Аймақ намысын 48 жоба қорғайды
Қарағандылық колледждердің 48 студенті WorldSkills Kazakhstan – 2024 байқауында аймақ намысын қорғайды. Биыл облыстық чемпионатқа 300-ге жуық колледж студенті қатысты. Достық үйінде өткен облыстық чемпионаттың жабылу салтанатында жеңімпаздарға диплом, тәлімгерлерге Алғыс хат табысталды.
Жарыс 45 мамандық бойынша өтті. 125 адам жүлдегер атанған сайыста, 48 студент бірінші орынға ие болды. Олар алдағы уақытта WorldSkills Kazakhstan – 2024 республикалық чемпионатының марапаты үшін сайысқа түседі.
– Көптеген қызықты жобалар бар. Маған сайттар мен мобильді қосымшалар жасау ұнайды. Болашақта қосымша білім алып, тәжірибені жетілдіріп, өз ісімді дамытқым келеді, – дейді Қарағанды техникалық-экономикалық колледжінің студенті Диас Шаймұхан.
Айта кеткен жөн, WorldSkills жастардың кәсіби дағдыларын дамытып, жұмысқа баулитын кәсіптердің деңгейін арттырады. Бүгінгі таңда кәсіби шеберлік байқауы халықаралық деңгейдегі жаңа заман маманын қалыптастыруға бағытталып отыр.
Өз тілшімізден.