АҚЫННЫҢ АҚЗЕР ӘЛЕМІ

«Халыққа қызмет ету – ақылдан емес, мінезден», – деді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Рас-ау… Табанды мақсат, көркем ой тек қана көркем мінезден шықса керек-ті.

Бұлбұлдың үнін қарғаның қарқылы еңсерген, есебі – түгел, есегі – тұлпар мына заманның ақылманы көбейіп тұр. Әрине, тырнақшаның ішіндегі – «ақылман». Екінің бірі, егіздің сыңары – ақыл айтуға бейіл. Әсіресе, ақындықты жұртқа ақыл айту деп қабылдап алғандар көп. Күпі жамылған ет пен сүйегімізге аз күн азық болатын болмашы ақылымызды ашыған көжеге айналдырып жіберетіндер де – солар. Теледидарды қосып қалсаң да, әлеуметтік желіні ашып қалсаң да – солардың жарнамасы. Кемталанты кердең басып, жарымжаны жұлдызға айналған заманға тап болдық қой, әйтеуір… Аңыздағы Мөңке бидің болжамы дәл келді ме деп шырт ұйқыдан шошып оянып жүрміз.

…Негізі, біздің руханиятқа ақылман емес, абыз керек. Ел іздеп жүр. Мен де іздеп келемін. Біз айтып отырған ақылман мен ел іздеп жүрген абыздың арасы – жер мен көктей. Әлгі ақылмандарымыздың дені – ақындар ауылынан.

Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Абзал Бөкеннің баспадан өткен жылы жарық көрген «Уыт» атты рубайлар жинағын жақын да ғана түгесіп шықтым. Мына бір шумағына зер салып, көңіл аударыңыз:

Жанарын жапқан сайын көздің шелі,

Жармасқыш келеді адам, сездім соны.

Көрінген өлеңшіге тіркелетін

Бес елі «ақын» деген сөздің соры.

Жалпы, Абзал көкем – өзінің төрдегі басы, өрдегі өлеңімен біз айтып отырған ақылмандар ортасынан алыстап кеткен ақын. Жігіт-желең шағындаақ (25 жасында) өзі туған топырақтың әнұранына, қазақ әнінің шедевріне айналып кеткен «Алтын бесік Ақтоғайым» әнінің сөзін жазып, туған ел алдындағы перзенттік парызын адал өткеріп тастаған шайыр. Сізді білмеймін, мен Абзекеңді абыз деп қабылдадым. Өзінен бұрын өлеңімен таныс едім. Өзімен жүзбе-жүз кездесуге асығып жүрдім. Кездестім. Таныстым. Өлең оқымасақ, өлетіндей күй кешіп жүрген шағымыздағы дулы кештерде жатқа оқитын «Шыт көйлегін» өз аузынан тыңдадық. Жақсы ағаға етене жүріп, сырбаз сыйластықтағы жарқын күндерді бастан өткердік.

Сол Абзал көкем бүгін 70 жастың желкенін көтеріп, «арабы арғымақтай билеп басқан» (маған арнаған өлеңіндегі өз сөзі) қалпында төрге озып отыр. Шалдықпаған. Шау тартпаған. Ана бір жылы Алатаудан Арқаға қоныс аударып келгенінде, соғыста хабарсыз кеткен әкеміз майданнан оралғандай қуанып қарсы алғанбыз. Жасыратыны жоқ, Абзекемді абалап қарсылағандар да болды. Оларға көңіл де аудармады, сөздерін де, өздерін де бұйым көрген жоқ. Өзінің шынайы ақынға ғана тән ақзер әлемін кірлетпеді. Жазды, өндірте жазды. Туған жер құшағында шалқып жүріп, Абзалын аңсаған елдің қолына айналасы сегіз жылда «Тәж», «Уыт» атты қос жинағын ұстатты да, қайтадан Алатауға көшіп кетті. «Тәжге» де пікірді өзім жазғанмын. «Уыттың» ащы уыты таңдайымда қалды. Уыт болғанда да, дімкәс ғасыр кеселінің уытын дөп басқан 777 шумақ. Цензураның шеңгелін бұзып-жарған төрттағандар. Әлгі өлең жасап, елге ақыл айтып, Абзекеңе абалап жүргендер мұны жаза алмас еді…

«Өлең деген тумайды
жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта», – деп еді ғой Мұқағали жарықтық.
Бәлкім, ақынға тән қауырсын-тағдырдың қайшылыққа түскені де жөн болған шығар. Әйтпесе, Абзал ағам:
Келе алмай аласұрған
аусарға әлім,
Қайғыдан қара дария қаусар
жаным.
Малшындым мұхит асып молаям,
– деп,

Жаншылдым көтерем деп тау салмағын, – деп қапалана ма?! Немесе:

Байтағым, барлығыңа сүйінемін,
Бас қосқан бауырыңда дүйім елің.
Зар болдым бетін таппай
зерлі әлемнің,

Дал болдым шетін таппай дүниенің, – деп, шарасыз күйге түсе ме?!

Ақындық – тағдыр. Ақындық тағдырдың тауқыметін тартып, азабын шегу – менің Абзал ағам секілді қайратты қаламгер, нағыз абыздыққа бет алған парасатты жанның ғана көтеретін жүгі ме деп қаламын кейде. Абзекеңнің өзі айтқандай, «қойлы бай мен ойлы кедейдің» ара-жігін ажырата алмай алжасқан біздің қоғам үшін ақынның көптігі сұраныс тудырып тұрған жоқ. Менің айтарым – кемелденгіңіз келсе, Абзал Бөкеннің ақзер әлеміне үңіліп, «Уытын» оқыңыз.

Күндерім күйбең тірлік көңірсіген,

Білгенім – бұла жырмен көңіл шүлен.

Мендегі сөйлем үшін ғана емес,

Елдегі бейнем үшін өмір сүрем, – дейді Абзал көкем рубайларының 777-ші соңғы шумағында. Сөз жоқ, ағамның ел жүрегіндегі бейнесі – мұнтаздай!

…Абыздық – кемел ой, кемерленген парасат иесіне ғана қонатын қасиет. Қонатын кеуде, ұялайтын жүрек іздеп сол Абыздық күні кеше Арқаға ат шалдырған. Абзал көкемді іздеді. Біз Алатау жаққа жөн сілтеп, Алматы жақты меңзедік. Қайран, Абыздық, Арқадан қоныс таппады. Алатауды бетке алып, ауа көшті. Әйтеуір, көкемді тауып, көкірек көмбесіне қонса – игі!

Алқынбай жеткен жетпісіңіз құтты болсын, Аға!

Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»