Ресми

Айқын басымдық, қарышты қарқын

Қазақстан жылу энергетикасы саласындағы елеулі өзгерістер табалдырығына табан тіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы саладағы реформалардың іске асырылуын байыппен бақылайды. Ал, ел Үкіметі өз кезегінде саланы жаңғыртуға, энергия тиімділігін арттыруға және экологиялық таза технологияларға инвестиция тартуға бағытталған жаңа саясат пен реформаны әзірлей түсуде. Жаһандық сипат алған энергия ресурстарына сұраныстың күрт артуы әрі климаттың өзгеруімен күресу қажеттілігі жағдайында бұл шаралар кешені елдің экономикасы мен энергия қауіпсіздігінің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің алтын кілті десек, қателесе қоймаймыз.

Коллажды жасаған Е.Кеңесбекұлы

Заңнамаға аңдатпа

Президент «Жылу энергетикасы туралы» Заңға қол қойды. Құжат алғаш рет жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмыс істеуі мен дамуы үшін жылу энергиясын өндіру, беру, өткізу және тұтыну үдерісінде туындайтын қоғамдық қатынастарды дербес Заң түрінде реттейді. Сонымен қатар, жылу энергетикасы саласының сапалы және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жаңа тетіктерді енгізу мен қолданыстағысын күшейту жолымен реттеу жүйесі жаңғыртылды. Жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары, міндеттері, қағидаттары айқындалды. Одан бөлек, аталған сектордың дәйекті әрі тиімді дамуын қамтамасыз ету үшін оны ілгерілетуді жоспарлау, жай-күйін бағалау тетіктері енгізілді. Атап айтқанда, Энергетика министрлігі жылу энергетикасының өңірлер, сондай-ақ, өндіріс, тасымалдау, өткізу, тұтыну секторлары бойынша салалық мемлекеттік органдар әзірлеген негізгі және мақсатты көрсеткіштерді бекітеді. Жылумен жабдықтау жүйесі құрылымдалып, жабдықтайтын субъектілер мен тұ­ты­нушылардың құқықтары мен міндеттері реттелген.

Негізінде жылумен жабдықтау жүйесі қуаттылығына және тұтынушылардың қосымша жүктемесіне қарай орталықтандырылған, жергілікті және жеке жылумен жабдықтау болып бөлінеді. Сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін тарифтік реттеу, энергия үнемдеуді қолдау, жылу энергетикасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану тетіктері жаңартылды. Жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары, жөндеу жұмыс­тарын жүргізу әрмен қарай жылу энергиясы көзін пайдаланудан шығару шарттары нақты белгіленді. Сонымен қатар, жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету талаптары күшейтілді.

Мұнымен іс тиянақталғанымен, әсте тәмам болмасы анық. Мемлекет басшысының алдында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев еліміздің отын-­энергетика кешенінің биылғы бірінші жартыжылдықтағы дамуы жөнінде есеп берді. Спикердің айтуынша, осы уақыт аралығында 44,7 миллион тонна мұнай өндірілген. Мұнай өнімдерінің өндірісі 6,78 миллион тоннаны құраған. Сондай-ақ 30,1 миллиард текше метр газ өндіріліп, электр қуатын өндіру көлемі 60,4 миллиард кВт/сағатқа жеткен. Президентке ведомствоның тұтынушыларды электр қуатымен және жылумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған ірі инвес­тициялық жобаларды іске асыру жоспары жөнінде мәлімет берілді. Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздерін дамыту шаралары туралы баяндалды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы жылыту маусымына дайындық бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді және ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуді тапсырды.

Жылумен жабдықтауды жаңғырту

Энергетика министрлігі жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жұмысын жалғастыруда. Бекітілген кесте шеңберінде 9,3 мың км электр беру желілеріне, 195 қосалқы стансаларға, 1 537 тарату пункттеріне және трансформаторлық қосалқы стансаларға күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл 20,8 мың км электр беру желілері мен 422 қосалқы стансаға жөндеу жүргізу көзделген, сондай-ақ 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланып отыр.

Аймаққа ойысар болсақ, мұнда да даярлық тастүйін. Қарағандыдағы үшінші жылу электр орталығында отын жинақтау үдерісі қарқын алған. Қоймада 350 мың тоннадан астам көмір мен 1000 тоннаға жуық мазут бар. Жабдықты жан-жақты жөндеу амалдары да жалғасуда.

Бұған дейін «Қарағанды Энергоцентр» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігі бірінші жылыту электр орталығында қазандық агрегаты мен екі турбинаны жөндеу аяқталғанын хабарлаған болатын. Әзіргі оңдау шаралары өзге жабдықта да жалғасын табуда.

Үшінші жылу электр орталығы шаһардағы жылумен жабдықтаудың негізгі көзі екенін ескерсек, негізгі жабдықтың барлық 14 бірлігі жөндеумен қамтылады.

– Бүгінде үш қазандық пен үш турбинаны оңдап үлгердік. Қазір станцияда екі қазандық агрегаты күрделі де ағымдағы жөндеуден, ал, турбинаны кеңейтілген ағымдағы жөндеуден өткізудеміз. №5 қазандық агрегатын күрделі жөндеу кезінде құрылғы экрандарының панельдерін толық ауыстыру, радиациялық бу қыздырғышты, екі сатылы су экономайзерін, шикі көмір бункерлерін жаңарту орындалады. Ауыстырылатын қыздыру беттерінің жалпы массасы – 250 тонна. Сонымен қатар, газ тазарту қондырғылары – эмульгаторлар тазалаудың жоғары дәрежелі жаңасына ауыстырылады. Ең бір күрделі де көлемді істер 120 күнге есептеліп, жаздың соңына дейін жалғасады, – деп хабарлады «Қарағанды Энергоцентр» серіктестігінің өкілдері.

Сондай-ақ, жылу электр орталығын­дағы №4 турбинасын кеңейтілген­ ағым­дағы жөндеу жалғасын тауып, мұнда барлық цилиндрлерді ашып, орташа қы­сымды роторды ауыстыра отырып, турбинаның ағынды бөлігін жөндеу, ге­нераторды күрделі жөндеу, турбинаның мойынтіректерін, жоғары қысымды жылытқышты жөндеу жүргізілді. Ең ауыр температуралық жағдайларда жұмыс істейтін қазандық агрегаттарының қыздыру беттерін жөндеуге байланысты жұмыстар жүргізілді.

Жүздеген адамдар қыс мезгілінде негізгі және қосалқы жабдықтардың сенімді және дұрыс жұмыс істеуі үшін аянбай жұмыс істеуде. «Қарағанды Энергоцентр» басшысы Флюр Гарипов бүгінде қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы егжей-тегжейлі баяндады.

2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындыққа барлығы 21 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Осы сомадан ақшаның көп бөлігі үшінші жылу электр орталығы жабдықтарын жөндеуге жұмсалады. Бұл – 19 миллиард 897 миллион теңге. Ал, бірінші жылу электр орталығын оңдауға 1 миллиард 601 миллион теңге шамасындағы қаражат қарастырылған.

– Сома әр түрлі, себебі бірінші жылу электр орталығы тек жылыту кезеңін­де, яғни, қазаннан сәуірге дейін қолданылады, – деп түсіндірді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС Бас директоры.

Бұл бағыттағы жұмыс легі кестеге сәйкес орындалып, барлық жабдықтар жөн­деумен қамтылған.

Биыл ЖЭО-3-те бірнеше жыл бойы жүргізілмеген ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мысалы, күрделі жөндеу аясында № 5 қазандықтағы жабдықты ауыс­тыру жұмыстары қарқынды. Бұрнағы жылыту маусымында №5 қазандық алты тәулік бойы апаттық жағдайда еді. Оның орнына резервтік қазандық қолданылды. Тұтынушылар ешқандай өзгерісті сезінбегенімен, Флюр Гарипов бұл жағдай станция үшін қолайсыз дейді. Қазандықты жөндеу үшін оны кем дегенде 12 сағат салқындату керек. Осы себепті, осы жөндеу науқаны кезінде № 5 қазандыққа көп көңіл бөлінеді. 1 және 2 сатылы су үнемдегішті ауыстыру және экологиялық нормалар талаптарына сәйкес үшінші буындағы батарея эмульгаторларын орнату жүргізіледі.

– Монтаждау жұмысы қызу. Күрделі жөндеуге қажетті барлық жабдықтар станцияда, сатып алу үдерісі 2024 жылдың қаңтарына дейін жүргізілген. Бір ай бұрын біз іске кірістік. Бір бөлігін өз қыз­меткерлеріміз оңдаса, күрделі жөндеу жұмыстарының көп бөлігін мердігерлер орындайды. Қазандықты жөндеумен барлығы 100-ге жуық адам айналысады, – дейді Флюр Гарипов.

Қамданыс қапы қалдырмайды

Жөндеу бағдарламасы аясында көмекші жабдық аумағында ауқымды жұмыс орындалады. Яғни, трансформаторлар, теміржол, конвейерлер, өрт сөндіру құбыр­лары, бейнебақылау жүйесі, ғимараттар мен құрылыстарды оңдап, сорғы паркін ауыстыру, генераторды жөндеу.

– Ең алдымен жүргізіліп жатқан жұмыс жылу маусымының апатсыз өтуіне тастүйін даярлық. Жабдық сынуға бейім, мұндай жөндеу тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді. Бу өнімділігінің жоғарылауы немесе жылу генерациясы болмайды, жөндеу кезінде жобалық қуат өзгермейді. Алайда, қазір Қарағанды ЖЭО-3 қуатын кеңейту мәселесі қарастырылуда. Мердігер таңдалады. Бұл 2016 жылы осы станцияда ЖЭО-3 кеңейту жобасын жүзеге асырған қытайлық компания болуы да мүмкін. Содан кейін орнатылған қосымша жабдық «қамшы салдырмады», – дейді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС Бас директоры.

ЖЭО-3 кеңейту жобасын 2028 жылдың қаңтарында аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, қойманы отынмен толтыру бағдарламасының барысы бәсеңдемейді. ЖЭО-да көмірдің ең аз қоры 20 тәулікке жетуі тиіс. Шамамен 200 мың тонна көмір болуы керек. Қазір қоймада 250 мың тонна көмір бар. Осы айда көмір жеткізу бағдарламасында 81 маршрут бар. Отын-көлік цехын жөндеу, темір жолдарды ауыс­тыру жоспарланған. Жұмыс мерзімі 21-24 күнді құрайды, жеткізу шектеледі. Осыдан кейін біз жеткізу көлемін ұлғайтып, қойманы 330 мың тонна көмірге дейін толтыру көзделді. Әл-әзір ЖЭО-ны жылыту маусымына дайындау бойынша барлық жұмыстар мерзімінде жүріп жатыр, кестеден кешігу аңғарылмайды.

Әлі артқан энергетика

Қазақстанның энергетикалық секторы энергетикалық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын айқындай түсуде. Атамекеніміз мұнай, газ және көмір сияқты табиғи ресурстардың қомақты қорларына ие бола отырып, есепсіз байлықты пайдалануды оңтайландыруға, заманауи технологияларды енгізуге және энергетика жолының жарқын бола түсуіне ұмтылады. Соңғы жылдары елімізде энергетикалық инфрақұрылымның жұмыс істеуін жақсартуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған ауқымды реформалар мен жаңғыртулар жүргізілуде. Бұл тұрғыда энергетика секторындағы қазіргі тенденциялар мен өзгерістерді ескеру өте маңыз­ды, өйткені, бұл экономиканың дамуына және халықтың өміріне айтарлықтай әсер етеді.

Жартыжылдық қорытындысына зер салсақ, жыл басынан бастап, Қазақстан мұнай мен газ өндірудің айтарлықтай көлемін көрсетіп келеді. Барлығы 44,7 млн. тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілді, оның негізгі бөлігі «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролеум Опер. Б.В.» және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» компанияларына тиесілі. Газ өндірісі де 30 млрд. текше метрге дейін өсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101%-ға жоғары. Бірінші жартыжылдықта мұнай саласы тұрақты серпінді көрсетті. Атап айтқанда, «Қарашығанақ Петролеум Опер. Б.В.» компаниясы Қарашығанақ кен орнын кеңейту бойынша белсенді жұмыс істеуде. Игеру жоспары шеңберінде сұйық көмірсутектерді өндірудің қазіргі деңгейін жылына 11 млн. тонна деңгейінде ұстап тұруға бағытталған Қарашығанақ-1А және Қарашығанақ-1Б кеңейту жобалары көзделген. Аталған жобалар 2028 жылы аяқталады деп күтілуде. Ал, «Теңізшевройл» компаниясы өндірісті жылына 12 млн. тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік беретін келешекте кеңейту жобасын, ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын іске асыруды жалғастыруда.

Газ өндіру көлемі 2013 жылғы 42,3 млрд. текше метрден 2023 жылы 59,1 млрд. текше метрге дейін ұлғайды. 2024 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша газ өндіру көлемінің өсуі де оң серпінді көрсетіп отыр. 2030 жылға қарай өндіріс көлемі 91 млрд. текше метрге дейін өседі деп күтілуде. Өткен жыл қорытындысы бойынша Қазақстанда газбен қамту деңгейі 60%-ды құрады, табиғи газға 12 млн. адам қол жеткізе алды. 2024 жылға 128 елдімекенді газдандыру жоспарланған, бұл газбен жабдықтау деңгейін 61,8%-ға дейін арттырады. Бүгінге дейін 107 жобаны іске асыруға 89,3 млрд. теңге бөлінді. Бұл 232,6 мыңнан астам халқы бар 44 елдімекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, жыл соңына дейін 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етуге және 1,7 мың шақырым газ құбырларын жаңғыртуға, яғни, жаңа құрылысқа қосымша 105,4 млрд. теңге бөлінетін болады.

Қазақстанда 60,169 млрд кВт/с тұтыну кезінде 60,449 млрд кВт/с электр энергиясы өндірілді. Бұл көрсеткіштер еліміздің электр желілік инфрақұрылымының тұрақтылығын көрсетеді. Алғашқы 6 айда жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндіру көлемі сағатына 3,8 млрд. кВт құрады, бұл – электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 6,47%-ы.

Электр энергетикасы инфрақұрылымын жаңғыртуға келсек, Инвестиция­лық бағдарламалар шеңберінде электр желілік шаруашылықты реконструкция­лау және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024-2029 жылдары 300 млрд. теңгеге дейінгі жобаларды қаржыландыру жоспарлануда. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде қайтарымды инвестициялардың жылдық лимитін 32 млрд. теңгеден 428 млрд. теңгеге дейін ұлғайту көзделген, бұл қолданыстағы энергетикалық объектілерді жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Осы жылы бірнеше негізгі бастама жүзеге асырылды. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық-келісімшарттарына цифрлық мониторинг жүргізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылды.

«Цифрлық генерация картасы» модулі тәжірибелік пайдалануға енгізіліп, жаңартылатын энергия көздері бойынша есептерді қабылдау басталды. «Энергетиканың цифрлық платформасы» шеңберінде энергия өндіруші кәсіпорындардың паспорты мен мемлекеттік органдар мен тұтынушыларға арналған кабинеттерді қоса алғанда, түрлі модульдер әзірленіп, енгізілді.

Осы жылға арналған жоспарлар жүйені дамытуды және үдеріс­терді одан әрі цифрландыруды қамтиды, бұл энергетика ресурстарын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және мұнай-газ саласы үшін тауарлардың электронды жіктеуіштерін құру жобаларын атап өткен жөн. Жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, жеткізу жоспарын автоматтандыру, мотор майларын таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жобаларды іске қосу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button