Баспасөз мәслихаты

Аймақта ахуал – тұрақты

Жаңаөзеннен басталған бейбіт митинг соңы Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Елде төтенше жағдай жарияланды. Интернет пен бірнеше ұялы оператор уақытша жұмысын тоқтатты. Ақпараттандыру жұмысының сапасы төмендеді. Осыған байланысты аймақтағы ахуал туралы облыстық басқарма басшылары шұғыл түрде өңірлік коммуникациялар алаңында баспасөз мәслихатын өткізді.

Облыста енгізілген төтенше жағдайға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдары штаттық режимде жұмыс істейтінін хабарлады. Жедел жәрдем қызметі 103 нөмірінде қоңырауларды қабылдайды. Стационарлық бөлімдер тәулік бойы науқастарды жоспарлы және шұғыл қабылдау жүргізіп жатыр. Емханалар штаттық режимде қабылдау жұмыстарын жүзеге асыруда. Мереке және демалыс күндеріндегі жұмыс тәртібіне сәйкес сағат 8:00-ден 15:00- ге дейін қабылдайды.

Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, жалпы білім беретін мектептерде демалыс 17 қаңтарға дейін ұзартылды. Жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттеріне 10 қаңтардан 24 қаңтарға дейін демалыс берілді. Сондай-ақ, балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдары штаттық режимде жұмыс істейді.

Бүгінде электр, жылу энергиясын тарату кәсіпорындары кестеге сәйкес жұмысын жалғастыруда.

Облыс аумағындағы 9 станция қалыпты жұмыс істеп тұр. Керек отын қорымен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 69 қазандық, 700-ден астам шағын автономдық жылу жүйелері бар. Қазіргі жағдайға қарамастан барлығы жұмыс істеуде. Тағы бір айта кететін жайт, энергетика саласының, су, кәріз жүйесімен қамтамасыз ететін мамандар жұмыс кестесіне сәйкес қызмет етуде. Облыстағы көпқабатты үйлер, әлеуметтік нысандар жылумен, сумен, кәріз және электр жүйесімен толық қамтамасыз етілген. Ешқандай апаттық жағдайлар тіркелмеді, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Бүгінгі таңда әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақылар Зейнетақылар және жәрдемақыларды төлеу орталығымен екінші деңгейлі банк пен «Қазпоштаға» толық аударған.

Орын алған жағдайға байланысты екінші деңгейлі банк пен «Қазпошта» қызметі шектелді. Ал, кейбір азаматтардың жеке шотына қаржы аударылмай қалған жағдай болса, іске қосылған уақытта бәрі автоматты түрде жіберіледі. Қала, аудандардағы әлеуметтік жұмыспен қамту орталықтары мен жұмыспен қамту бөлімдері штаттық режимде жұмыс істеуде, – деді облыстық жұмысты қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Қайратұлы.

Ал, Қазақстан Ұлттық банкі Қарағанды филиалы директорының орынбасары Бектұрған Бозтереев:

Елде төтенше жағдай енгізілгелі бері қаржы банктері күнделікті жұмысын атқарып жатты. ҚР Қаржы нарығын реттеу агенттігімен Ұлттық банк бірлесе отырып, антитеррорлық операцияның өтуіне байланысты банк қызметі уақытша тоқтатылды. Қызметті тоқтатудың басты себебі – қаржы инфрақұрылымның қауіпсіздігі. Сонымен қатар, интернеттің жоқтығынан ұялы телефондағы барлық операциялар тоқтатылған. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында алдағы 3 күндік демалыста да жұмыс істемейді. Алдағы жұмыс күнінен бастап бәрі іске қосылады, – деді.

Облыс бойынша жолаушылар көлігі тұрақты жүргізілуде. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есентаев: – Қалаішілік, қалааралық болсын жұмыстар тоқтатылмады. 9 бағытта қатынайтын пойыздар да жүріп жатыр. Бұл тұрғыда ешқандай қиындық жоқ. Ал, Қарағанды-Жезқазған арасында қатынайтын әуе ұшағының тоқтатылғанына бүгін екінші күн. Алдағы жұмада әуе рейсі жұмыс кестесіне сәйкес қайта іске қосылады деп күтілуде. Ал, жекеменшік әуе ұшақтары жұмысын тоқтатпады, – деді баспасөз мәслихатында.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button