Руханият

Ақын үні жаңғырды

Кеншілер мәдениет сарайында ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай студенттер арасында қалалық «Өлең, мен сені аялап өтем…» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті. Байқауда 26 үміткер бақ сынады. Жас өрендер ақын үнін қайта жаңғыртты.

Сурет Кеншілер мәдениет сарайының баспасөз қызметінен

Байқаудың бас жүлдесін Қарағанды медициналық университетінің студенті Мөлдір Ілияс жеңіп алды. А.Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің оқушысы Алтынай Марат бірінші орыннан көрінді. Екінші орында Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті  Ернат Аманжол. Үшінші орынды Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Бекарыс Жақаба және Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Жансая Жанатова қанжығалады.

Байқауға қатысушылардың бірі – Виктория Естремская. Орыс болса да, Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін мәнерлеп оқып, қалың жанкүйердің ыстық ықыласына бөленді.

– Мен Нұра ауданы Ізенді ауылының тумасымын. Сол жерде қазақ мектебінде оқыдым. Қазір университетте қазақ бөлімшесінде оқып жүрмін. Ұлы Абай Құнанбаевтың 26 өлеңі мен екі поэмасын жатқа білемін. Мұқағали Мақатаев пен Мағжан Жұмабаевтың да жырларын жатқа оқимын. Поэзияны жақсы көремін. Өлең оқығанда жаным тынышталады және күш береді. Мұндай байқаулар өте қажет: олар есте сақтауды дамытады, сөздік қорды байытады және қазақ поэзиясын насихаттайды. Бұл байқауға мен Фариза Оңғарсынованың «Әке туралы ой», «Өз-өзімнен өртеніп барамын» және «Мен сонда жылап қалғам» деген өлеңдерін дайындадым. Ақынның шығармашылығымен бұрыннан таныспын. Өлеңдері маған ұнайды, – деді Виктория Естремская.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button