Жаңалықтар

Ақпараттық керуеннің атқарары көп

Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының жылжымалы «Зерде» мәдени-сауық кешені жылдағы дәстүр бойынша шалғай жатқан елді мекендерді аралап, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын жерлестерімізге түсіндіруді, сонымен бірге тартымды концерттік бағдарламасын ұсынуды жалғастырып келеді. Биылғы жылғы ақпараттық-мәдени керуеннің жұмыс сапары Қарағанды облысының 80 жылдығына арналып отыр.

Сәуір айында басталған іс-сапардың басты мақсаты – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын ауыл тұрғындарына жеткізіп, оның мәні мен маңызын, арқалаған жүгі мен елімізге тиер пайдасын тәптіштеп беру. Осы орайда мәдени-сауық кешенінің құрамына енгізілген дәріскер де жоқ емес. Бұдан бөлек, мәдени-ақпараттық керуеннің құрамына кәсіби әртістер, хореографиялық ансамбльдер, республикалық және облыстық конкурстар мен байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерген жас орындаушылар алынған. Ең бастысы, «Зерде» кешені – мемлекетіміз ұстанған саясатты алға бастаушы, тұрғындары аз шалғайдағы ауылдарға жеткізуші болып табылатынын айта кеткен абзал.

Осы жылы кешен облысымыздың Ақтоғай ауданына қарасты Торанғылык, Тасарал, Сарышаған, Ортадересін, Шашубай, Абай, Қошқар, Нарманбет ауылдарына, Нұра ауданының Майоровка, Байтуған, Щербаков, Изенді, Кұланөтпес, Жараспай, Киевка, Кертінді ауылдарына ат басын бұрып, барлығы 16 елді мекенге қызмет көрсеткен екен.

Қай ауылға ат шалдырсақ та, құрақ ұшып алдымыздан ауыл тұрғындары шығады. Көңілдері көл-дария ауыл азаматтарымен біз де сағынысып көрісеміз. Дыбыс аппаратураларымызды құрып, сахна киімдерімізді киіп болғанша клуб үйінің залы көрерменге лық толып үлгереді. Алдымен дәріскеріміз Елбасының кезекті Жолдауын түсіндіріп, тұрғындар өздерін мазалаған сауалдарын жолдайды. Дәріскеріміз мейлінше толық әрі түсінікті жауап беруге тырысады. Бұдан әрі облыс, аудан тарихы туралы түрлі сауалнамалар, әңгімелесулер жүргіземіз. Балалар да тыс қалмайды. Барлығы бір кісідей ат салысады. Ақпараттық-насихаттық қызметіміздің барысы бірте-бірте концерттік бағдарламаға ұласып, көрермен таң-тамаша күйде тарқасып жатады. Мұндай кезде жол ауыртпалығын да, тіпті, өзіңнің жұмыс бабымен жүргеніңді де ұмытып кетесің, – дейді облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі Алтынай Нұрманбаева.

Көптеген ауылдық клубтарға дыбыс күшейткіш аппаратуралар жетіспейді. Соған қарамастан, ауыл тұрғындары мен жастары түрлі шараларды өткізуге бейімделген. Сондықтан, бүгінгі күні жылжымалы «Зерде» мәдени-сауық кешенінің қызметі ауыл азаматтары үшін ауадай қажет. Себебі, тұрғындар аз қоныстанған ауыл азаматтары мәдени ойын-сауыққа, мәдени-әлеуметтік қарым-қатынас орнатуға күн сайын қол жеткізе бермейді. Ал, «Зерде» кешенінің алға қойған басты мақсаты – осы олқылықтардың орнын толтыру.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button