Өңірде кәсіпкерлікті қолдау тетіктері кеңейтіледі
Өңірде кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау бағдарламаларын барынша қолжетімді ету мақсатында екінші деңгейлі банктер және даму институттарымен ынтымақтастық аясы кеңеймек. Осы мақсатта облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев екінші деңгейлі банктер, қаржы ұйымдары және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшылығымен кездесті. Кездесуде қаржылық тетіктерді тиімді пайдалану, бизнес дамуына кедергі келтіретін түйткілдерді анықтап, оларды өңірлік деңгейде шешу жолдары талқыланды. Әрі өңір басшысы 2027 жылға арналған ынтымақтастық жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Жиында өңір басшысы кәсіпкерлердің қаржы тарту кезінде бетпе-бет келетін қиындықтарын бүкпесіз айтып, оларды еңсеру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді сұрады.

– Біз үшін кәсіпкерлерге қолданыстағы қолдау шаралары туралы ақпарат берумен ғана шектелу маңызды емес. Бұл бағдарламалардың іс жүзінде қаншалықты қолжетімді екенін, кәсіпкерлердің қандай қиындықтарға тап болатынын және қаржылық тетіктердің тиімділігін арттыру үшін нені өзгерту қажет екенін түсінуіміз керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кездесу барысында бизнес пен қаржы ұйымдары арасындағы тікелей диалогты нығайту басым бағыттардың бірі ретінде аталды. Бүгінде өңірде кәсіпкерлерге банктермен, даму институттарымен және мемлекеттік органдармен ашық пікір алмасуға мүмкіндік беретін «бизнес-таңғы ас» форматы сәтті жолға қойылған. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев мұндай кездесулерде бизнес өкілдері мемлекеттік қолдау шаралары жайында, жеңілдетілген несие шарттары және қаржы тарту мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет айтылатынын баса айтты.

Бұл тәжірибе 2027 жылы да жалғасын таппақ. Келер жылы екінші деңгейлі банктер тарапынан қатысушылар қатары толығып, қамтылатын кәсіпкерлер саны артады. Сондай-ақ, мұндай басқосулар облыс орталығымен ғана шектелмей, өңірдің өзге қалалары мен аудандарында да ұйымдастырылады.
Жиында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне де айрықша мән берілді. Қазір өңірлік тізілімге әлеуметтік кәсіпкерліктің 60 субъектісі енген. Оларға арнайы қолдау шаралары қарастырылған. Ал, мұндай мәртебе 5 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген қаржыландыруға жол ашады.
– Әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған арнайы несие өнімдері, икемді қаржыландыру шарттары және жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде сүйемелдеу тетіктері болғанын қалаймыз. Екінші деңгейлі банктердің қатысуы осы санаттағы кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін едәуір кеңейте алады, – деді Асқар Ғазалиев.
Өңір бизнесін өркендетуде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының орны бөлек. Жыл басынан бергі 11 айда қордың қолдауымен 240 жоба қаржыландырылып, тағы 101 өтінім банктердің қарауына жіберілген. Негізгі құралдар – жеңілдетілген несие беру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және қарыздарға кепілдік беру. Бағдарламаларды жүзеге асыруда Қазақстан Халық Банкі көш бастап тұр. Жалпы, портфельдің 34 пайызы осы банкке тиесілі. Одан кейінгі орындарда Аграрлық несие корпорациясы, Банк ЦентрКредит, ForteBank және Bereke Bank орналасқан.
Дегенмен қор жұмысы қаржы бөлумен ғана шектелмейді. Кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беріп, әкімшілік рәсімдерден өтуге жәрдемдесу де маңызды. Осы орайда желтоқсан айында «Даму» қоры, «Атамекен» палатасы және Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бірлесіп, халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) қағидаты бойынша арнайы консультациялық аймақ ашуды жоспарлап отыр. Бұл бастама кәсіпкерлердің бейінді ұйымдармен байланысын жеңілдетіп, барлық қажетті қызметті «бір терезе» арқылы алуына мүмкіндік береді.
Облыс әкімі несие мақұлданғаннан кейін де кәсіпкерлерді кешенді сүйемелдеу қажеттігін еске салды. Атап айтқанда, жер телімдерін бөлу, техникалық шарттарды алу және инженерлік желілерге қосылу мәселелері назардан тыс қалмауы тиіс.
Кездесуде Аграрлық несие корпорациясы да өз бағдарламаларын таныстырды. Ұйымның басты бағыты – ауыл шаруашылығы мен аграрлық өнімдерді өңдеу саласын қаржыландыру. Мәселен, «Кең дала» бағдарламасы арқылы шаруалар жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен несие ала алады. Корпорация өкілі банктерді осы жобаға белсене қатысуға шақырып, өз тарапынан агрожобаларды бағалауда және банк мамандарына кеңес беруде сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz


