Абайда аршынды істер көп

    Абай ауданының ауыл шаруашылығы саласының көлемі 34,4 пайызға ұлғайған. Сонымен қатар, инвестициялар көлемі 1,9 есеге өскен. Бұл жөнінде Абай ауданының әкімі Серік ШАЙДАРОВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Күрделі экономикалық кезеңге қарамастан, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша аудан экономикасы оң нәтижелерге жеткен. Агроөнеркәсіптік кешен, шағын және орта бизнесті дамыту есебінен ауданның ірі кәсіпорындарының инвестициялық белсенділігі 18,3 пайызға артқан. 12 мың 27 шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 177 пайызды құрайды деген сөз.

Қазақстан Республикасының ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламалары аясында Абайда кәсіпкерлікті қолдаудың жол картасы жобасы іске асырылуда. Атап айтсақ, «Волынка» ЖШС-нің құны 900 млн. теңгені құрайтын «Шұжық цехының құрылысы». Іске қосылғанда 40 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі кезде жабдық­тарды жеткізу мәселесі шешілді. 2017 жылдың бірінші жартысында жоспарланған жоба іске қосылады.

Сондай-ақ, желтоқсан айында Абай қаласында 75 орындық балабақша ашылады. Бұған жергілікті бюджеттен 48,8 млн. теңге бөлінді.

Ауыл шаруашылығы саласында да ілгерлеу бар. Аудан жылына 6 300 тонна ет, 22 100 тонна сүт өндіреді. Келер жылы бұл көрсеткіш 3,5 пайызға ұлғаятын болады. Бұдан бөлек, ауыл халқын жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында жылдың аяғына дейін 14 отбасылық мал бордақылау алаңдарын құру жоспарланған. Тиісті қаржы қарастырылуда. Қазірдің өзінде 2 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Рефрижератор сатып алуға жасалған өтінім мақұлданды. Жолды жөндеу жұмыстарына да қаржы қарастырылып, аршынды істер атқарылады.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.