Ақпараттық сауат әліппесі
Мұғалімдер балалардың ақпараттық сауаты күрт артқанын айтуда. Бұрын бала үшін мектеп пен мұғалім – «Әлем», «Адам», «Қоғам», «Табиғат» туралы ақпарат алудың негізгі көзі болған. Бүгінгі таңда БАҚ, ғаламтор, әлеуметтік желілер – бала санасында әлем бейнесін қалыптастыратын маңызды ақпарат көзі болып отыр. Қазіргі балалардың бір артықшылығы – таным көкжиегі кең, эрудициясы жоғары. Мұғалімдердің пікірінше, оқытудың бірінші кезеңінде білім беру жүйесі жаңа мүмкіндіктерді, яғни ақпаратпен жұмыс істеуді үйрететін заманауи білім беру технологияларын, соның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, ғаламтордың ақпараттық әлеуетін және әртүрлі қашықтықтан оқыту нысандарын толық пайдалануы керек.

Біздің уақыт ақпарат ағынының көлемі мен жылдамдығының күрт артуымен сипатталады, бұл білім беруге елеулі өзгеріс енгізуде. Ол сөзсіз мұғалімнің қызметіне, балалармен қарым-қатынасына әсер етеді. Әрбір адам қалауы бойынша түрлі баспа өнімдерін, аудио және бейне ақпараттарды, компьютерлік технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана алады. Бастауыш сынып оқушылары өркениеттің осы артықшылықтарын өзінің қоршаған ортасы, ең алдымен, отбасы рұқсат ететін мөлшерде тұтынады.
Балалар оқиды, музыка тыңдайды, телебағдарламаларды көреді, компьютерді бос уақыт пен танымдық іс-шараларға көбірек қолданады. Оқушылардың бұқаралық ақпарат құралдарын және заманауи баспа өнімдерін пайдаланғанын ересектер әрдайым бақылай алмайды.
Қазақстандық білім берудегі инновациялық үрдістер жаһандық білім беру тенденцияларына сәйкес жүргізіледі деп айтуға болады. Бұл – білім беру іс-әрекетінің адамның жаңа ақпарат алу тәсілдерін белсенді игеруіне бағытталуы, тұлғаның танымдық сұранысы мен қажеттілігін үнемі ынталандыруға қатысты дүние. Постиндустриалды қоғамның балалары алдыңғы буынға қарағанда ақпараттық еркіндікке ие екенін есте ұстаған жөн.
Сонымен қатар, 6-10 жастағы балалардың ақпаратты қабылдау қабілеті өте зор, бірақ оларда ақпаратты сыни қабылдау, оны талдау және құрылымдау мүмкіндігі жоқ. Бұл өскелең ұрпақ арасында ақпараттық базаларды, жеке деректерді ұрлау, желідегі «троллинг» сияқты салдарға әкеледі. Мұндай жағдайда балалар мен жасөспірімдер болып жатқан күрделі құбылыстарды компьютерлік ойын ретінде қабылдайды және оның салдарын түсіне бермейді.
Менің ойымша, баланы ақпараттық қоғамға дайындау кезінде мына мәселелерді ескеру қажет: оқушы қажетті ақпаратты қайдан және қалай табуға болатынын нақтылау, ақпараттық әлемде «не жақсы, не жаман» деген түсінікті қалыптастыру, сондай-ақ, ақпаратпен жұмыс істеудің ұтымды тәсілдерін оқыту (яғни, оқушылардың оқу жүктемесін азайтудың жолын көреміз) қажет.
Ал, бастауыш сынып оқушыларының ақпараттық мәдениетін қалыптастыру үшін заманауи білім беру технологияларын қолдану керек.
Осылайша, балалардың ақпараттық мәдениетін дамыту жолы мектептегі танымдық ынтымақтастықта өрбиді.
Гүлжамал ЖАЛМҰРЗАЕВА,
№9 лицейдің бастауыш
сынып мұғалімі
ТЕМІРТАУ