Абыздың жеңісі
Белгілі тележурналист Жеңіс Сармурзин – 60 жаста

Арманға толы студенттік кезім, қайта айналып келмейтін жастық шағым, яғни 1983 жылдан 1999 жылға дейінгі өмірім Қарағанды қаласында өтті. Мен үшін жер бетінде бұдан асқан көрікті шаһар жоқ.
Осынау өмір белестерінде Жеңіс Кенжеұлы Сармурзинмен сыйластығымыз достыққа ұласты.
Қарағанды мемлекеттік (бұл күндері Е.Бөкетов атын иеленген) университеті филология факультетінің бірінші курсын тәмамдаған мені әскер қатарына алып кетіп, екі жылдан соң екінші курсқа қайта келгенімде жиырма бес студенттің жетеуі жігіт екен. Мұндай жағдай филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында өте сирек кездесетін. Оның үстіне әскерден келіп оқуға түскен жігіттер басым екен. Солардың бірі – Жеңіс. Маған бір қарағанда ол шын мәнінде әскери тәртіппен жүретіндей көрінді. Мінезі тік. Қылтың-сылтыңнан алыс. Жатақханада апта сайын болатын дискотекадан да бойын аулақ ұстайды.
Бүгінгі қоғамда сандарды (туған жыл, ай, күн, сағаттарын) есептеп батыл болжам жасайтын «нумеролог» аталатын көріпкелдік пайда болыпты. Өз басым мұндай сандыраққа сенбеймін. Бірақ Жеңіске қатысты туған күні мен есімі адамның болашағы мен мінезін айқындайды дегенге сенгім келеді. Ұлы Жеңістің жиырма жылдығында дүние есігін ашқан оның болмыс-бітімінде сол бір сұрапыл соғыс жылдарының қаталдығы бар. Досқа – әділ. Айтар ойы – батыл. Бірбеткейлігімен талайлармен шекісіп қалғанының куәсі болдым. Келеңсіз оқиғаларды кейде еске де алғың келмейді екен. Мұндайды жария еткенде дұрыс емес. Дегенмен, ақыры бастаған соң бір-екеуін еске ала кетейін. Оқу тобымызда екінші курстан кейін әскерге шақырылған жігіттер болды. Солардың ішінде Жеңістің өзі жақын тартып жүрген, болашағынан зор үміт күткен бір жігіт әскерге аттанып бара жатқанда: «Осалдық танытатын болсаң (сол кезде әскери қызметтің қиындығына шыдамай өзіне-өзі қол салғандар туралы ел арасында әңгіме гулеп тұрған), өзім барып атып тастаймын», – дегені бар. Өтірік айтқандарды жақтырмайды. Өзіне қатысты болмаса да, анда-санда айтып қалатын жалған сөздері үшін әлдебір жігіттермен сыртынан жау болып жүретін. Оны мен ғана білетінмін. Студенттік шағында Оралхан Бөкейдің шығармаларын іздеп жүріп оқитын. Дипломдық жұмысының жетекшісі көрнекті әдебиетші ғалым, қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, ұлағатты ұстазымыз Темірғали Есембеков Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» мен «Сайтан көпір» повестерін зерттеуге ұсынған. Өзі әскери тәртіпке құрылған мінезіне ақиқат іздеп арпалысқан кейіпкерлердің болмысы, авторлық идея әсер етті ма университет бітірген соң менің досым шындық үшін шайқасып, жалғандықты жаны қаламайтын жауынгерге айналды. Олай болмағанда ше?! Тележурналист. «Қылмыс пен тұрмыс» хабарының редакторы. Қоғамдағы қылмыстың түп-тамырын іздеу бұрынғы мінезіне одан да қатал азаматтық ұстаным үстемеледі. Алайда жүрегінің терең түпкірінде Жеңіс досым жұмсақ. Сезімге ерік беретін кездері де болады. Жабыққан сәтте атажұрты Көкшені аңсап:
Кетемін Көкшетауға
көлік қайда,
Қасыма ере-тұғын серік
бар ма?!
Жүретін Сарыарқада сайран
салып,
Демеңдер болды бұған
желік пайда… – деген өлең жолдарын өреді. Қолына домбыра алып, Ақансері мен Біржан салдың әндерін әуелетеді. Университетті тәмамдап, қызметке кіріскен жылы екеуіміз бір көшенің бойы деп айтуға болатындай жақын жерде тұрдық. Мен бойдақпын. Жан жары Дәркеннің дастарханы әрдайым жаюлы болатын. Дәмді тағамды ішіп алған соң қосылып айтатын әніміз бар еді. Кейінге дейін бас қоса қалсақ, сол әнді бір шырқамай тарқамаймыз.
Жеңістің туып-өскен жері – Абыз. Қарқаралы ауданына (бұрынғы Талды) қарасты Бақты совхозының шағын ауылы. Аласа таулары мен биік қарағайлары ерекше көз тартатын табиғаты әсем елдімекен. Жұбайы Дәркенді келін етіп түсіргенде күйеу жолдас болып бардым. Абыз десе, Абыз екен. Зәулім қарағайларды көкке өрлетіп, соның саясында орналасқан жатаған тауды жай ғана дамылдаған ақылгөй ақсақал дерсің. Сол Абыз ақсақалдың төскейінде ержеткен Жеңіс досымның да бала күнінен бойына даналықтың дәні егілгендей. Дүниеге тек ақыл көзімен қарайды.
Адам өміріндегі бел-белестердің бәрі де елеулі екені анық. Алайда кемел жас 60-тың жөні бөлек. Аға деп аталатын ардақты асудан асып, ақсақалдық мерейлі кезеңге көтерілер бұл шақтың тал түс аталуы да бекер емес.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен қатар келген 60 – тал түсің құтты болсын, досым!
Амангелді МАМЫТ,
Жұмабек Тәшенев атындағы университетінің
Педагогикалық және жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы,
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент
Шымкент