Жаңалықтар

АЭА: «Сарыарқа» – инвестиция айлағы

Елміздің түпкір-түпкірінде сол өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етіп отырған арнайы экономикалық аймақтардың үлесі туралы бүгінде батыл айтуға болады. 2011 жылы аталған аймақтарды құру туралы арнайы заң қабылданғаннан бергі уақытта АЭА-тарға миллиондаған отандық, шетелдік инвестициялар құйылуда. Инвестиция түбі – жаңа өнеркәсіп, өндіріс екенін ескерсек, аймақтың мемлекет қамбасына құяр қазынасын бағамдау қиын емес.

«Сарыарқа» арнайы экономи­калық аймағы – Қарағанды қаласының аумағында және Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданының іргелес жерінде орналасқан. АЭА-ның аумағы 595,01 гектарды құрайды. АЭА аумағының құрамына алаңы 534,9 гектар «Металлургия-металл өңдеу» индустриялық паркі және алаңы 60,11 гектар № 1 «Кремний жазығы» қосалқы аймағы кіреді. АЭА пайдалануға қабылданған инфрақұрылым нысандары әркеттегі қатысушыларға инфрақұрылым қызметтерін (электр қуатын, ТЖ қызметтері) ұсына білді.

Аймақта орналасқан, қазіргі таңда жобалық қуатына шыққан өнеркәсіптерді тілге тиек етуге болады. Мәселен, «Бёмер Арматура» ЖШС – 2014 жылдың маусымында пайдалануға берілді. Аталған кәсіпорын дөңгелек шүмек және тығын арматура өндірісімен айналысады. Инвестиция көлемі – 3100 млн. теңге шамасында болса, ашылған жұмыс орыны – 37.

Бұдан соң жылу оқшаулаған құбырлар шығарумен айналысатын «Изоплюс Центральная Азия» ЖШС. 2014 жылдың маусымында жұмысын бастаған өнеркәсіпке құйылған инвестиция көлемі – 1900 млн. теңге. Соның нәтижесінде – 45 тұрғынды жұмыспен қамтыды.

«Tau-KenTemir» ЖШС – Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 2 қазандағы №95 Жарлығына сәйкес «Сарыарқа» АЭА аумағы «Tau-KenTemir» ЖШС Кремний зауыты аумағының субаймақтың қосылу есебінен кеңейтілген.

«HyunwooСentralAsia» ЖШС – 2015 жылдың 31 желтоқ­санында пайдалануға қабылданды, жылу оқшаулағыш құбырлар және ППУ оқ­шауланған пішінді бұйымдар өн­дірісі, салынған инвестиция­лар көлемі – 1414 млн. теңге. Жұмыс орны – 30.

Облыстың өнеркәсіп және ин­дустриялды-инновациялық бас­қар­масының деректері 2015-2016 жылы 5 жаңа компания тартылғанын айтады. Олар «Са­рыарқа» АЭА резиденті мәртебесін алған. Жаңа жобалар бойынша инвестиция сомасы шамамен 98,5 млрд. теңге көрінеді. Бұл жобалар 1400 жұмыс орнына кепілдік беріп отыр.

Атап айтқанда, «Steel­Manufacturing» ЖШС (патрон зауытының құрылысы) инвестиция көлемі – 22,5 млрд. теңге, 164 жұмыс орнын ұсынбақ. Екінші бір жоба – «Seven refractories Asia» ЖШС – (өртке төзімді материалдар өндірісі бойынша зауыт құрылысы) инвестиция көлемі (өз қаражаты) – 1706 млн. теңге, 50 жұмыс орнына кепіл бар.

Үшінші – «Завод ЭкоЛампа» ЖШС (ауладағы жарықдиодты шам – шырақтар өндірісі) инвестиция көлемі – 132 млн. теңге. 10 жаңа жұмыс орынын құру жоспарланған. Төртінші – «Қарағанды кешенді қорытпалар зауыты» ЖШС (ферросиликоаллюминий өндірісі), жобаның құны – 73 011 млн. теңге. 1145 жұмыс орынын құру жоспарда.

Бесінші – «Өтеміс LTD» ЖШС (полимербетон құрылымдар өндірісі), жобаның құны – 1 200 млн. теңге. 102 жұмыс орыны құрылады. Іске асыру кезеңі 2016-2017 жылдар.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button