Хақ жолындағы 6 мың шақырым
«Мекке менен Медине жолдың ұшы, Алыс сапар дейді ғой барған кісі», – деп жырлапты Шал ақын. Ықылым заманнан бері қасиетті мекенге табан тіреп, тәу ету – исі мұсылман баласының асыл арманы. Бұрнағы бабаларымыз айшылық алыс жерге керуен тартып, түйемен, ат-арбамен, кейін теңіз асып кемемен қатынап, сан түрлі мехнатты бастан өткерді. Ол дәуірде шөл мен шөлейттің аптабы, тау асуларының қатері өз алдына, ел-жұртымен бақұлдасып аттанған жолаушының «аман барып, есен оралсам» деген үмітінің өзі үлкен тәуекел еді. Ал, бүгін ше? Өркениет ұсынған жайлылықтың арқасында сол қиырды әуе кемесімен санаулы сағатта еңсеруге болады. Десе де, дайын сүрлеуді емес, алыс жолдың бейнеті мен рухани сынағын өз еркімен таңдаған жастар да бар. Солардың бірі – небәрі он тоғыз жасында қасиетті Меккеге сапарлаған қарағандылық Даниял Ерқанат. Орталық Қазақстан академиясында заң мамандығы бойынша білім алып жүрген екінші курс студенті облыстан осындай велосапарды алғаш жүзеге асырды. Даниялмен сапар төңірегінде аз-кем әңгіме өрбіттік.

– «Жол мұраты – жету» дейміз. Десе де, кейде адамның қандай ниетпен аттанғаны жеткен межесінен де маңыздырақ секілді. Қасиетті Меккеге велосипедпен бару туралы ой қайдан ұялады?
– Шынымды айтсам, бұл сауалға бір ауыз сөзбен қайыра салу қиын. Бәлкім, мұны риясыз жүрек қалауы деген жөн шығар. Хакім Абайдың «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі» деген даналығы бар емес пе?! Көкірегімде дәл сондай бір тылсым құлшыныс оянды. Бір күні таңертең ұйқыдан ояна сала, осы ойға тас-түйін бекіндім. Қасиетті мекенге табан тіреу – әрбір мұсылман баласының асыл арманы. Екінші жағынан, өз-өзімді сынап көргім келді. «Нәпсімді тізгіндеп, шыдамым жете ме, бастаған ісімді соңына дейін жеткізе аламын ба?» деген сауал маза бермеді.
Ертеде бабаларымыздың айлап, тіпті, жылдап жол жүріп, қажылық парызын өтегені тарихтан мәлім. Ол заманда сапарға аттанған адамның елге аман-есен оралар-оралмасы да беймәлім еді ғой. Осының бәрі санамда қайта жаңғырды. Десе де, бойымда күдіктен гөрі үміт басым болды, Жаратушының мейірімінен күдер үзбедім. Сөйтіп, «тәуекел түбі – желқайық» деп, небәрі төрт күннің ішінде қамданып, ұзақ сапарға шығып кеттім.
Негізі бұған дейін шетелдерге талай шыққанмын. Бірақ, дәл мұндай қиырға велосипедпен аттанып көрмеппін. Өзім грэпплингтен Қазақстанның спорт шеберімін, джиу-джитсудан спорт шеберлігіне үміткермін. Дегенмен, бозкілемдегі белдесу мен мыңдаған шақырымға велосипед тебудің айырмашылығы жер мен көктей екен. Мұны жолға шыққан соң анық сезіндім.
Астыма мінген велосипедім де алыс сапарға арнайы жасалған қымбат көлік емес. Сегіз жылдан бері өзім теуіп жүрген кәдімгі «МТВ». Сол «тұлпарымды» бабына келтіріп, қоржыныма азын-аулақ дәрі-дәрмек пен ең қажетті бұйымдарымды ғана салдым. Азық-түлік алып та әуре болмадым, «жүргенге жөргем ілінер» деген ниетпен жолға түстім.
Ал, үйдегілердің көзқарасына келсек, әуелде анам біраз қарсылық білдірді. Қиыр шетке жалғыз аттанған перзентіне қай ана алаңдамайды дейсіз?! Велосипедпен дүниені шарлаған жиһанкездердің бейнежазбаларын көрсетіп, көңілін орнықтыруға тырыстым. Ал, әкеме жолға шығып кеткенімді Осакаров ауданының тұсынан өтіп бара жатқанда бір-ақ естірттім (күледі).
Сапар алдында осындай тәуекелге барған өзге де саяхатшылардың тәжірибесіне де көз жүгірттім. Астанадан Меккеге 208 күн жаяу жүріп барған Азамат ағамыз туралы білетінмін. Сол кісінің қайсарлығы мен табандылығы маған ерекше жігер берді. Қасиетті мекенге велосипедпен Ұлытаудан аттанған ақсақалдың барын да естідім. Болашақта сол ағамызбен арнайы жүздесіп, сұхбаттассам деген ниетім бар.
– «Жол азабын жүрген біледі» деп бекер айтпаса керек. Сарыарқаның сайын даласынан шығып, Батыстың ұлан-ғайыр жазығын, Кавказдың тау-тасын басып өттіңіз. Алғашқы шақырымдардан-ақ алыс сапардың салмағы сезілген шығар. Жол қай тұста көбірек сынады?
– Ең алғашқы күні Қарағандыдан шығып, Теміртауға жеттім. Әдетте көлікпен зу етіп өте шығатын қас-қағымдық жол ғой. Ал, велосипед тізгіндегенде қашықтық мүлде басқа өлшеммен есептеледі екен. Екінші күні Елордаға ат басын тіреп, әрі қарай Қостанай бағытына бет түзедім. Одан кейін Жітіқара, Орск, Ақтөбе, Атырау, Астрахан, Владикавказ қалаларын басып өтіп, Грузия шекарасынан астым. Сөйтіп, Батумиге жетіп, одан әрі Стамбұлды бетке алдым.
Жолдың өз заңы бар іспетті. Алдын ала құрған жоспарың әрдайым жүзеге аса бермейді. Мәселен, Қостанайдан Ақтөбеге бет алғанда екі күн қатарынан өңменнен өтер өкпек жел соқты. Оның үстіне, карта көрсеткен бағыттың бәрі бірдей тиімді бола бермейді. Әуелде Жітіқарадан Бреды, Орск арқылы Ақтөбеге жетуді көздегенмін. Алайда, жергілікті жұртшылықпен ақылдаса келе, төте жол тауып алдым. Соның арқасында шамамен 350 шақырымдай қашықтықты қысқарттым. Ресей шекарасынан өтер тұста да біраз бөгеліс болды. Құжаттарым сақадай сай болғанымен, қазіргі геосаяси ахуалға байланысты тексеріс жұмыстарына біраз уақыт кетті.
Әсіресе, Грузияның құбылмалы, тосын табиғаты мені мықтап сынға алды. Біздің құрғақ ауаға үйренген ағзаға ондағы ылғалды климат пен жиі жауатын жаңбыр оңай тимейді екен. Соған қарамастан, денсаулығым айтарлықтай сыр берген жоқ. Мұны спортпен тұрақты шұғылданып, шыныққанымның арқасы деп білемін.
Ал, сегіз жылдық «тұлпарым» жол бойы алты-жеті мәрте жөндеу көрді. Қостанай, Ақтөбе, Атырау мен Астрахан қалаларында шеберхана жағалап, бұзылған жерін қалыпқа келтіріп отырдым. Десе де, Грузияның қиямет-қайым таулы жолдарына төтеп бергеніне дән ризамын.
Әрине, бүкіл қашықтықты бастан-аяқ тек велосипедпен еңсердім десем, артық болар. Қалалардың арасы тым алшақ жатқан тұстарда жолай көліктерге міндім. Әсіресе, алысқа жүк таситын жүргізушілер қолұшын созып, көп көмектесті. Кейде солармен бірге түнеп, кейде біраз жерге дейін жеткізіп тастайтын. Бас-аяғын есептегенде, бұл сапарым алты мың шақырымға жуықтады.
Жол үстінде сақтық шаралары да аса маңызды. Қараңғыда жүйткіген ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері мені алыстан байқауы үшін велосипедіме де, киіміме де арнайы жарық шағылыстырғыш белгілер тағып алдым. Тәуекелге бел буған жақсы, дегенмен жол қауіпсіздігін ешқашан естен шығармау керек.
– Қиыр сапарда көңіл құлазып, бір ауыз жылы лебізге зәру болатын сәттер де кездесетін шығар. Әңгімеңізден жол бойында талай мейірімді жанның жәрдеміне сүйенгеніңізді аңғардық. Жат өлкеде кезіккен сол бір шарапатты істердің қайсысы жадыңызда ерекше сақталып қалды?
– Мұндай оқиғалар аз болған жоқ. Бір қызығы, шынайы адамгершілік пен кеңпейілділікті өз еліміздің аумағында-ақ молынан сезіндім. Мәселен, Ақтөбеге жеткенімде телефонымның жадын ұлғайтып, қуаттағышын жөндетіп алмақ болдым. Бір сауда орталығындағы шеберханаға бас сұқтым. Қызмет құны да оңай соқпайтын көрінді, дегенмен, алыс жолға аса қажет болған соң ойланбастан келістім.
Әңгіме арасында мамандар менің қайда бет алғанымды сұрады. Мән-жайды естіген бойда дереу басшысына хабарласты. Сөйтсем, әлгі азамат еш бөгелместен барлық жұмысты тегін жасап беруді тапсырыпты. Таң-тамаша қалдым. Шексіз алғысымды жаудырып, есімін сұрадым.Жақсылығын әлеуметтік желідегі парақшама жариялап, елге үлгі еткім келген. Алайда, ол кісі үзілді-кесілді бас тартты. «Жарнама мен мақтаудың еш қажеті жоқ» дегендей сыңай танытты. Осындай да риясыз, қарапайым жандар болады екен-ау деп сүйсіндім.
Орск қаласында да біраз әбігерге түскен жайым бар. Түнейтін қонақүй таба алмай, оның үстіне ғаламтор байланысы да сыр беріп, тығырыққа тірелдім. Сол сәтте көшеде өтіп бара жатқан бір азамат жөн сұрасып, бар шаруамды реттеуге қолұшын созды. Бөтен жерде бейтаныс адамның жанашырлық танытқаны жанға ерекше жылу сыйлайды екен.
Ал, Грузияда далада түнеуге тура келген бір түн есімде ерекше қалыпты. Әбден қалжырап, тынығып жатқан едім, бір кісі келіп оятты. Ұлты шешен екен. Кім екенімді, қайдан шығып, қайда бара жатқанымды сұрады. Қасиетті Меккеге бет алғанымды естігенде таңданысын жасыра алмады. Содан мені өз көлігіне жайғастырып, алдыма ас-суын тосты. Ешқандай таныстығымыз жоқ болса да, туған бауырындай қамқорлық көрсетті.
Тағы бірде күн тас төбеден өтіп, аптап ыстықта әбден шөлдеп келе жаттым. Кенезем кеуіп, таңдайыма тамызар су таппай қиналған шағым еді. Кенет жаныма бір көлік келіп тоқтады. Амандық-саулықтан соң жүргізушіден су сұрадым. Сөйтсем, көлігінің жүксалғышы түрлі сусынға толы екен. «Қалағаныңды алып іш» деп, барлығын алдыма жайып салды. Шөліркеп келе жатқан жолаушы үшін мұндай кеңдіктің қадірі тіпті бөлек қой.
Жол үстінде небір таңғажайыпқа кезігесің. Атырау мен Астрахан арасындағы күрежолда швейцариялық бір жиһанкезді жолықтырдым. Жасы жетпіс сегізде екен. Еуропадан шығып, сонау Гонконгқа бет алып бара жатыр. Айтуынша, елу сегіз жасында саяхатқа аттанып, содан бері жиырма жыл бойы дүниені велосипедпен шарлап жүр. Ойлап қараңызшы, мен он тоғыз жасымда алғашқы үлкен сапарыма шықсам, ол кісі сексеннің сеңгіріне таяған шағында да саяхаттап жүр. Соны көріп қайран қалдым. Адамның асқақ арманға ұмтылуына жас ешқашан кедергі болмайды екен.
– Бір бағытты межелегенімізбен, кейде ойламаған соқпаққа түсіп кетеміз. Стамбұлға жеткенде жоспарыңыз күрт өзгеріпті. Сол тұста қандай жағдай болды?
– Иә, бастапқыда Ирак аумағы арқылы өтуді жоспарлаған едім. Алайда, виза рәсімдеу жағынан біраз кедергілер туындады. Иран бағытын да бағамдап көрдім, бірақ, ондағы күрделі геосаяси ахуалды ескеріп, басымды қатерге тікпедім. Әуелгі есебім бойынша Стамбұлға табан тіреп, одан әрі Дубайға ұшпақ едім. Десе де, ұзақ сапардың өз дегені бар екен – жоспарым жол-жөнекей бірнеше мәрте өзгеріске ұшырады.
Стамбұлда мүлде күтпеген тосын жайтқа тап болдым. Бір күні Instagram желісінде тікелей эфирге шығып, оқырмандарыммен емен-жарқын әңгімелесіп отырғанмын. Кенет аспанды қара бұлт торлап, күн күркіреп, найзағай ойнап, шелектеп нөсер құйып кетті. Дәл сол сәтте телефоным өшті де қалды, қайтып қосылмады. Сөйтіп, тура елу сағаттай байланыссыз қалдым.
Бөтен елде, жат жерде байланыссыз қалу оңай шаруа емес екен. Бүкіл бағыт-бағдар сызылған карта да, хабарласатын жақындарым да сол телефонның ішінде ғой. Абырой болғанда, Стамбұлда бұрын Қарағандыда дәріс берген ұстазым Абдумәлік Мейрамұлы бар еді. Қазір солжақта білімін жетілдіріп жүр. Сол кісімен жолығып, біраз шаруамды ретке келтірдім. Кейін сол маңда бір ағамыздың өз телефонын сатқалы жүргенін естідім. Маған ауадай қажет дүние, оған сату керек – іздегенге сұраған болып, әлгі телефонды сатып алдым.
Сауд Арабиясына велосипедпен өту барысында құжаттық әрі шекаралық қиындықтар туындауы мүмкін екенін де ескердім. Ақыры талай шақырымды бірге еңсерген «тұлпарымды» Стамбұлдағы медреселердің біріне аманаттап қалдырдым. Әлі күнге дейін сонда тұр. Бұйырса, алдағы уақытта елге алдыртып, өмірімдегі ерекше сапардың көзіндей етіп сақтағым келеді. Сегіз жыл бойы серік болған велосипедімнің мен үшін орны бөлек.
Сөйтіп, Стамбұлдан қасиетті Мәдина шаһарына ұшақпен жеттім. Нұрлы қалада үш күн аялдадым. Ешқандай гид жалдаған жоқпын. Тарихи Ұхуд тауына барып, Қыблатайн мешітінде зиярат еттім. Ағылшын тілін аздап меңгергенімнің осындайда пайдасы көп тиді. Малайзия мен Индонезиядан келген зияратшылармен танысып, қасиетті орындарды бірге аралаған сәттеріміз де болды.
Бір қызығы, Мәдина көшелерінің бірінен қазақы атауы бар мейрамхананы көзім шалып қалды. Ішке бас сұғып, ондағы жандармен танысып, жылы лебіздері мен қолдауларын сезіндім.
– Қаншама жер жүріп, талай сыннан өткен сапардың ең толқулы сәті де осы болса керек. Қасиетті Қағбаны алғаш көрген мезетте қандай күй кештіңіз?
– Шынымды айтсам, дәл сол сәттегі сезімді жай сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қасиетті мекеннің табалдырығын аттап, көз алдымда асқақтаған Қағбаны алғаш көргенде жүрегім ерекше тулап, жан дүнием алай-дүлей күй кешті. Ең әуелі осыншама қиыр жолдан, талай сыннан аман-есен өтіп, діттеген жеріме жеткеніме іштей тәубе еттім.
Айналаңа қарасаң, жер-жаһанның түпкір-түпкірінен ағылып келген сансыз мұсылман тәу етіп жүр. Сол қалың нөпірдің ортасында мен де тұрдым. Сонау Қарағандыдан аттанып, мыңдаған шақырымды артқа тастап, ақыры асыл арманыма қол жеткізгеніме шексіз қуандым. Жаратушы Иеме сансыз шүкіршілік айттым.
Меккеде бір аптадай аялдап, кіші қажылық – умра парызымды өтедім. Қасиетті шаһарда жүргенде туған елдегі қайғылы жағдайларға да қабырғам қайысты. Маңғыстаудағы қаралы оқиғада қаза тапқан бауырларымыздың рухына бағыштап, садақа бердім. Ондағы он төрт марқұмның есімін он төрт жайнамазға жаздырып, мұқтаж жандарға тараттым. Қасиетті Құран кітаптарын да сатып алып, шамам жеткенше үлестіріп шықтым.
Қазір сол күндерді еске алсам, кейде өз-өзіме сенбей, таңғаламын. «Осының бәрін шынымен өзім жүріп өттім бе?» деп ойға шомамын. Кей сәттері бұл өңім емес, ғажайып бір түсім сияқты көрінеді. Десе де, адам баласы шын ниет етіп, тәуекелмен әрекетке көшсе, Алланың қалауымен кез келген мақсатқа жетуге болады екен. Бұл сапардың маған берген рухани тағылымы да, өмірлік сабағы да ұшан-теңіз.
– «Адам алыс сапардан өзі аттанған қалпында оралмайды» деген тағылымды сөз бар. Қасиетті мекенге тәуекелмен жол тартқан кешегі Даниял мен талай белді асып, Қарағандыға оралған бүгінгі Даниялдың арасында қандай айырмашылық бар?
– Ең әуелі, туған жердің қадір-қасиетін бұрынғыдан да тереңірек түйсіндім. Қаншама жат елдің табалдырығын аттап, табиғатын тамашаласам да, өзіміздің кең-байтақ даламызға жететін жер жоқ екен. Әсіресе, Торғай өңірінен өткенде жайқалған егістік алқаптары мен айдын көлдерді көріп, кеудемді ерекше мақтаныш кернеді. Батыстың көз жетпес ұлан-ғайыр жазығы да жан дүниемде өшпес із қалдырды. Қиырға ұзаған сайын туған шаңырағың мен ағайын-туысыңды шын сағынады екенсің.
Қасиетті мекендегі құлшылығымды аяқтаған соң Жиддадан Ташкентке ұшып, одан әрі туған елге табан тіредім. Ағайын-туыс пен бауырларым құшақ жая, зор қуанышпен қарсы алды. Сол бір ыстық қауышу сәтіндегі толқынысымды да сөзбен айтып жеткізу қиын.
Бұл сапар менің өміріме басқа қырынан да тың өзгеріс әкелді. Жолға шығарда әлеуметтік желідегі оқырмандарымның саны бес жүзге де жетпейтін. Ал, қазір он бес мыңға жуықтады. Сапар барысында 360 градусқа түсіретін шағын камераммен жолдың қызығы мен шыжығын қалт жібермей таспалап, «Қарағандыдан – Меккеге» деген айдармен елге ұсынып отырдым.
Алайда, мұның бәрін атақ үшін не мақтан үшін жасаған жоқпын. Алыс сапарға бел буғысы келетін жастар жолдың тек әсерлі сәттерден емес, үлкен сын мен қиындықтан да тұратынын білсе екен дедім. Сапардан кейін ақыл-кеңес сұрап хабарласқандар көбейді. Тіпті, менің ізіммен жолға шыққан он шақты адамның тек екеуі ғана діттеген межесіне жеткенін естідім. Сондықтан, мұндай ұзақ жолға темірдей төзім, тыңғылықты дайындық пен зор жауапкершілік қажет.
Қазір күнделікті тұрмысыма қайта оралдым. Академиядағы оқуымды жалғастырып, шаштараздық кәсібімді дөңгелетіп жүрмін. Алдағы уақытта кәсібімнің көкжиегін кеңейтіп, саяхат тақырыбында танымдық жобалар түсіргім келеді. Өйткені, маған қарап, жолға шығуға құлшынып жүрген жандар бар, соларға нақты бағыт-бағдар беретін пайдалы дүние ұсынсам деймін.
Сөз соңында жуырда болған бір әсерлі жайтты айта кетейін. Ресейдің Вологда қаласынан сонау Таиландқа велосипедпен бет алған бір жиһанкездің Қарағандыға аялдайтынын естідім. Арнайы іздеп барып, құшақ жая қарсы алдым. Қонақ етіп дәм ұсындым, бұзылған велосипедін бірге жөндедік. Оның жол үстіндегі хәлін жан-тәніммен түсінемін ғой. Өзім де талай рет бейтаныс жандардың шарапатын көрдім. Енді міне, сондай жолаушыны көрсем, қайтсем көмектессем деп тұрамын. Осы ұлы сапардан түйген ең басты өмірлік сабағым да – адамдарға деген риясыз мейірім мен жақсылықты жалғастыру екен.
– Әңгімеңізге рақмет! Тәуекел мен табандылыққа толы бастамаларыңыз әрдайым сәтті болып, алдыңыздан тек ақ жол ашылсын!
Сұхбаттасқан Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



