Ақиқатқа айналған арман
Бұл – Жезқазғанды жер жақұтына балаған қазақтың Қанышы, алғашқы академик Сәтбаевтың арманы еді. Бүгінгі Жезқазған – экономикасы мен мәдениеті тел өркендеген, ырғақты дамуына адами әлеуеті де, табиғи байлығы да жеткілікті, келешек көкжиегі айқындалған, соған сай жүйелі жұмыс жолға қойылған шырайлы шаһар. Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде өткен келісті қаланың 65 жылдығына арналған салтанатты жиын шын мәніндегі мерекеге айналды. Жиналған жұртшылықты қала әкімі Қайрат Бегімов құттықтады.
- Жезқазған – даңқты тарихы бар ерекше қала. Жезқазғандықтар – аға буынның даңқты дәстүрін лайықты жалғастырушылар. Шырайлы шаһар бүгінде құтты мекенге айналды. Онда жүз мыңға жуық адам тұрады. Осы жылдың өткен кезеңінде 1938 нәресте тұрғындар қатарын толықтырды. 1824 бала мектеп табалдырығын аттады.
Қалада құрылыс қарқын алды. Тұрғын үй, мектеп, спорт ғимараты мен бизнес нысаны салынуда. Жыл басынан бері 43 отбасы қоныс тойын жасады. Жуырда 60 адамға жаңа пәтердің кілті тапсырылады. Шағын және орта бизнес ойдағыдай дамып келеді. Күнделікті тұрмыста «көгілдір отын» – газды тұтынатын уақыт та алыс емес.
Қаланы сәулеттендіру жүйелі жүргізілуде. Ауланы абаттандырудың үш жылдық бағдарламасын орындауға кірістік. Мыс – табиғи байлығымыз, ал, басты байлығымыз – ырыс қонған өңірде ұрпақ өсіріп, алға қойған мақсат жолында еселі еңбек етіп, іргелі істі жүзеге асырып жатқан адамдар. Біз туған қаламызды, жерлестеріміздің жетістігін мақтан тұтамыз. Жезқазғанның кемел келешегіне күмән жоқ, – деп түйіндеді сөзін қала басшысы.
Мерекелік салтанатта бірқатар азаматтар марапатқа ие болды. Қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі үшін Жезқазған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Қуанышбек Сансызбай мен қарттар және мүгедектер медициналық-әлеуметтік мекемесі директорының орынбасары Имантай Сәтбаевқа облыс әкімінің Алғыс хаты, «Самға» ЖШС директоры Абай Бәйділдаевқа ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрмет грамотасы тапсырылды. Алғашқысының Арыстағы апаттың салдарын жоюға белсене қатысқаны айрықша атап өтілді. Ұзын-ырғасы жүзден астам жезқазғандық омырауына «Жезқазған қаласына – 65 жыл» төсбелгісін тақты.
Ардагерлерге Алматыдағы «Орхон» баспасынан шыққан қаланың 65 жылдық торқалы тойына арналған «Жезқазған» энциклопедиясы сыйға тартылды. Мерекелік салтанат әнмен әрленіп, күймен көмкерілді.
Қаланың мерейтойы аясында Кетбұқа би атындағы «Ақсақ құлан» халықаралық күйшілер конкурсы өтті. Оған Қытай мен Моңғолиядан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Жезқазған қалаларынан 17 күйші қатысты. Қытай Халық Республикасынан күйші, сыбызғышы Бейілхан Қалиакбарұлы құрметті қонақ ретінде шақырылды. С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрын екі күн күй кернеді.
Бас жүлде (1 миллион теңге) Қазақ Ұлттық университетінің ІV курс студенті, семейлік Дарын Құдайбергеновке бұйырды. Бірінші орынның жүлдесін алматылық Азамат Шынаров қанжығасына байлады. Екінші орынды Қытайдан келген қандасымыз Бағдар Жарқын мен елордалық Әлия Қарамұханова бөлісті. Қазылар алқасы үшінші орынға алматылық Ботакөз Дүнгенбаева мен Бақберді Қадубек, жезқазғандық Бақытжан Есмағанбетов пен қызылордалық Абылайхан Сқақов лайық деп тапты.
Абылайхан Орманбек, Тоғжан Үмбет, Ілияс Тұрсынбек – лауреат, Айбек Әрімбек, Әліби Нышан, Нүриден Оспанов – дипломант, Моңғолиядан келген он алты жастағы Мұстафа Еркінбек – «Ең жас орындаушы» атанды. Жезқазғандық Бекзада Достиярова – «Үкілі үміт», нұр-сұлтандық Жанат Артықов «Сырлы саз» аталымын иеленді.
Байқаудан кейін конкурс қонақтары мен жеңімпаздарының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Байқау гала-концертпен түйінделді.
Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солистері классикалық музыканың керемет кешін сыйлады.
Жақында ғана жаңғыртылған Ғарышкерлер желекжолында жергілікті ақындар Жезқазғанға арналған жырларын оқыды, балалар қала келбетін кескіндеді.
Алаш алаңы спорттық жарыстар мен ұлттық ойындардың ордасына айналды. Музыкалық-хореографиялық театрландырылған шоу-бағдарлама қойылды. Мереке қызығы кешкілік Қазақстан эстрада жұлдыздары қатысқан мегаконцертке ұласты.
Әлібек ӘБДІРАШ