Covid-19Коронавирус

Айдана ҚАЖКАРИМОВА: «Коронавирус құрсақтағы балаға әсер етпейді»

Кейінгі кездері аяғы ауыр әйелдер мен балалар арасында індет жұқтырғандардың саны артқаны айтылып жүр. Мамандар мұны вирустың жаңа штамдарымен байланыстырады. Жүкті және емізулі баласы бар әйелдерге коронавирустан келетін қауіп төңірегінде «Бірінші балалар емханасы» ЖШС-нің акушер-гинекологы Айдана ҚАЖКАРИМОВА айтып берді.

– Әңгімемізді коронавирустың аяғы ауыр әйелдердің денсаулығына әсерінен бастайық. Ауру қалай өтеді? Қандай асқынулар болуы мүмкін?

– Жүкті әйелдерде COVID-19 басқа барлық адамдардағыдай өтеді. Сондай белгілер байқалады. Егер қосымша қандай да бір аурулары болатын болса, жағдайы қиындауы мүмкін. Қазір індеттің белең алып тұрған шағы. Өз учаскемде ауырған немесе ауырған адамдармен байланыста болғандар саны соңғы 2 айда өсті. Жыл басынан маусымға дейін 8 әйел індет жұқтырған болса, маусымнан бүгінге күнге дейін 2 есе көбейді.

Болашақ аналарды емдеу қалай жүргізіледі? Оларға барлық дәрі-дәрмек жарай бермейтін шығар?

– Емдеу шаралары әр адамның жағдайына қарай жасалады. Ауру жеңіл, орташа, ауыр формада болуы мүмкін. Әдетте тамақ ауруы, дене қызуының көтерілуі байқалған жайдайда бірден жедел жәрдем шақыруға кеңес береміз. Себебі, ПТР тестілеу нәтижесінсіз, нақты айта алмаймыз. Температурасы басқа себептерден де көтерілуі мүмкін ғой. Тест оң нәтиже көрсетсе, КТ-ға түсіреді. Әдетте жүкті әйелдерге КТ жасалмайды. Бірақ, өкпенің қабынуын білу үшін арнайы қорғаныш заттарымен жасайды. Онсыз ем жүргізу мүмкін емес. Өкпесінің қабынуы 20%-дан асатын әйелдер стационарға жатуы тиіс. Антикоагулянттар салынады. Жағдайы ауыр болса ғана антибактериалдық ем жасалады. Бірден антибиотик салудың мәні жоқ.

– COVID-19-дан айығып шыққаннан кейін не істеуі керек?

– Қазір емдеу хаттамасына сәйкес, ПТР тестілеу тапсырмайды. 10 күннен кейін КТ-ға түседі. Жағдайы жақсы, өкпесі «таза» болса, тестілеу жасаудың қажеті жоқ делінген. Біреудің қанын құйғандықтан, қан арқылы берілетін инфекциялық ауруларға бірқатар қан талдамаларын жасатуы тиіс. Аптасына бір рет жасатқаны дұрыс.

– Коронавирустың құрсақтағы сәбиге әсері қандай? Қазір індет жұқтырған аналардың жүктілікті үзуі қажеттігі туралы да пікірлер айтылуда. Оған не дей аласыз?

– Коронавирустың құрсақтағы балаға тікелей әсері жоқ. Ол 100%. Ол болашақ ананың бойында бар ауруларды асқындыру арқылы жалпы әсер етуі мүмкін. Яғни, жалпы, жүктілік мерзімі қиын өтуі мүмкін. Бірақ, оның балаға қандай да бір әсері бар деген шындыққа жанаспайды. Бұл қате пікір. Біз ешкімге ондай кеңес бермейміз.

– Ал, вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін жүктілігі анықталса, екіншісін алуы қажет пе?

– Ондай жағдайда екіншісін алмайды. Мамандар 6 ай өткеннен кейін ғана вакцинаның екінші компонентін алуға рұқсат береді. Жалпы, қазір жүкті және бала емізетін әйелдерге вакцина алуға рұқсат етілді. Бұл вакциналарды зерттеудің нәтижесі. Яғни, зерттеу әлі де жүргізіліп жатыр. Дәрігер ретінде босанғаннан кейін 2 айдан соң вакцина ала беруге кеңес беремін.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button