Бас тақырыпОблыс әкіміРесми

Азаматтық институт әлеуметке тірек

Қарағанды қаласында «Қарағанды облысының азаматтық секторы – Қазақстанның даму жағдайында» атты облыстық үкіметтік емес ұйымдардың өңірлік конференциясы өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева, «Қарағанды облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Дмитрий Полтаренко, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органның және аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен аудандардан өкілдер қатысты.

Ербол Әліқұлов

Модератор, «Қарағанды облысының кәсіпкерлер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Серік Санаубаев конференцияның маңызына егжей-тегжейлі тоқталды. Өңірдегі азаматтық қоғам институттарын дамыту, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жұмылдыру, олардың міндеті туралы тұрғындарды ақпараттандыру, қоғамдық ұйымдардың оң имиджін қалыптастыру әрі әлеуметтік қызметтерді көрсететін осындай ұйымдардың мәртебесін көтеру мақсатында өткізіліп отырғандығын тілге тиек етті.

– Үкіметтік емес сектордың дамуы мен қалыптасуы – демократиялық мемлекеттің негізгі және құрамдас бөліктерінің бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан Қазақстанда азаматтық қоғам маңызды роль атқаратын мемлекет құру басты мақсат болды. Саяси, әлеуметтік экономикалық және басқа да қолға алған реформаларды жүзеге асыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Мұның дәлелі, үкіметтік емес ұйымдар қызметінің белсенділігі. Бүгінде елімізде 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым ресми тіркелсе, соның 1000-ға жуығы Қарағанды облысында. Осы орайда, облыста үкіметтік ұйымдардың қатысуымен мемлекеттік тапсырысты орындауда 3,9 млрд. теңгеге 198 жоба іске асырылуда. Үкіметтік емес ұйымдар қоғам қызметінің барлық салаларын қамтиды. Әділетті Қазақстанды құруда, өңірдің алға қойылған міндеттерін шешуде үкіметтік емес ұйымдардың ролі маңызды, әрі қомақты үлес қосатынына сенеміз – дейді, облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов.

Қоғамда үкіметтік емес ұйымдардың араласуымен көптеген мәселелер шешімін тапты. Олар қоғамдағы өзекті мәселелерді ескере отырып, талқылап, нақты жүзеге асыруға зор үлес қосты. Әрі болашақтағы басымдықтарды айқындады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазіргі және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында негізгі үш –Әділетті Қазақстан, Әділетті экономика, Әділетті қоғам басымдықтарына баса назар аударды. Барлық саланы қамтыған бөлімдерде саяси жаңғыру, экономикалық саясат, әлеуметтік қорғау, экологиялық мәселелерге де жіті мән берілген – дей келе азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, үкіметтік емес ұйымдарға билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату үшін қолдау көрсетіп, әлеуетін арттыру қажет екенін де айтып өтті.

Сонымен қатар, «Қарағанды облысының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Дмитрий Полтаренко да, азаматтық қоғам институттары оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуде жүйелі жұмыстарды жүзеге асырып жатқанына тоқталды. Сонымен қатар, аталмыш үкіметтік емес сектордың конкурстарға түсуде кездесетін кедергілерді де тізбектеп айтып, жауапты мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алулардағы техникалық ерекшеліктерге бақылау жасау қажеттігін айтты. Көп жағдайда мемлекеттік конкурстарда өзге аймақтардан да мемлекеттік емес сектордың түсуі жиілеп кеткен. Бұл сапалы қызмет көрсетуге үлкен кедергі. Әр аймақтың өз ерекшелігі ескерілуі тиіс екендігін баса айтты.

Қоғамдық процестерді талдауды зерттеу орталығының атқарушы директоры Серік Тлекбаев дін мәселелеріндегі азаматтық сектордың ролі, «Lituanica» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА бас кеңесінің мүшесі Виталий Тварионас ұлттық мәдени орталықтардың қызметі, проблемалары және даму перспективалары туралы, «Талбесік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләззат Қожахмет халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс мәселелері бойынша, «Отражение» қоғамдық бірлестігінің өкілі Диас Қорабаев экология саласындағы өзекті мәселелер туралы тұшымды баяндама жасап, өзекті мәселелерді көтерді.

Қазіргі таңда тұрғын үй мәселесін шешуге арналған мемлекеттік бағдарламалар игілігін көпбалалы отбасылардың көре алмай отырғандығы. Яғни, пайызы төмен болғанымен, баспана бағасының қымбаттап кетуі мен жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қомақты қаржыны кез келген отбасының қалтасы көтере бермейтіндігі, сондай-ақ, кейбір мемлекеттік бағдарламалардың орындалысы да көңіл көншітпейтіндігі конференцияда өзекті мәселе ретінде көтерілді.

– Мемлекет тарапынан жастар саясатын қолдауда көптеген бағдарламалар қабылданып, іргелі жұмыстар атқарылуда. Алайда, жастар саясатын жүзеге асыруда түрлі тапсырыстарды орындауда қиындықтар бар. Кез келген жобаның көздеген мақсаты болады. Кейбір сырттан келетін үкіметтік емес секторлар көбіне нақты мақсатты емес, коммерциялық мақсатты жоғары қояды. Осыған орай, сапа жапа шегеді. Бұны қанша ойлансам да шешудің жолын таппадым. Мүмкін заңды, тәртіпті қатаңдату керек. Әлеуметтік салада коммерциялық үлес болмауы керек. Мемлекеттік сатып алу базасында көптеген жобалардың мерзімі біржылдық қана. Бұл үлкен қателік. Бір жылда нәтижеге жету мүмкін емес. Бірінші жылда зерттеу-зерделеу, жоспар құру болса, қалған екінші, үшінші жылда бағдарламаны жүзеге асырамыз. Және жастарды қолдау аясында кәсіпкерлік сауатты арттыруға бағытталған түрлі оқу-ағарту шаралары жүзеге асып жатады. Бұдан гөрі жастарға саяси сауатты арттыратын іс-шаралар жүргізілгені дұрыс болар еді, – дейді «Pixel» жобалық студиясының басшысы Абай Амантай.

Конференция барысында қоғам қайраткері, «Parasat» саяси науқандарды бақылау қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Абдрахманова, «Жарқын болашақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Шаймағанбет, теолог, әл-Машани мешітінің имамы Жанболат Қошкелдиевтер үкіметтік емес секторлар, олардың қызмет аясын кеңейту, жауапкершілігі әрі заңнамалық тұрғыда бірқатар ұсыныстарын айтты. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттердің бірі – «халық үніне құлақ асатын мемлекетті» әрі қарай нығайту, бірлесе жұмыс жасау, халықпен пікірлесу, олармен санасу қажет екендігі де сөз болды.

Конференция соңында оң нәтиже көрсетіп жүрген қоғамдық бірлестіктер марапатталды.

Сағыныш ӘБІЛ.

Суреттерді түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Басқа материалдар

Back to top button