Бас тақырып

Абай танымындағы адам тұғырнамасы

Қазақ халқының рухани-келбет болмысы мен ұлттық табиғаты оның ғасырлар бойы қалыптастырған өнерінде, әдебиетінде, фольклорында, мифологиялық дүниетанымында, этнографиясында айшықталып келді. Қазіргі әдебиеттегі адам мәселесі қойылысының ерекшеліктерін көрсетуіміз үшін адам туралы ойлардың ғылыми негізін, тарихи-мәдени алғышарттарын ашу аса маңызды. Өйткені әр халықтың рухани дамуы барысында адам мәселесінің өзгеріп, әлеуметтік-тарихи, өмірлік тәжірибелерімен байыпталып отыратындығы, өмір мен адам мұраттарының өзара байланысы түрленіп отыратындығы белгілі. Қазіргі жазушыларымыздың адам мәселесі шеңберіндегі әлеуметтік-философиялық көзқарастарын, оларды жеткізу амалдарын талдау үшін бұл күрделі мәселенің нақты тарихына үңілу қажеттілігі өзінен-өзі айқын.

Абай Құнанбаев

Байырғы қазақ ауыз әдебиетіндегі халықтық дүниетаным табиғат пен адамды тұтастық күйде қарастырады. Мұнда адам табиғатқа қарсы қойылмайды, қайта адамды табиғаттың бөлінбес бір бөлшегі деп есептеу басым. Қазақ сөз өнеріндегі бұл ерекшелік әлемдік ауқымда алғанда антик дәуіріне, орта ғасырлық кезеңге де тән. Бұл түйінді мәселенің айналасындағы тартысты тұжырымдардың шежіресіне қарап отырсақ, Ежелгі Грекияда өнерге ақиқат өмірге, табиғатқа еліктеу ретіндегі көзқарастың ұзақ уақыт сақталғанын көрер едік. Көне грек ойшылдарының эстетикалық принциптеріндегі негізгі түйіндердің бірі – өнердің болмысын адам мен табиғат қарым-қатынасынан, бірлігінен іздеу болып табылады. Бұл тұста сопылық философияның негізін қалаушы Протогордың «Адам дүниедегі бар және жоқ заттардың өлшемі» деген атышулы қағидасының адам туралы ілімінің гуманистік принциптерін қалыптастыруда орны айрықша.

Ұлттық әдебиетіміздің ертедегі бастауларынан ХХ ғасырға дейінгі дәуіріне тезис түрінде шолу жасай келіп, адам мәселесі көркем ойдың әрбір тарихи белесінде өз жаңашылдықтарымен көрініп отырғанына куә боламыз. Адам мәселесін қарым-қатынастық жүйеде алып қарастырғанда мына жайларды аңғарар едік:

  1. Адам және табиғат қарым-қатынасы. Қазақ халқының байырғы дүниетанымында табиғат пен адамды тұтас күйде қарастырады. Бұл ауыз әдебиетінің нұсқаларында көрініс табады. Табиғат құбылыстарын шешуге тырысушылық, оған шексіз табыну мифологиялық ойлауды қалыптастырды. Ал Қорқыт, Асан қайғы жайлы аңыздардан адамның табиғаттан алшақтай бастауын көреміз.
  2. Көне жазба ескерткіштерде адамды әлемдік тұтастықтың бөлшегі ретінде қарастыру бар. Мәселен, «Оғыз-наме» жырында Ай, Күн, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңіз аттары нақты кейіпкерлер атауы болып келуі адам және әлем қарым-қатынасына деген көзқарастан туады. Осы көне жазбаларда адам және жеке тұлға мәселесі алғаш сөз болды. Күлтегін, Тоныкөк сияқты қолбасшылардың батырлық бейнелерін жасау адамның ерекше сапалары жайлы ойларға негіз болды. Мұндай сипатты қазақ эпосынан да аңғарамыз.
  3. Көне түркі ойшылдарының шығармашылығында адамға қатысты өрбіген ең іргелі мәселе – адам және қоғам қарым-қатынасы. Ал, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн еңбектеріне тоқтала отырып біз қоғамдағы әлеуметтік жіктелістер, адамды әлеуметтік талдауға деген ұмтылысты танимыз. Адамның руханилығы жайлы Қожа Ахмет Яссауи сопылық ілімі де ерекше құбылыс ретінде бағалы.
  4. Қазақ әдебиетінің ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қоғам дамуындағы тұлғаның тарихи рөліне мән берілді. Және де бұл кезең – адамның табиғаттан алшақтап үлгерген кезеңі. Мұнда табиғат туған жер, ата қоныс, Отан сияқты іргелі ұғымдармен ұласты. Ақын-жыраулар поэзиясындағы тағы бір жаңалық – адамның Уақытқа деген қарым-қатынасы. Адамның ғұмырын кезеңдерге бөліп қарастыру осыны айғақтайды.

Қазақ халқының дүниетанымында қалыптасқан адам турасындағы іргелі ойлар ХІХ ғасырда Абайға да үлкен әсері болды. Абайтанудың тарихына зер салсақ, ұлы ақынның дүниені тану қырлары жөнінде болған талай-талай тартысты пікірлерге кезігеміз.

«Абай дүниетанымының болмысын ғылыми негізде жете танып біле алмау ақын мұрасын зерттеушілерді көп жағдайда теріс пікірлерге соқтырып, тіпті, Абайдың дербес ойшыл екеніне күмән туғызылып» (М.Мырзахметов) келген тұстар да мәлім. Мұның себебі, біріншіден, Абайдың тым күрделі құбылыс екендігінен, оның дүниетанымдық, көркемдік жүйесін толығынан игеріп, зерделеу үшін көп уақытты қажетсінеді.

Тарих доңғалағы алдыға жылжыған сайын, ғылымдық әдіс-тәсілдер жаңарған сайын ұлы ойшылдың жаңа уақытпен үндесетін жаңа қырлары бой көрсетіп жатады. Екіншіден, ғұламаның мұрасын зерттеудегі тұрпайы-социологиялық көзқарастар біраз жылдар Ә. Бөкейханов, А.Байтұрсыновтардан басталған дұрыс бағыттан көз жаздырды. Абайтануды қазақ әдебиеттануының іргелі саласына дейін көтерген М.Әуезовтың өзі Абай – дарияның «шөмішпен» алғандайғы қырларын ашқаны жөніндегі сөзі ғылымның алдындағы әлі талай мәселелердің барлығын меңзегені. Дегенмен, қазіргі ғылымның жайы Абайдың жан-жақты зерттелуі процесінің тоқтамағанына айғақ бола алады.

Көп уақыт Абай дүниетанымы мәселесінде орыс әдебиетіне айрықша мән беріліп, Шығыстық негіздер, ұлттық топырақтағы мәдени дамуды, рухани құндылықтардың ықпалын екінші кезекте сөз ету белең алып келді. Абайтану тарихын жүйелі зерттеп келе жатқан қазақ ғалымы М.Мырзахметов: «Абай шығармаларындағы ақынның дүниеге көзқарасын білдіретін тегеурінді ойларын халықтың өмірін, сол халықтың ұлттық табиғатынан ақынның өмір сүріп отырған әлеуметтік ортасының шындығынан тудырмай, сол процеспен тікелей байланыста қарамай, оны Батыс пен Шығыстың әр тұрғыдағы ойшылдарының пікіріне құрылған ұлттық негізі жоқ, тек өз табының мүддесі тұрғысынан көшіріліп айтылған келімсек ой ретінде танытуға тырысқан теріс танымдағы пікірлер де орын алды» – деп орынды айтқан.

Кейінгі уақытта мықтап қолға алына бастаған мәселе – Абайға ұлттық рухани қазынаның, мәдени дамудың әсері. Қазіргі қазақ әдебиетінің де сүйенері, тірек етері Абай дәстүрі болғаннан соң, әдебиеттегі қайбір тенденция, қайбір құбылыс-өзгерістер сырын аңдау үшін ұлы ақын мұрасынан сабақтастықты іздеуді қажет етеді.

Абай творчествосындағы адам болмысы да ежелгі дәуірдің ойшылдарымен үндеседі. Мәселен, Абайдың дінге көзқарасы, нәпсі төңірегіндегі ойлары Яссауи мұраларының идеяларымен жақын келген. Мысалы:

«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы.

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа».

Алланы өзіндік биік мақсат, парасатқа жетудегі ең басты күш ретінде танитын сопылық-мистикалық әдебиеттің белгілі мөлшердегі ықпалы осы өлеңнен сезілмей де қалмайды. Ақынның түсінігі бойынша тек рухани дүниені жетілдіріп қана Аллаға жақындауға болады.

Абайдың адам болмысы жөніндегі түрліше ой-тұжырымдары әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Әл-Дауани, т.б. көптеген ойшылдардың пікірлерімен жақындастығы қазіргі таңдағы айтылып жүрген мәселелер. Ал біздің назарымызды баурайтыны – Абайдың адамды жеке тұрғыда, индивид ретінде зерделеуі. Бұл – Абайдың ерекше қыры.

Абай Құнанбаев

Абай шығармаларындағы «нөл» мен «единица» ойлары жеке тұлға мәселесі тұрғысындағы ерекше бір сонылықты көрсетеді. Абай ойынша «единица» адамның айрықша биік деңгейі. Қоғамдық-тарихи даму кезеңдерінде «единицаның» атқаратын рөлі айрықша. «Нөл» арқылы тобырлық сана әшкереленеді. Рухани кемеліне келген, адамның ерекше мәдени деңгейі – тұлға ұғымын кеңейтіп ұғындыруда оның «толық адам» идеясы да өзгеше маңызға ие. Ұлы ақын бұл ұғымды тұлға мен адам, тұлға мен қоғам арақатынасында алған. Бұл ойдағы негізгі екпін адамдар құрайтын бірлестік – қоғамның тарихи жетілуіндегі жеке адамның, жан-жақты толысқан адамның алар орны жайында.

Абай өлеңдерінде көрініс тапқан «мен» және «менікі» ұғымдар мәңгілік мәселе – өмір мен өлімге, адамның маңызына деген ақынның ерекше көзқарасын танытады.

«Ақыл мен жан – мен өзім, тән менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі» – деп келетін өлеңінде философ-ғалым Ғ.Есімов былай деп баға береді: «Ол адам өлді демейді, табиғат өлді дейді. Демек, өлген адамның өзі емес, оның жалған ғұмырға шақталған табиғаты».

Мәңгілік мәселесін заттық денеден емес, рухани дүниеден дейтін Абайдың «менікісі» – тән де, «мені» – жан мен рух. Яғни адам өз ғұмырында осы өлмейтін рухқа айрықша мән беруі маңызды. Рух биік, жан таза болғанда ғана мәңгіліктегі орның бар.

Осы «мен» мен «менікінің» ара қатынасы Абай үшін концептуалды мәні болды. Өйткені бұл идея қара сөздерінде де бар. Мысалы, жетінші сөзінде: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Алла Тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан», – деп айтады.

Ол ислам қағидасындағы жанның өлмейтіні жөніндегі пікірді қайталап қана қойған жоқ, жалпы рух пен жанға жауапкершілік тұрғысынан келді.

Абай жеке адамды алып қарастырғанда оны сезімдік тұрғыдан, яғни, адамның психологиялық жаратынды ретіндегі болмысына көңіл аударды. Әлбетте, поэзия тілімен адамның сезімдік астарларын суреттеу үрдісінің Абайға дейінгі ақын-жырауларда көрініс тапқанын ұмытпаймыз. Абай ерекшелігі – лирикалық қаһарманның тоқсан тамырлы сезім құбылуларын көрсете отырып, адамды рухани-психологиялық тұрғыда алып қарау. Сонымен, ұлы Абайдың адамды жеке нысан ретінде қарастыруы адамтанудың көркемдік табиғатына қатты ықпал етті. Бұл бағыт өзінің шәкірті Шәкәрімнен жалғасын тапқаны мәлім. Әсіресе, Шәкәрімнің ғылыми философияға ден қоюы, жеке тұлғаның интеллектуалдық қасиеттерінің рөлі жайындағы ойлары бұл мәселеге шын мәнінде жаңаша келудің үлгісі ретінде қымбат.

Шәкәрім поэзиясына үңіле отырып, мына бір жайға көз тоқтатпау мүмкін емес. Ол ақынның адам ақыл-ойының жемісі – ғылымға деген көзқарасы. Бұл турасында Шәкәрім Құдайбердіұлы өзіне дейінгі айтылған, дәстүрге айналған ағартушылық бағытты ұстана отырып оқшау ой айтады. Ақын ғылымды насихаттаудағы, оның рөлін танудағы бүкіладамзаттық гуманистік принциптерді басшылыққа алады. Оның пікірінше ғылым адамзатқа игілікті міндет бола тұра, кері әсерін тигізетін, қауіпті ахуал да туғызады. Бұл тікелей адам феноменіне қатысты. Ғылым тек адамзат қауымының рухани дамуын ескере даму керектігі жөніндегі ақынның ойы қазақ әдебиетінде маңызды идея болды.

Жансая ЖАРЫЛҒАПОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button