Қарағанды

Ахмет оқулары – азаттық бейнесі

«Мен өлмеймін, менікі де өлмейді, Надан адам өлім жоғын білмейді» деген Мағжан ЖҰМАБАЙДЫҢ сөзін ұлт ұстазы Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНА да телуге болады. Иә, өлгендер қайтып келеді. Оған бірден бір дәлел – Алаш арысы Ахаңның ұлт бостандығы жолындағы күреске толы өмірі. Анығында, азаттық, теңдік жолында күресу – Алланың әділеті үшін басын бәйгіге тігу деген сөз. Өйткені, Жаратқан жан баласын алаламайды. Біреудің басқаға зәбір көрсетуге қақысы жоқ. Демек, әділетті ту еткеннің ғұмыры зая кетпейді.

Қаламыздағы №41 мектеп күзде Ахмет Байтұрсынұлының есімін иеленгенін ел білсе керек. Қарағандыдағы «Рухани жаңғырудың» бір көрінісі – бұл. Білім ошағы Ахаң мұрасын дәріптеуден бір танбағанын ертеден білетінбіз. Оқушыларды ұлтжандылыққа баулу мақсатында Ахаң мұрасына қатысты түрлі рухани шаралар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткергеніне талай куә болғанбыз. Жуырда Ахмет Байтұрсынұлы есімін иеленгенде, ел болып қуандық. Алаштың аяулы перзентінің атын алғандағы жауапкершілікті сезінген мектептің қазақ арысының рухына құрметі шексіз. Ахаң өмірінің әрбір сәтін қалт жібермеуді міндет санаған білім ошағы 8 желтоқсан – Алаш қайраткері жендеттер қолымен атылған күні тұңғыш рет Ахмет оқуларын өткізді. Қаламызда алғаш рет ұйымдастырылып тұрған ұлағатты шарада бастауыш сынып оқушыларынын бастап, орта, жоғарғы сынып оқушылары жарысып ұлт ұстазының өлеңдері мен аудармаларын жатқа оқыды. Мектеп Алаш қайраткері есімін алғалы көп болған жоқ, Ахмет оқуларын жариялағалы да қысқа мерзім. Сөйтсе де, Ахаңның 15-20 өлеңін жатқа оқыған оқушылар бар. Аудармашы, тілші ғалымдығымен бірге, ақындықты қатар алып жүрген Ахаңның «Қырық мысалынан» үзінділерді мәнерлеп жатқа оқыған оқушылардың жанары ұшқын атады. Қазақтың мен деген болашақ ұл-қыздары осындай ортадан шығады. Бұлар – ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының ұрпақтары. Кейін ізін жалғастырмасына кім кепіл?! Ұлт көсегесін көгертетін ұлттық рухтың уызымен өсіп келе жатқан ұрпақ – осылар. Қаламызда Әлихан, Мағжан мектептері бар. Енді, міне, елінің тәуелсіздігі үшін жанын шүберекке түйген Ахаң мектебі қатарға қосылды. Арыстар жолын үлгі тұтқан ұрпақ Қазақстанды өркениет биігіне шығармай қоймайды.

Шара шымылдығын ашқан мектеп директоры Жадыра Баймолдина «оқушылар Ахмет бабамыздың рухын сіңіріп өссе деген мақсат біздікі. Мұндағы барлық оқушы ұлт ұстазының ұлағатын сіңіруі тиіс деп санаймыз. Ахмет оқуларын бүгінге белгілеу себебіміз – алдымыздан әртүрлі деректер шыққанымен, Алматыдағы А.Байтұрсынұлы музей-үйінде 8 желтоқсан күні ол кісіні атқаны туралы үкім тұр. Мектеп ұжымы кеңесе келе, дәл осы күні Ахаң оқуларын өткізіп, рухына құран бағыштауды ұйғардық» дейді.

Мазмұнды шараның қадірменді қонақтары – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тіл жанашыры Бақытқали Мұсабеков пен «Орталық Қазақстан» газеті кадр бөлімінің меңгерушісі, тарихшы Ерғазы Қадашұлы мектеп ұжымы мен оқушыларына бір-бір ауыз жылы лебіздерін білдірді. Білім ошағының басшылығы алдағы уақытта Ахмет оқуларын облыстық деңгейге көтеру ниетінде екенін жасырмады. Сол күнге жеткізсін деп тілейік!

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button