Қарқаралы

Ақ сөйлеп, адал күледі

XXI ғасыр тың идеялар мен жасампаз жаңалықтардың дәуірі болғандықтан, соған лайықты ұрпақ тәрбиелеу – қазіргі жаһандану заманындағы кез келген мемлекеттің негізгі ұстанымы. Ендеше, мемлекетімізді өркениетке жетелер жолдың бастауы – білім ордалары десек, сол білім ордаларының жүрегі де, тірегі де – жаңашыл ұстаздар.

Осындай киелі мамандық иесінің бірі – Қарқаралы ауданындағы жалпыға білім беретін №19 орта мектеп базасындағы тірек мектебінде (ресурстық орталық) 30 жылға жуық үзбей қызмет қылып келе жатқан Алтын Құсайынова.

Мұғалім, сынып жетекшісі, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, оқу ісінің меңгерушісі сияқты кезең-кезеңімен өткен осынау өмір жолы – ұстаз тұлғасын біртіндеп сомдаған соқпақтар. Өмірінің ең шуақты да шұғылалы шақтарын шәкірттеріне арнай жүріп, өзі де тәжірибе жинап, шыңдалды, ізденіс пен шығармашылық еңбектің арқасында білімді маман, шығармашыл, жаңашыл ұстаз, білікті басшы деңгейіне дейін көтерілді.

Білімді үйрену, оны басқаларға үйрете білу – ұстаз еңбегінің бір қыры десем, Алтын Маратқызы 1997 жылы оқу ісінің меңгерушісі болып бекітілгеннен бастап, 21 жыл ішінде адам психологиясы мен оқу үрдісін меңгерудің үлкен мектебіне айналды. Өйткені, басшы ретінде өз біліктілігін көрсетіп, ұжымның әр мүшесіне мүмкіндігіне қарай жағдай жасап, әріптестерінің шығармашылық жұмыстарына барынша көмек қолын созып, жетістіктеріне шын көңілмен қуанып, өз жеңісіндей бағалап, жанашыр, ақыл-кеңесші бола біледі.

Алтын Маратқызы – аудандық, облыстық, республикалық ғылымипрактикалық конференция-семинарлардың тұрақты қатысушысы. Оның «Информатика негіздері» журналында – «Visual Basic» тақырыбына арналған тест жұмысы», «Релелік сынақ әдісі», «WORD мәтіндік редакторында іс-қағаздарын басу», «Қарағанды облысының педагогикалық кадрлар жұмысындағы және білім беру мекемелеріндегі өзекті проблемалар» (2013) жинағында – «EXCEL» кестелік бағдарламасын математика есептерін шешуде қолдану», «Біліктілікті арттыру курсы – үздіксіз кәсіби дамудағы жаңа серпіліс» (2014) жинағында – «Мұғалім – жаңашыл тұлға», «Әлемдік тұлға Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік тағылымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары» (2016) жинағында «Информатика пәнін оқытудағы жаңа педагогикалық, ақпараттық-коммуникативтік технологиялар» сияқты еңбектері жарық көрді.

Ұстаз еңбегінің сапасы қашанда шәкірттерінің білімімен өлшенетіндіктен, «Roboland – 2017», «Roboland -2018» байқауларында шәкірттері жүлделі орындарды иеленді.

 Мұғалімнің жүйелі жұмыс жасауын қадағалайтын, ұжымның бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ететін, жаңалықтың жаршысы болған Алтын Маратқызының да игі еңбектері еленіп, бірнеше марапаттауларға ие болды. Атап айтсам, сан мәрте аудандық білім бөлімінің Мақтау қағаздары мен Алғыс хаттарымен, 2010 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен, 2016 жылы облыстың білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды, 2009 жылы «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» жинағына енді.

Ақ сөйлеп, адал күлетін, жанының тазалығын байлық санайтын, «көрінбес ғажап еңбектің бейнетін кешіп жүрген» (Ф.Оңғарсынова), талай сыннан сүрінбей өтіп келе жатқан әріптесіміз Алтын Маратқызының еңбегіне жеміс, шығармашылығына шабыт тілейміз. Алда әлі де алар асулары, шығар шыңдары мен бағындырар биіктері көп болғай!

М.СМАХАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button