Бас тақырып

Қазақстанда жолаушылар тасымалы 2,9%-ға артты

2026 жылдың қаңтар-қазан айында Қазақстанда барлық көлік түрімен 1,64 млрд жолаушы тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға жоғары. Жолаушылар тасымалының көлемі бойынша еліміздің үздік үш өңірінің қатарына Қарағанды облысы да енді. Өңірде есепті кезеңде 122,2 млн адам тасымалданыпты, деп хабарлайды Оrtalyq.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Сурет ҰСБ

Он айда жолаушылар айналымы 80,3 млрд жолаушы-километрді құрады (жолаушылар айналымы – тасымалданған барлық жолаушының жүріп өткен қашықтығының жиынтық көрсеткіші). Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға өскен. Ал, жолаушылар тасымалынан түскен жалпы кіріс 1,4 трлн теңгеге жетті.

Жолаушылар тасымалының басым бөлігі автомобиль және қалалық электр көлігінің үлесінде. Аталған көлік түрлерімен жыл басынан бері 1,61 млрд адам сапарлаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9%-ға артық. Ал, жолаушылар айналымы 38,8 млрд жолаушы-километрге жетіп, 9,5%-ға ұлғайды.

Әуе көлігі қызметіне де сұраныс артқан. Қаңтар-қазан айларында ұшақпен 13,8 млн жолаушы тасымалданды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 5,3%-ға жоғары. Әуе көлігіндегі жолаушылар айналымы 10,7%-ға өсіп, 28,2 млрд жолаушы-километрді құрады. Осы бағыттағы тасымалдан түскен кіріс 852,1 млрд теңгеге жетті.

Ішкі су көлігімен 267,7 мың адам тасымалданып, жолаушылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,8%-ға артты. Жолаушылар айналымы да 10,8%-ға өсіп, 5,2 млн жолаушы-километрді құрады. Ал, теңіз және жағалау көлігі қызметін 46,8 мың жолаушы пайдаланған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 2,5 есе көп.

Теміржол көлігімен он айда 15,7 млн жолаушы сапарлады. Аталған көлік түріндегі жолаушылар айналымы 13,3 млрд жолаушы-километрге жетті.

Өңірлер бөлінісінде жолаушылар тасымалының ең жоғары көрсеткіші Алматы қаласында тіркелді. Мұнда 394,8 млн адам тасымалданған. Екінші орында 285,6 млн жолаушы көрсеткішімен Астана қаласы тұр. Ал, Қарағанды облысы 122,2 млн адаммен үздік үштікті түйіндеді.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жолаушылар санының өсу қарқыны Шымкент қаласында – 27,1%-ды, Астанада – 10,3%-ды, Қарағанды облысында – 9,2%-ды және Жетісу облысында – 8,4%-ды құрады.

Ал, жолаушылар айналымы бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда көрсеткіш 24,7 млрд жолаушы-километрге жеткен. Астана қаласында – 15,1 млрд, Шымкентте – 6,4 млрд жолаушы-километр тіркелді.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button