Балалар жүретін жол қауіпсіз бе?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында қауіпсіз әрі жайлы қалалық орта қалыптастыру, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту, цифрлық технологияларды дамыту мәселелеріне назар аударды. Бұл міндеттердің маңызды бөлігі – балалардың мектепке қауіпсіз барып-келуіне жағдай жасау. Өйткені, қауіпсіз қала кең көшелер мен заманауи ғимараттардан ғана емес, жарықтандырылған жолдардан, талапқа сай жаяу жүргіншілер өткелдерінен және тұрғындардың қауіпсіздігіне деген жауапкершіліктен басталады.

Қарағанды облысында да жол қауіпсіздігін арттыру бағытында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Әсіресе, цифрлық технологияларды енгізу арқылы жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің тәртібін бақылауға басымдық берілуде. Мәселен, Қарағандыдағы Орталық саябақ маңындағы Интернационалист жауынгерлер көшесінде орнатылған «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» іске қосылғалы бері жол жүрісі қағидаларын бұзудың 188 дерегін анықтаған.
Аппараттық-бағдарламалық кешен жаяу жүргіншілердің бағдаршамның тыйым салатын сигналына жолдан өту жағдайларын тіркейді. Жүйе Face ID технологиясымен жабдықталған. Ол құқық бұзушылықтарды тіркеп, тиісті шара қабылдау үшін ақпаратты полиция қызметкерлеріне жіберуге мүмкіндік береді. Бұл – жолдағы тәртіпті күшейтіп, жаяу жүргіншілер қатысатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған цифрлық шешімдердің бірі.
Облыстық Полиция департаменті тұрғындарды жол ережелерін қатаң сақтауға, көшені тек белгіленген орындардан және бағдаршамның рұқсат беретін сигналына өтуге шақырады. Сондай-ақ, жолдан өтерде мобильді құрылғыларға алаңдамаудың маңызын ескертеді. Балалардың жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда ересектердің жеке үлгісі ерекше рөл атқарады. Бала жол ережесін ең алдымен ата-анасының әрекетінен үйренеді.
Бұл мәселе әсіресе балаларын күн сайын мектепке шығарып салатын ата-аналар үшін маңызды. Қарағанды қаласының тұрғыны, төрт баласы мектепте оқитын көпбалалы ана Ләззат Әминқызы балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтады. Оның сөзінше, балалары күн сайын екі аялдама автобуспен қатынайды. Ал қызы түстен кейін оқитындықтан, сабақтан қайтатын уақыты көбіне қараңғы мезгілге сәйкес келеді.
– Ана болған соң алаңдамай тұрмайсың. Балаларым мектепке автобуспен екі аялдама жүреді. Қызым түстен кейін оқиды, сондықтан үйге қайтатын кезде ерте қараңғы түсіп кетеді. Әрине, уайымдаймын. Дегенмен қазір көп жерде бейнебақылау камералары орнатылып, көшелер жарықтандырылып жатыр. Соған шүкір дейміз. Балаларымыздың амандығы бәрінен маңызды, – дейді Ләззат Әминқызы.
Қаладағы көлік қозғалысын реттеуде де цифрлық технологиялар қолданыла бастады. Қарағандының 7-магистралінде жасанды интеллект негізінде әзірленген бағдаршамдарды басқару жүйесі пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Бүгінде қаланың жол қозғалысын басқарудың бірыңғай жүйесіне 233 бағдаршам қосылған, оның 10-ы бейімделмелі режимде жұмыс істейді.
Облыс әкімдігінде өткен кеңесте Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкий жаңа жүйенің жұмыс тәртібін түсіндірді. Оның айтуынша, жасанды интеллект бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларынан түсетін ақпаратты біріктіріп, жолдағы ахуалды нақты уақыт режимінде талдайды.
– Камералар әр жолақтағы көлік санын есептейді. Нейрожелі қозғалыс қарқындылығы мен бағдаршамдардың қолданыстағы жұмыс режимдерін саралап, жолдың әр учаскесіне арналған оңтайлы параметрлерді ұсынады, – деді Константин Ильницкий.
Пилоттық жоба Терешкова көшесінен Стартовый бұрылысына дейінгі 7-магистраль учаскесінде жүзеге асырылуда. Бұл аралықтағы алты бағдаршам өзара үйлестірілген режимде жұмыс істейді. Жоба көлік кептелісін азайтып, қозғалыс қарқындылығын реттеуге бағытталған. Мамандардың алдын ала есебінше, таңертең солтүстік бағыттағы көліктердің тоқтау саны орта есеппен үштен бірге дейін қысқаруы мүмкін. Ал жалпы алғанда, бағдаршамдардың жұмысын үйлестіру қарбалас уақытта көліктердің орташа кідірісін шамамен 40 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа режим жұмыс күндері таңғы сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін және кешкі 16:30-дан 19:30-ға дейін қолданылады. Қалған уақытта бағдаршамдар бұрынғы тәртіппен жұмыс істейді. Қазір мамандар жүйе ұсынған шешімдерді нақты жол жағдайында сынақтан өткізіп жатыр. Пилоттық кезең аяқталған соң оның тиімділігі бағаланып, өзге көшелерге енгізу мүмкіндігі қарастырылмақ.
Дегенмен, көлік қозғалысын оңтайландырумен қатар, мектеп маңындағы қауіпсіздік те назардан тыс қалмауы керек. Жаяу жүргіншілер өткелдерінің анық көрінуі, жол белгілерінің талапқа сай орнатылуы, көшелер мен аулалардың жарықтандырылуы, бейнебақылау камераларының жеткілікті болуы – балалардың күнделікті қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін факторлар. Әсіресе, кешкі уақытта сабақтан немесе үйірмеден қайтатын оқушылар үшін мұның маңызы зор.Қауіпсіздік тек полицияның немесе әкімдіктің міндеті емес. Ата-аналар балаларға жолдан өту тәртібін үйретіп, жүргізушілер мектеп маңында жылдамдықты сақтауы, ал, тұрғындар қауіпті учаскелер мен жарықтандыру, бейнебақылау мәселелерін байқаса, тиісті органдарға хабарлауы қажет. Қоғамдық бақылау мен цифрлық мүмкіндіктердің үйлесуі жолдағы олқылықтарды дер кезінде анықтауға көмектеседі.
Президент Жолдауында айтылған қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру талабы осындай күнделікті мәселелерден басталады. Өйткені, қаланың қаншалықты қауіпсіз екенін заманауи технологиялар ғана емес, әр баланың мектепке барып, үйіне аман-есен оралу мүмкіндігі де көрсетеді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



