Қазақстан медициналық туризмнің танымал бағытына айналып келеді. Әсіресе, шетелдіктерді еліміздегі қолжетімді әрі сапалы стоматологиялық қызметтер қызықтырады. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді.

Тимур Сұлтанғазиев өз сөзінде Қазақстанға алыс шетелдерден де азаматтар келіп жатқанын баса айтты. Себебі, кейбір мемлекеттерде тіс имплантын орнату бірнеше мың, тіпті, ондаған мың доллар немесе еуро тұрады екен. Вице-министр бұл деректерді Қазақстан стоматологтары қауымдастығының мәліметтеріне сүйеніп жеткізді.
– Қазақстанда тексеруден өту немесе дәл сол имплантты орнату әлдеқайда арзан. Ал, стоматологиялық қызметтердің сапасы жағынан біз ешкімнен кем емеспіз, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Журналистер шетелдіктер тарапынан сұраныстың артуы жергілікті тұрғындар үшін емдеу бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін бе деп сұрады. Вице-министр министрлікте мұндай қауіп жоқ екенін айтты.
– Керісінше, шетел азаматтарының ағыны артқан жағдайда стоматологиялық кабинеттерде жұмыс істейтін мамандардың лайықты табыс табуына мүмкіндік көбейеді деп санаймыз. Бұл орта буын медицина қызметкерлеріне де, дәрігерлерге де қатысты, – деп түсіндірді ол.
Вице-министр қосымша табыс медицина саласының басқа бағыттарына түсетін жүктемені де азайтуға көмектесуі мүмкін екенін жеткізді. Бұдан бөлек, стоматология саласына қаржыландырудың жаңа көздерін тарту жоспарланған. Ал, медициналық туризмнің жалпы дамуы ел экономикасына оң әсер етеді деп күтілуде.
Шетелдіктердің қызығушылығы артып келе жатқандықтан, «медициналық туризм» ұғымын заң жүзінде бекіту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, емделу үшін шетелден келетін азаматтарға қызмет көрсету және оларды сүйемелдеу тәртібі жеке реттеледі.
Құрылтай отырысында сөз сөйлеген Тимур Сұлтанғазиев бұл отандық клиникалардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қосымша инвестиция тартуға жол ашатынын атап өтті. Дегенмен оның айтуынша, Қазақстан азаматтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала береді.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.



