Бас тақырыпОблыс әкімі

Аймақ басшысы тұрғындармен жүздесті

Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ аймақ тұрғындарын қабылдады. Өңір басшысы тұрғындармен ашық әңгіме құрып, денсаулық сақтау, жетімдерді тәрбиелеу, жас мамандарға арналған тұрғын үй сынды түрлі мәселелер төңірегінде сөз өрбітті. Сондай-ақ, коммуналдық мәселелер де айтылмай қалмады.

Мәселен, Абай ауданының тұрғыны Людмила Ногина Дубовка кентіндегі рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын орындар туралы мәселе қозғады. Сонымен қатар, жергілікті емхананың күндізгі стационарларындағы дәрігер тапшылығын да тілге тиек етті.

– Бізде клуб пен дене шынықтыру залы жөнделді. Ол үшін үлкен алғысымызды айтамыз. Алайда, күндізгі стационар мәселесі әлі де шешімін таппауда. Дәрігерлер жетіспеуіне байланысты біз Абай қаласына барып емделуге мәжбүрміз. Мамандар баспанамен қамтылса бұл мәселе де шешімін табады деп сенемін, – деді Людмила Ногина.

Өз кезегінде, облыс басшысы аталған мәселінің шешімін табу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді. Денсаулық сақтау басқармасына апаттық үй берілген. Жақын арада онда жөндеу жұмыстары басталады. Жас мамандарға пәтер кілттері беріледі деп жоспарлануда. Сөйтіп, дәрігерлер тапшылығына қатысты мәселе шешілетін болады.

Аймақ басшысының қабылдауына Тәттімбет атындағы академиялық оркестрдің бас дирижері Дүйсен Үкібай да келді. Дирижер жеке бас мәселесінен бұрын шығармашылық ұжым жағдайын жеткізу үшін ат басын бұрыпты. Аталған оркестр гастрольдік сапарларға жиі шыға бастағанын атап, ұжымда 30 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан артистер барын тілге тиек етті. Ұжым жетекшісінің айтуынша, оркестр музыканттарының ешқандай атағы немесе марапаты жоғы – әділетсіздік.

– Ең бастысы, ұжымға жас артистер қажет. Көптеген қарағандылық дарынды азаматтар Астана мен Алматыда жұмыс істейді. Онда олар үшін барлық жағдай жасалған. Өңірдегі мәдениет қызметкерлері үшін де жағымды жағдай жасалса деймін. Жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мүмкін бе? – деп сұрады Дүйсен Үкібай.

Бұл ретте, Ерлан Жақанұлы өз орынбасары Асхат Аймағанбетовке тиісті тапсырма беріп, бұл сауалға қатысты барлық мәселелерді бақылауға алуды тапсырды.

Ал, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» ҚБ төрағасы Надежда Мубаракшина ТКШ қызметтері тарифтерін реттеу және сауданы бақылау бойынша мәселе көтерді.

– Бізге бірінші қажеттіліктегі азықтүлік бағасын және ТКШ қызметтерінің тарифтерін, әсіресе, жылумен қамтамасыз ету тарифтерін реттеу қажет. Тағы бір үлкен мәселе – сауда. Кей сауда орындарында – антисанитария. Сатушылардың бірыңғай формасы жоқ. Жұмыс тобын құру керек және дәрі-дәрмек бағасын қадағалап отырғанымыздай, осының бәрін бақылау керек, – деді Надежда Мубаракшина.

Қарағандылықтар қозғаған барлық мәселелер бойынша Ерлан Қошанов өз орынбасарлары мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді.

– Осы мәселелерді орындауға бір ай уақыт беремін. Әр сұрақ бойынша жергілікті жерге барып, оларды шешу керек. Бұл мәселелер көзге айқын көрініп отыр. Бір айдан кейін жиналыс өткіземін, не жасалғаны туралы баяндайтын боласыздар, – деді Ерлан Қошанов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button