Жаңалықтар

Конституциядағы жаңа басымдықтар

Қазіргі қоғамда адамның құқығы тек күнделікті өмірмен шектелмейді. Цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік, сапалы білім алу, шығармашылық еркіндік және қолайлы қоршаған орта да өмір сапасының маңызды көрсеткішіне айналды. Осы мәселелердің бірқатары Қазақстанның жаңа Конституциясында көрініс тапты.

Сурет Ақордадан

Ақпараттық технологиялар дамыған сайын жеке деректердің қауіпсіздігі өзекті бола түсті. Жаңа Конституцияның 21-бабында азаматтардың дербес мәліметтерін заңсыз жинаудан, өңдеуден және пайдаланудан, соның ішінде цифрлық технологиялар арқылы қорғау құқығы бекітілген. Адамның жеке кеңістігін қорғауға бағытталған маңызды құқықтық кепілдік.

Конституцияның 23-бабында ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілген. Сонымен қатар,зияткерлік меншік заңмен қорғалатыны көрсетілген. Бұл жаңашылдық журналистер, ғалымдар, суретшілер, жазушылар мен шығармашылық сала өкілдері үшін маңызды. Авторлық еңбек пен идеяның құқықтық қорғалуы шығармашылық дамуға мүмкіндік береді.

Жаңа Ата Заңда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде белгіленген. Табиғатты қорғау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әр азаматтың да жауапкершілігі. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және келешек ұрпаққа таза табиғат қалдыру – қоғамның ортақ міндеті. Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту елдің ұзақ мерзімді стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. Бұл мемлекеттің болашағын тек табиғи байлықпен емес, білімді ұрпақтың әлеуетімен байланыстыратынын көрсетеді.

Жаңа Конституция дәстүрлі құқықтық нормалармен қатар, заманауи қоғамның сұраныстарына да жауап беруге бағытталған. Оның басты міндеті – азаматтардың құқығын қорғап қана қоймай, қауіпсіз, білімді және жауапты қоғам қалыптастыруға құқықтық негіз жасау.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button