Қайғылы апат – жалпыға ортақ қасірет
Кеше таңғы сағат 07:05-те «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытында әуеге көтерілген «Бек Эйр» компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Ресми мәліметтер бойынша, ұшақ бортында 95 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Әуе апатынан қаза тапқан жолаушылардың отбасына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту жеделхаттарын жолдады.
Қажетті биіктікке көтеріле алмаған ұшақ бетон қабырғаны сындырып, Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала және Әл-Мерек елді мекендерінің ортасындағы қос қабатты құрылыс нысанына соғылған. Оқиға орнында дереу құтқару жұмыстары жүргізіліп, қоршауға алынды. Алматы облысы бойынша 16 жедел жәрдем бригадасы әуе апаты болған жерге топтастырылған. Сондай-ақ, Алматы қаласы бойынша 35 жедел жәрдем бригадасы тартылды. Алматы облысындағы барлық медициналық мекемелердің қызметкерлері құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Жолдардың тарлығы мен қардың қалың болуы жедел жәрдем көліктерінің қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіргені тағы бар.
Медициналық көмек көрсету үшін республикалық ғылыми орталықтардың мамандарын қоса алғанда, барлық қажетті ресурстар жұмылдырылған. Халыққа жедел қан тапсырудың қажеті жоқ екенін атап өткен жөн. Нұр-Сұлтан қаласынан санитарлық авиация бортымен Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық нейрохирургия орталығы мен травматология ғылыми-зерттеу институтының мамандары оқиға орнына келді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларымен де 40 психолог маман жұмыс жүргізуде.
– Оқиға орнында 14 адам қаза тапты. Бір адам ауруханада көз жұмды. Жедел медициналық бригадалар 66 адамды ауруханаға жеткізген. Соның 50-і ауруханаға жатқызылды. №4 қалалық клиникалық ауруханаға – 19 адам, қалалық жедел жәрдем ауруханасына – 13 адам, орталық қалалық ауруханаға 3 адам жатқызылды. Балаларға жедел көмек көрсету орталығына 9 бала жеткізілген. Алматы облыстық көпсалалы ауруханасына 6 адам жатқызылды. Олардың барлығы қажетті емдеу шараларымен қамтылып отыр, – деп мәлімдеді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тілеухан Әбілдаев Алматы әуежайында өткен баспасөз мәслихатында.
«Оқиға орнында жедел құтқару жұмыстары ұйымдастырылып, ресми дерек бойынша барлығы 776 адам мен 119 техника жұмыс істеді. Ешқандай жарылыс болған жоқ. Егер ұшақ жарылған болса, онда адамдарды аман алып қалу мүмкін болмас еді. Бұл жаңадан салынып жатқан үй болатын. Абырой болғанда оның ішінде ешкім болған жоқ», – деді ол.
Қайғылы апаттан «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Қайдаров көз жұмғаны анықталды. Бұл мәліметті қоғамдық бірлестіктің мүшесі Махмұт Телеғұсов растады. Сондай-ақ, қаза болғандардың арасында Informburo.kz ақпарат агенттігінің журналисі Дана Круглова да бар. 35 жастағы журналист Жаңа жылды Нұр-Сұлтандағы туыстарымен бірге қарсы алуға шыққан. Әлеуметтік желіде достары Дана Круглованың туыстарына көңіл айтып, естеліктерімен бөлісуде.
«Ол нағыз журналист еді. Дананың мақалалары халық арасында үлкен резонанс тудырып, редакцияда үлгі алатындардың бірі болды. 1 қаңтардан бастап Дана бас редактор қызметін атқарып, 1 желтоқсаннан зерттеу бөлімін басқара бастады. Адал, батыл және объективті журналист. Бұл бәріміз үшін орны толмас қайғы», – деді Informburo.kz сайтының бас редакторы Михаил Дорофеев.
Апатқа ұшыраған ұшақта Украина, Қырғызстан, Қытай және Қазақстан азаматтары болған. «Ұшақ бортында жалпы 5 экипаж мүшесі мен 95 жолаушы болған. Оның екеуі Украина (Юрий Сон мен Яна Сон), біреуі Қырғызстан (Маг Клыков), тағы біреуі Қытай (Нұрлан Маулин) азаматтары, ал қалғандары – қазақстандықтар.
– Бәрі түс сияқты тез болды. Ұшақ әуеге көтеріле бастағанда қайық сияқты біресе солға, біресе оңға қарай ауа бастады. Бірақ оған қарамастан, биіктей берді. Содан кейін құлап, ғимаратқа соғылып тынды. Мен әуе кемесінің оң жақ қанаты тұсында отырғанмын. Басқалармен қатар, қанаттың үстіндегі терезе арқылы шығып, қысылып қалған басқа жолаушыларға көмектестім. Қараңғы еді, айқай-шу, жылаған, көмек сұраған, ұшақтың жарылатынын хабарлаған дауыстар зәремізді алды, – дейді апаттан аман қалған жолаушылардың бірі Аслан есімді азамат «Atameken business channel» телеарнасына берген сұхбатында.
Қайғылы оқиға қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде қалың қауым қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтып, сабыр тілеуде.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, «Апатқа кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады», – деп мәлімдеді.
Ішкі істер министрлігі ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-тармағы бойынша (әуе көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) сотқа дейінгі тергеуді бастады. ІІМ орталық аппаратының, Алматы және Алматы облыстық көліктегі полиция департаменттерінің, сонымен қатар Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлерінен – тәжірибелі тергеушілер, криминалистерден жасақталған жедел тергеу тобы құрылды», – деп атап өтті министрліктен. Ведомство мәліметінше, оқиға орны күзетке алынған. Апат болған жердегі жұмыстарды үйлестіру үшін Ішкі істер министрінің орынбасарлары Рашид Жақыпов пен Юрий Ильин оқиға орнына жетті.
Әуе кемесінің ұшуға жарамдылық сертификаты 2019 жылдың мамыр айында берілген. Борттың шығарылған уақыты 1996 жылдың сәуір айы. Қазақстандық тізілімде 2016 жылдың 26 тамызынан тіркеліп тұр. Әуе компаниясындағы Fokker-100 әуе кемесінің саны – 10, олардың 9-ы ұшуға жарамды. Оқиғаның нақты себептері анықталғанға дейін Қазақстан авиация комитетінің әкімшілігі «Бек Эйр» әуе компаниясының ұшақтарының әуеге көтерілуіне тыйым салды.
Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек те қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
«Талғар маңындағы әуе апатында қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына терең және шынайы көңіл айтамын. Қаза болғандардың қатарында біздің жерлесіміз, Informburo. kz редакторы, журналист Дана Круглова бар. Иманды болсын. Аман қалған және зардап шеккендердің тез сауығуын тілеймін!», – деп жазды ол Фейсбук парақшасында.
Үкіметтен құрылған арнайы комиссия «Bek Air» компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған жерге келді. Комиссия оқиғаның егжей-тегжейі мен себептерін анықтамақ. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті шұғыл желі ашылғанын хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаға байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Жәлел ШАЛҚАР