Түркістанда Конституция аллеясының капсуласы салынды
Түркістанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Конституция аллеясының капсуласын салу рәсімі өтті. Тағылымды шара «Мәдениеттер диалогы – 2026» II халықаралық симпозиумы аясында ұйымдастырылып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер алаңы» жобасын жүзеге асыруға негіз болды.

Салтанатты рәсім «Астана» саябағында өтіп, оған Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимова, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, шетелдік делегация өкілдері мен симпозиум ұйымдастырушылары қатысты. Бұл бастама ел тәуелсіздігінің тарихи маңызын айшықтап қана қоймай, Конституция құндылықтарын ұлықтап, мемлекеттіліктің негіздерін дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды.
Рәсім барысында сөз сөйлеген Эльвира Азимова Тәуелсіздік пен Егемендік мемлекеттіліктің, халық бірлігінің және елдің дербес дамуының негізін айқындайтын іргелі конституциялық құндылықтар екенін атап өтті.
– Бүгін Конституция аллеясына капсула салу – Тәуелсіздік тарихына деген құрметтің, конституциялық құндылықтарға бейілділіктің және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің белгісі, – деді Конституциялық Сот Төрағасы.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуындағы Түркістанның тарихи және рухани маңызын атап өтті.

– Тәуелсіздік – халқымыздың басты құндылығы және мемлекеттілігіміздің негізі. Оны сақтау, нығайту және келешек ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет, – деді ол.
Еліміздің тарихи және рухани орталықтарының бірінде Конституция аллеясын құру ұрпақтар сабақтастығының, Ата Заңға деген құрметтің және конституциялық құндылықтарға бейілділіктің символына айналуға тиіс. Бұл бастама сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті, ұлттық бірлікті, Конституция мен құқық үстемдігі мәдениетін нығайтуға, конституциялық тарихи жадыны сақтауға және құндылықтық бағдарларды болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.



