Қарқаралы

«Адамшылық қарызы үшін еңбек қылған»

   Данышпан Абай «Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлының бірі боласың» дейді. Адам баласы өмірге келген соң алдына «халқыма қызмет қылсам, пайдамды тигізсем» деген ұлы мақсат қояды. Осы бір ұлы армандардың орындалуына отбасында көрген тәлімді тәрбиенің алар орны ерекше. Осындай ізгілікті бастауды жалғастырып келе жатқан ізгі шаңырақ – Мазиндер отбасы.

Әулеттің жалғасы Берікбол Мазин – ордалы отбасында дүниеге келіп, ата-ананың еселі еңбегін еш етпей, өзі де бүгінде өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып келе жатыр. Дегенмен, «Болар бала жасынан» демекші, көңілі сергек, көкірегі ояу, жарқын өмірге деген ұмтылысы зор адамның баласы ерінбей еңбек етсе, қашан да биік белестерді еңсереді. Ұлылықты жанына серік еткен ұстаз Берікбол Нұргелдіұлы 1966 жылы Нұркен ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұргелді ауыл шаруашылығының дамуына зор үлес қосқан шопан болды. Ал, анасы Қайша жарымен тізе қоса қажырлы еңбек ете жүріп, он екі баланы дүниеге әкелді. Тәрбиелеп өсірді, оқытты. Бүгінде бәрі отбасын құрып, әр салада жемісті еңбек етуде. Араларында үш мұғалім бар. Көзі қарақты әке балаларының оқып білім алып жетілгенін қалады. Шалғайда жатса да газет журналдарды үзбей жаздырып алып отырды. Балаларын білімге, өнерге баулыған әке мен ананың еңбегі балалары үшін ғана емес, сол кездегі қоғам үшін зор болды. Ақтылы қой өргізіп, мал басының көбеюіне сүбелі үлестерін қосты.

Берікбол Нұргелдіұлы 1989-1995 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түсіп тарих және әлеуметтік пән оқытушысы мамандығын алып шыққаннан кейін өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ұстаздық қызметке біржола бет бұрады. Алғашқы ұстаздық жолын қала басындағы №2 орыс орта мектебінен бастады. Кейіннен Қарқаралы қаласындағы №1 және №5 мектептерде тарих пәнінің оқытушысы, №5 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болады. Ал, 2009-2015 жылдар аралығында туған жері Нұркен ауылындағы №10 орта мектептің директоры әрі тарих пәнінің мұғалімі болады. Осы бір жылдар аралығында аудандағы білім сапасының жоғары деңгейде көтерілуіне үлес қосады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, әр жылдары түрлі білім ошақтарында еңбек ете жүріп, қыры мен сыры мол қиындығы мен жауапкершілігі зор мамандықта, озық ойлы шәкірт тәрбиелеуде еңбек етті. Бүгінде еңселі елу жасқа келсе де ұстаздық деген ұлы есімді әлі құрметпен алып жүр. Қала басындағы №44 орта мектеп жанындағы интернаттың меңгерушісі, тарих пәнінің мұғалімі.

Өз еңбегі, күш-жігерімен қатардан қалмай, қажырлы еңбек етіп жүрген ағамыздың жан жары Физат Құрмашқызы да өнегелі отбасынан шыққан ұлағатты ұстаз. Берікбол ағай мен Физат апайдың шаңырағы шырайлы берекеге толы, ордалы отбасы. Бір шаңырақта – қос ұстаз. Олардың мақсаты – бір. Арман аясы да кең. Шәкірт тәрбиелеу – күрделі процесс. Білім нәрімен сусындатқан шәкірттері биік белестерді бағындырып жатса, ұстазға одан артық бақыт жоқ. Өзінің уақытын аямай, шәкірттерінің бақытын аялап жүрген қос ұстаздың еңбегінің жемісі, шәкірттерінің ел егемендігін аялайтын, елі үшін еңбек ететін тұлға болуы. Қым-қуат өмірде тынымсыз еңбекпен жүрген Берікбол ұстаз осындай тың міндеттерді атқара отырып, тұғырлы мақсаттарға жетуді көздейді.

Сағыныш ӘБІЛОВА.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button