Ақпарат айдынында – жаңа телеарна

Сәтбаев қаласында Ақпарат және байланыс қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар бағдарламасы аясында ақпарат айдынында енді ғана желкен керген «Aqsham» телеарнасының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Салтанатты шараға қала басшылығының өкілдері, қаланың Құрметті азаматтары, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың жетекшілері, жалпы бұқара қауым қатысты.

Көрнекі сурет

Бәтуалы іске батыл кіріскен телеарна ұжымы мен шаһар жұртшылығын жағымды жаңалықпен ақжарыла құттықтаған қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина іскер азамат, жаңа телеарнаның басшысы Ғалымжан Нұрпейісовтің көңілге қонымды шаруаны қолға алуы кеншілер мекенінде тұрғындарға ақпарат таратудың тынысын бұрынғыдан да кеңейте түсерін атап өтті. Телеарна директорымен бірге салтанатты жағдайда лента қиып, ұжым қызметіне сәттілік тіледі.

Айрықша атап өтер бір жайт – заманауи құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілген жаңа телеарнаның ашылуы туралы хабар тұңғыш рет тікелей эфирден көрсетілді.

 «Aqsham» телеарнасының алғашқы хабары телекөрермен назарына биылғы жылдың 12 маусымы күні ұсынылған болатын. Осы орайда бір айға жуык уақыт аралығында 40тан астам алуан сипатты жаңалықтар эфирге шығарылғанын айта кеткен жөн.

Тағылымды әрекеттерге бет бұрған ұжымда қазір 6 маман қызмет атқарады. Олардың өздерінің алдарына қойған міндет үдесінен шығуға талпыныстары жоғары, сонымен қатар, болашақта биік белестерді бағындырарына сенімді.

 Телеарна басшылығының істі ілгері бастыру бағытындағы алғашқы қадамдары да жүйелі. Мәселен, Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай, қала әкімі Асқар Ыдырысовтың қатысуымен өткізілген дөңгелек үстел отырысы барысында «Aqsham» телеарнасы мен қаладағы Достық үйінің арасындағы өзара әлеуметтік әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Тараптар осы құжат негізінде бейресми тілде «Достық мекені» аталып кеткен Сәтбаев қаласындағы этно-мәдени бірлестіктердің ұлтаралық қатынастарды одан әрі тереңдетуді мұрат тұтқан тиімді жұмыстарын жүйелі түрде дәріптеуді межелеп отыр.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

«Орталық Қазақстан»

СӘТБАЕВ қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.