынатын қасиетті дүниесінің тұсына ілген кестелі орамалды белгі еткені үшін біз де алғыс ретінде осы жазбаны ұсындық, олай болса. Алашқа Алланың алғысы болсын!

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button