Жәдігер

Ағаш табақ

Мұндай ағаш табақты қазір кездестіру қиын. Кезінде қадірлі қонағына қазақ етті осындай табақпен тартқан. Кей жерде «астау» деп те атайды. Астау – қазақ халқының ас тартуға арналған ыдыс-аяғы. Қолөнер шеберлері астауды жасау үшін қайың, терек, үйеңкі, тағы басқа ағаш түрін пайдаланған, ою-өрнекпен көркемдеген.

Ал, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қорында тұрған мына ағаш табақтың өзіндік тарихы бар. Оны кезінде жалынды публицист, ақын, жазушы Баубек Бұлқышевтің отбасы тұтынған. Баубекті исі қазаққа таныстырып жатудың өзі артық. Соғыс басталар алдында, 1940 жылы өз сұранып әскер қатарына алынған Баубектің майдан даласында қаруы мен қаламын қалай пайдаланғанын қалың қазақ біледі. Оның «Өмір мен өлім», «Шығыс ұлына хат», «Заман біздікі», «Жауыздық пен махаббат» деген шұрайлы шығармалары сұрапыл соғыста ғана емес, күні бүгінге дейін өскелең ұрпақтың бойына өршіл рух беріп келеді.

Жауһар жәдігерді Баубек Бұлқышевтың жақын туысы Әнес Сағымбаев 1981 жылға дейін ағасының көзі деп үйінде сақтаған екен. Елдің ортақ игілігіне айналсын деген игі ниетпен 2020 жылы 24-қарашада музей қорына өткізіпті.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button