Аймақта егін толық жиналды
Аймақта 36,2 мың тонна көкөніс пен 23,4 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Қазіргі уақытта олардың сапасын тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, өңірдегі фермерлерге тыңайту жұмыстарын жүргізу үшін 52,5 мың тонна тыңайтқыш жөнелтіліп, арнайы шарт жасалуда. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Түлүбеков облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте айтып берді.
– Орташа өнімділігі 15 ц/га болатын 909,3 мың га астық алқабынан 1 350 мың тонна астық бастырылды. Өнімділіктің ең жоғары көрсеткіштеріне Абай, Бұқар жырау, Нұра және Осакаров аудандарының ауыл шаруашылығы өндірушілері қол жеткізді. 11,3 мың га алқаптан 298,7 мың тонна картоп жиналды. Өнімділіктің жоғары нәтижелеріне Нұра, Шет және Осакаров аудандарының фермерлері қол жеткізді, – деді Әнуар Түлүбеков.
Сонымен қатар биыл минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға бөлінген барлық қаражат толығымен игерілген. Жалпы, аймақта астық пен картопты сақтауға арналған қоймалар жеткілікті. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексі 116,7%-ды құрады.
– Диқандарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Алда маңызды міндеттер тұр. Күзгі жер жырту, келесі жылға тұқым сапасын тексеру және көктемгі науқанға техниканы дайындау. Бұл жұмыстарды жалғастыру керек – деді сөз соңында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz