Бас тақырыпЖаңалықтар

Нұржібек Жансүгірова – құрмет төрінде

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, еңбек ардагері, С.Сейфуллин театрының актрисасы Нұржібек Жансүгірованы 70 жас мерейтойымен құттықтады.

Суреттер С.Сейфуллин театрының әлеуметтік желідегі парақшасынан

Әлібек Үсенұлы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың атынан сый-сияпат табыстап, ізгі тілегін жеткізді.

Өнер жолында ұзақ жылдар еңбек еткен Нұржібек Жансүгірова театр сахнасында талай жарқын бейнені сомдап, ұлттық өнердің дамуына үлес қосып келеді. Оның шығармашылық еңбегі мен өнерге деген адалдығы кейінгі буынға өнеге.

Айта кетейік, Нұржібек Жансүгірова 1956 жылдың күзінде Талдықорған (қазіргі Жетісу) облысы, Бөрлітөбе ауданының (қазіргі Ақсу ауданы) Матай станциясында дүниеге келген. 1974 жылы Матайдағы орта мектепті тәмамдаған соң, Алматы қаласындағы өнер студиясында білім алып, шығармашылық жолын өнермен байланыстырды.

1976 жылдан бері Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында еңбек етіп келеді. Театр сахнасында сан алуан бейнені сомдап, көрермен ықыласына бөленген.

Көп жылғы жемісті еңбегі мен ұлттық өнерге қосқан үлесі лайықты бағаланып, «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері. Әрі облыс әкімінің сыйлығының лауреаты.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button