АймақБас тақырып

Ақбөкен тағдыры заңмен реттеледі

Бір кездері 200 мыңға дейін сиреген ақбөкен басы бүгін де уағын қоспағанда 2 млн. 600 мыңға барған. Бұл – әрине, дәл осы ақбөкенді аман сақтау мақсатында құрылған «Охотзоопром» өндірістік бірлестік ұйымының және орман шаруашылығы мен Үкіметтің тікелей бастамасы. Еске салсақ, осы ақбөкенді аттырмаймын деп аптал азаматтың оққа ұшқаны да бар. Қарағанды облысы Нұра ауданының маңайында киік атқан браконьерлер екі инспекторды жаралаған еді. Ауыр жарақат алған Ерлан Нұрғалиев 15 қаңтарда Астананың №1 ауруханасында жан тапсырды. Алайда, қол тигізбей қорыған аң ендігі жерде «қорлық көрсетіп» жатқан көрінеді. Бұл – ең бірінші жергілікті диқандардың жанайқайы. Олардың айтуынша, ақбөкен салған егінге жайылып, қала берді алқапты төлдері тасалайтын мекенге айналдырған.

– Жыл сайын осы мәселеге тап боламыз. Алайда, біздің жанымызды түсініп, жанайқайымызға құлақ асар пенде жоқ. Қаптаған қалың киік жыл сайын менің жерімді таптап барып өтеді. Биыл 26 мың гектар егін ектік. Жыпырлаған киіктің тұяғынан 1500 гектар егін жарамсыз болып қалды. Киік егіс алқабының бір шетін ғана емес, барлық жерін шарлайды. Таптағаны былай тұрсын, жерді тұяғымен тарпып, топырағын қопсытып кетеді. Қазір егінді жаяулап-жалпылап, киіктен қорып жүрміз. Әбден болмаған соң 40 шақырымға қоршау қойдым. Мұнымнан да ештеңе шықпады. Әккіленіп алған жануар басқа бұрыштан кіріп кетеді. Шыны керек, егіннің аумағы біршама шақырым. Оны күнде жаяу жүгіріп, қору оңайға соқпайды. Биыл киік саны былтырғыдан көп əрі олар адамдардан қорықпайды. Үркітіп жібергенімізбен, 100 метр жерге дейін барып, адамдарға қарап тұрады. Үкімет қандай да бір шара қабылдамаса, киік бізді банкрот қылуға шақ қалды, – дейді Нұра ауданындағы «Қайнар» ЖШС директоры Сейітжаппар Нығметов.

«Киік кісіден қорықпайды» дегеннің өзі естір құлаққа қораштау. Десек те, дабыл қағып, дегбірі қашқан жергілікті диқандар қатары күн санап артуда. Дәл осындай мәселені Нұраның тағы бір шаруа қожалық иесі Сайын Ибрагимов те көтерген болатын.

– Киіктер егін алқабында жиі жусайды. Тіпті, күндіз егін орып жүргенде орақ астынан лақтары тұра қашқанда, өзіміз қорқып қаламыз. Ал, егер сол трактордың орағына лақтары түсіп мерт болса, кәсіпкер жауапқа тартылады. Осының шешімі табылса, өгіз өлмес, арба сынбас, – дейді Сайын Ибрагимов.

Бәрі Арқаның ақбөкенінен мезі болғанын алға тартады. Сонда Үкіметтен қандай көмек керек? Атуға рұқсат па? Бұл сауалға «иә» деген жауапты талай қызыл көз браконьер асыға күтіп-ақ отыр. Қарағанды орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығы коммуналдық мекемесінің директоры Мақсат Мұқановтың айтуынша, диқандар дабылы күні бұрын күн түбіне жетіп, құзырлы орындар талқылауында көрінеді.

– Әлі ақбөкенді ата беруге болады деген бұйрық та, заң да шыққан жоқ. Оның бәрі арнайы ереже мен тәртіптің аясында ғана іске асады. Еске сала кетейін, ақбөкенді заңсыз аулаудың соңы – сол баяғыдай қатаң жаза. Қауесет құлағына жеткен жандардың көбі қаруын сайлап, қыр басында дүрбі салудан аулақ болсын, – деді Мақсат Жеңісұлы.

Асылында, бәрі құзырлы орындар шешімінен кейін анық болады. Ал, әзірге сабырмен әліптің артын баққан абзал. Бір кездегі Орал популяциясының 80 мың киігін атуға рұқсат берілген жағдайы қайталанбаса игі. Қалай болған күнде де, киіктің киесі кісі ісіне қарамасы хақ.

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button