“Адамзаттың басты Конституциясы” немесе бейбітшіліктің бағасы
«Бетеге кетсе бел қалар, Бектер кетсе ел қалар, Берекең кетсе нең қалар?» деген сөздің түбі жыраулар поэзиясын төркіндейтін сияқты. Ел ішінде ертеден келе жатқан бек сөзі Алтын Орда дәуіріне Түрік қағанатынан жеткенге ұқсайды. Жоғары мәртебелі лауазым иесі. Мықты сөзімен мәндес. Тарихтан біз білетін бектің бірі – атақты әмір Темірдің әкесі Тарағай бек, бір шаһардың билеушісі делінетін. Бектің (билеуші) кеткені де түк емес, ел аман тұрса! Бастысы, берекең кетпесін, ол кетсе түгің қалмайды дегенді аңғартып тұр жоғарыда. Ал, бірлігі кеткен елде ешқашан береке болмайды.
Осы береке сөзінің өзге тілдерден тікелей аудармасын ұшырата қоюыңыз неғайбыл. Орыс тілінде жоқ тікелей аудармасы. Қазақ тілінде құт-береке бірлік сөзімен қатар жүреді. «Береке, бірлік – қамалдың басы», «береке, бірлігіміз артсын» деп бата береді. «Дегенде перуайым, перуайым» дегендей, бірінші мәселе бірлік болып тұр ғой. Атақты әндегі «перуайым» сөзі «первыйым» деген сөздің қазақы нұсқасы екен ғой сонда. Демек, бірінші мәселе – бірлік! Отбасында, Отанда болсын! Ол болса, береке келеді. «Ырыс алды – ынтымақ» деп текке айтпайды ғой. Аты айтып тұрғандай тірлік те, татулық пен елдік те, тіпті, ерлік пен теңдік те осы бірліктен шығады екен. Бүгінгі 1мамыр мерекесінің мәнін осыдан-ақ бағамдай беріңіз онда.
«Тозған қазды топтанған қарға алады». Тіксіндіріп қоятын сөз. Сөйтсе де, шындық. Шындықтан қашып құтылу жоқ, демек. Осы тұрғыдан келгенде, біз бүгін ынтымақ пен бірліктің қадіріне жете алып жүрміз бе деген сұрақ туады. Оған ғұлама Таласбек Әсемқұлов жауап қалдырыпты бір жазбасында: «Біздің халқымыздың болашағы бар ма? Бар. Ең бастысы, біз тарихтың ең ауыр өткелектерінен жүгіміз ауса да аман өттік. Содан соң, біздің санымыз көп, болашақ биологиялық комбинацияларға, болашақ селекцияға жетерліктей көп. Алайда, аяқ астынан керемет болады дегенге сеніп керегі жоқ. Қоғамның алдында сан ғасырлық ауыр еңбек күтіп тұр. Адам, оның қайталанбас тіршілігі, кұқығы, игілігі, кісілігі мен намысы басты қазынаға, басты құндылыққа айналуға тиіс. «Адам, адам, ең бастысы – адам. Адам – ақшадан қымбат. Адамды ешбір базардан сатып ала алмайсың, себебі, олар сатылмайды да, сатып алынбайды да. Адам ғасырлар бойы тәрбиеленіп қана адам болып шығады, бірақ, ол ғасырларға уақыт керек», – деген еді Достоевский.
Содан кейінгі басты шарттың бірі – бейбітшілік болуы керек. Ұлы әлеуметтанушы Ле Пле бейбітшілікті адамзаттың басты Конституциясы деп есептеген. Өз заманының дегдар деген білімділерінің бірі «бейбітшілік, бейбітшілік» дегеннен танбаған. Әрине, біздің егемендігіміздің тарихынан талай әнтек басқан қадам, талай қатені табуға болады. Алайда, біздің Президентіміздің саясатының қашанда болсын айнымас, озық бір сипаты бар. Ол – оның бейбітшілікті қамтамасыз ету жолындағы түбегейлі, жүйелі күресі. Және бұл Қазақстан шегіндегі ғана емес, бүкіл аймақ шегіндегі бейбітшілік үшін күрес. Міне, біздің болашақ туралы үмітіміздің тиянағы – осы» – деп түйеді автор. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы айтпақшы, «Абайдан қалған уды сарқып ішкен» Таласбек Әсемқұлов қой бұл. Жүгінеміз. Жүгінеміз де, мына сөзін үнемі назарда ұстауды құба-құп көреміз. «Қоғамның алдында сан ғасырлық ауыр еңбек күтіп тұр» деген. Бейбітшілікті місе тұтып қарап қалуға болмайды екен. Бейбітшілік қандай елде болады? Тәуелсіз, азат елде ғана. Азаттығың болмаса, соның жолында қырық пышақ болып қырқысасың да жатасың. Бостандық пен бейбітшілікті баянды ететін жалғыз күш – ұлттың орасан зор тынымсыз еңбегі ғана деп тұр. Елбасы аузынан тастамайтын екі сөздің бірі – тәуелсіздік болса, екіншісі – бейбітшілік. Үшіншісі – бәсекеге қабілеттілік. Ал, бәсекеге қабілеттілік тек қана тынымсыз еңбектің арқасында ғана келеді. «Алма піс, аузыма түсті» көтермейді ол. Қазір бірер апта өткізіп алсаң, ақпарат ағынынан қалып қоясың. Олардың оң, терісін саралап, дұрыс шешім қабылдау үшін де сауатты сана керек. Әйтпесе, өріп жүрген жалған ақпараттың біріне ілесіп жарға жығыласың. Оның арты қайда апарып соғып жатқаны тағы белгілі. Аз қазақты бір-бірімен жауластырып қою. Тілге, дінге, руға, жүзге… айтпай-ақ қояйық әр жағын.
Қит етсе біздің рухымыз төмен деп шулаймыз. Рас. Екі жарым ғасыр Орта Азиядағы хандықтармен, оның ішінде Жоңғариямен соғыс, тағы сондай уақыт орыстың қол астында жаншылып қалған біздің ұлт жантүршігерлік ауыр соққыдан әбден есеңгіреп шыққан адам сияқты. Уақыт өте келе одан айығып кете қойды дегенімізбен, ұлттың болсын, адамның болсын өзіне келуі үшін біраз уақыт күтімсіз болмайды. Сол күтімнің екінші аты – бейбітшілік. Соның арқасында өз-өзіне келген әлгі адам еңбек майданында ысылып, қабілетіне қарай қоғамнан өз орнын табады. Ұлт тірі ағза екендігін ескерсек, оның жетіліп, дамуы үшін жағдай туғызушы бейбітшілікті сақтап тұратын – біздің бірлігіміз. Екі қазақ бір-бірімен ана тілінде пікірлесіп, бір тілде ойланбайынша, екі қазақтың арасында шынайы сүйіспеншілік туып, үшіншісін демеп жібермейінше, дәулеттісі жарлысына, оқығаны оқымағанына көмектеспейінше, сөйтіп бірліктердің (единица) тамшысы тама-тама үлкен дарияға айналмайынша, ұлт ұлы болып кетпейді. Бостандық та баянды болмақ емес. Ендеше, бізге бірлік пен елдік туын көтергеннен басқа түк те қалған жоқ!
Жәнібек ӘЛИМАН