Абай

Бұқаралық спортты дамытуда Абай ауданы көш бастап тұр

Бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда Абай ауданы көш бастап тұр десек, артық айтқанымыз емес. Биылдың өзінде ауданның құрама командасы облыстық XXXII «Қарлы қыс – 2022», XXXIV «Сарыарқа – 2022», V тірек – қимыл аппараттары зақымданған, есту және көру органдарының жұмысы бұзылған мүгедек спортшылар арасындағы және әйелдер спартакиадаларында жалпыкомандалық есепте жүлделі І орынды жеңіп алды. Абайлық спортшылар спорттың өзге де түрлерінен өткен жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріліп жүр.

Бұқаралық спортты дамытуда Абай ауданы көш бастап тұр

«Мұның барлығы дене шынықтыру мен спортты дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленіп, оның жүйелі жүзеге асырылуының арқасы деп білемін. Қазір аудан халқының 37,2 пайызы, яғни 59 166 тұрғынның 22 мыңы үнемі дене шынықтырып, спортпен айналысады», – дейді аудандық дене шынықтыру мен спорт бөлімінің басшысы Амангелді Нұрмұханов.

Ауданда 150 спорт ғимараты жұмыс істейді. Биыл Абай қаласындағы «Жігер» стадионының ауласында скейт спорт алаңы, дене шынықтыру және спорт кешенінің жанынан көпсалалы хоккей корты, 2-ші ықшам аудан мен Вольный ауылында жасанды көгалы бар футбол алаңы, Жартас ауылында Street Workout алаңы ашылды. Ақбастау, Көксу, Жартас, Қоянды ауылдарындағы Мәдениет үйіне аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа тренажерлер орнатылып, тұрғындардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалды.

Ал, Топар кентінде 100 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ауданның барлық кенттері мен ауылдық округтерінде тұрғындардың дене шынықтырып, спортпен тұрақты айналысуы үшін хоккей корттары салынып, Абай қаласында, Южный, Қарабас кенттерінде, Дубовка ауылында Street Workout спорт алаңдары орнатылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Мәдениет үйлерінің жанынан дене шынықтыру-сауықтыру клубтары ашылып, спорт секциялары жұмыс істейтін болады.

Әлемге әйгілі Серік Сәпиев, Серік Нұрқазов, Абылайхан Жүсіповтерді тәрбиелеп өсірген аудандағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың алты түрі бойынша 735 жеткіншек жаттығады. Оның волейбол, қазақ күресі, дойбы, баскетбол және NOMAD MMA бөлімшелері Топар, Қарабас, Южный кенттерінде және Дубовка, Құлайғыр, Агрогородок, Қараған, Вольный ауылдарында ашылған.

Жыл басынан бері аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі қысқы және жазғы спорт түрлерінен 73 іс-шара өткізген. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттап әрі қарай өркендету мақсатында құмай тазы тұқымдас иттермен «Шырға тарту» сайысы бойынша республикалық жарыс, ұлттық ат спорты түрлерінен фестиваль ұйымдастырған.

Ауданның құрама командасы облыстық «Қарлы қыс» қысқы спартакиадасының 19 дүркін және «Сарыарқа» жазғы спартакиадасының 18 дүркін чемпионы. Бұл еліміздің орталығындағы бір ауданның Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп атаған орнықты даму көрсеткіші деп білеміз.

Ержан ИМАШ

Абай ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button