Жаңалықтар

Сүт өндірісіндегі жаңа серпін

Өңірде ауыл шаруашылығы саласын индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешеннің өндірістік әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Осакаров ауданында қолға алынған «Евразия Инвест LTD» компаниясының ірі инвестициялық жобасы. Құны 30 млрд теңгеден асатын бастама сүт өндірісін дамытуға, мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге және отандық өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған. Родников ауылдық округінде жаңа сүт-тауар фермасы бүгінде жылына 70 мың тоннадан астам өнім өндіруге қауқарлы.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында ауыл шаруашылығын экономиканың маңызды қозғаушы күштерінің бірі ретінде атап өтіп, саланы технологиялық жаңғырту, еңбек өнімділігін арттыру және отандық өнім өндірісін ұлғайту міндеттерін алға қойған болатын. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беру қажеттігіне назар аударды. Осакаров ауданында жүзеге асырылып жатқан жоба осы міндеттерді нақты іспен ұштастырып, өңірдің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Жобаның жүзеге асырылу барысымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысып қайтқан болаты. Кездесу барысында кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктері, құрылыс кезеңдері және алдағы даму жоспары сөз болды.

– Біз бие сүтін өңдеуден бастап, толық циклді көпсалалы холдингке дейінгі агроөнеркәсіптік кластер құрып жатырмыз. Оның негізгі нысаны – сүт-тауар фермасы. Сауын сиырға арналған 1 200 басқа есептелген алғашқы кезеңі іске қосылды. Қазір екінші кезеңінің құрылысы жүріп жатыр. 2027 жылы тағы 2 400 басқа арналған екінші кезең іске қосылады. Ал, 2028 жылы тағы 2 400 басқа арналған үшінші кезеңнің құрылысы басталады. Нәтижесінде, сауын сиыр саны 6 мың басқа жетеді, ал төлдерді қоса есептегенде жалпы мал басы 15 мыңнан асады, – деді «Евразия Инвест LTD» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади.

Өндірістің тиімділігі тек мал басының санымен өлшенбейді. Оның сапасы, күтімі, азықтандырылуы мен ветеринарлық бақылау жүйесі де маңызды. Осыны ескерген кәсіпорын заманауи мал шаруашылығы талаптарына сай инфрақұрылым қалыптастыруда. Фермада Голштин-фриз тұқымды сиырлар бағылады. Мал қоралары кең әрі қолайлы етіп жабдықталған, жемшөп пен суға еркін қолжетімділік қарастырылған. Ал, төлдер күнделікті ветеринарлық бақылаудан өткізіледі. Мұның барлығы малдың саулығын сақтап, сүт өнімділігін арттыруға бағытталған.

Жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі – өндірісті қажетті жемшөппен тұрақты қамтамасыз етуге арналған жеке базаның құрылуы. Компанияның иелігіндегі жер көлемі 56 мың гектарды құрайды. Оның 10 мың гектары суармалы жерлерге тиесілі. Бұл алқаптар мал азығын өсіруге және шаруашылықтың жемшөпке деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. Яғни, кәсіпорын сыртқы жеткізілімге тәуелділікті азайтып, өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті негіз қалыптастыруды көздеген.

Сонымен қатар, астық пен майлы дақылдарды сақтау үшін қуаты 35 мың тонна болатын элеватор пайдалануға берілген. Алдағы уақытта оның сыйымдылығын 50 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Өндірістегі негізгі үдерістер автоматтандырылған. Шикізаттың сапасы арнайы зертханада тексеріліп, сертификаттау талаптарына сәйкес бақылаудан өтеді.

Жобаның өңір үшін экономикалық маңызы да айрықша. Біріншіден, сүт өндіру көлемі ұлғайып, отандық сүт өңдеу кәсіпорындарын тұрақты шикізатпен қамтамасыз етуге жол ашылады. Екіншіден, мал шаруашылығы мен егіншілік бағыттарының өзара байланысы нығайып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұтас жүйесі қалыптасады. Ал, үшіншіден, мұндай ірі инвестициялық бастамалар ауылдық аумақтардың экономикалық белсенділігін арттырып, жергілікті инфрақұрылым мен еңбек нарығының дамуына ықпал етеді.

Жалпы, бұл жоба – дәстүрлі мал шаруашылығын заманауи технологиялармен ұштастырудың айқын көрінісі. Оның ерекшелігі – сүт өндірумен ғана шектелмей, жемшөп дайындау, мал басын көбейту, шикізат сапасын бақылау және болашақта өңдеу бағыттарын дамытуға негізделген кешенді тәсілінде. Жоба толық қуатына шыққан кезде Қарағанды облысының сүт өндірісіндегі әлеуеті артып, отандық агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына елеулі үлес қоспақ.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button