Бас тақырыпЖаңалықтар

Ұстаз еңбегінің өлшемі не?

Ұстаздың кәсіби біліктілігі тек тест нәтижесімен өлшенбейді. Оның күнделікті еңбегі, оқушысының жетістігі, жинақтаған тәжірибесі мен әріптестерінің дамуына қосқан үлесі де ескеріледі. Осы ұстанымға негізделген педагогтерді аттестаттаудың жаңа жүйесі елімізде пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Жаңа тәртіп бойынша білімін бағалау тесті мен эссе жазу кезеңдері алынып тасталып, педагогтің кәсіби қызметін нақты дәлелдер арқылы бағалауға басымдық берілген. Балабақша тәрбиешісі, мектеп мұғалімі, колледж оқытушысы мен қосымша білім беру педагогіне қойылатын талаптар да сараланған.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Пилоттық жоба 2026 жылғы 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады. Осы төрт ай ішінде педагогтер қажетті құжаттарын «Ұстаз» ұлттық платформасына жүктеп, аттестаттау комиссиялары ұсынылған портфолионы бағалап, тиісті шешім шығаруы тиіс. Өтініш қабылдау мерзімі 15 желтоқсанға дейін белгіленген. Жаңа жүйе педагогтерді «педагог-модератор» санатынан «педагог-шебер» санатына дейін аттестаттауды қамтиды.

– Аттестаттау жүйесі түсінікті, ашық әрі әділ критерийлерге негізделуі керек. Педагогтің кәсіби дамуы оқушылардың білім сапасы мен қалыптастыратын дағдыларына тікелей әсер етеді. Пилоттық жоба осы рәсімді оңтайландыру және жетілдіру мақсатында әзірленді. Педагогтер белгіленген критерийлерге сәйкес құжаттарын цифрлық «Ұстаз» платформасына жүктейді. Өтініш қабылдау 15 желтоқсанға дейін жалғасады, ал аттестаттау комиссияларының жұмысы 31 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс. Келесі жылдың 1 қаңтарына дейін барлық шешім шығарылып, цифрлық форматта рәсімделеді. Педагогке нәтиже туралы хабарлама электронды поштасына жолданады. Платформаның тағы бір тиімділігі – оның Ұлттық тестілеу орталығының және басқа да ұлттық деректер базаларымен біріктірілуі. Соның арқасында тестілеу сертификаттары, біліктілікті арттыру туралы мәліметтер, педагогтің жұмыс орны мен лауазымына қатысты ақпараттар цифрлық профиліне автоматты түрде түседі, – деді «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының директоры Мейрамгүл Жетпісбаева.

Жаңа жүйедегі негізгі өзгерістің бірі – педагогтің білімін бағалау тесті мен эссе жазу кезеңдерінің алынып тасталуы. Енді маманның кәсіби қызметі цифрлық портфолиосы мен нақты жетістіктері негізінде бағаланады. Аттестаттау екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – біліктілік бағалау. Бұл кезеңде білім беру ұйымы педагогтің цифрлық профиліндегі құжаттардың толықтығын және біліктілік сипаттамаларына сәйкестігін тексереді. Екіншісі – қызмет нәтижелерін кешенді аналитикалық жинақтау. Мұнда аттестаттау комиссиясы педагогтің жұмысы мен жетістіктерін мәлімдеген санатына қойылатын талаптармен салыстырады.

Пилоттық жоба аясында педагогтің цифрлық профилі және тәуелсіз сарапшы ұғымдары енгізілген. Цифрлық профиль – бағалау критерийлеріне сәйкес педагогтің платформасында жинақталған электронды құжаттар жиынтығы. Тәуелсіз сарапшы онлайн сабақтарды бақылап, «Білім беру сапасын қамтамасыз ету» критерийі бойынша сабақтың бақылау парағын толтырады. Мұндай сарапшылардың тізімін облыстың білім басқармасы жасақтап, білім бөлімдеріне жолдаған.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы директорының орынбасары Марина Кушнир пилоттық жобаға қатысатын педагогтердің санаттары мен жаңа бағалау тәртібіне тоқталды. Оның түсіндіруінше, жобаға 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін біліктілік санатын алу үшін білімін бағалау тестін бірінші рет тапсырғанымен, қажетті шекті балды жинай алмаған педагогтер қатыса алады.

– Пилоттық жоба педагогтің қызметін бағалауда жаңа тәсіл қалыптастырады. Бұрынғы жүйеде тестілеу мен эссе жазу негізгі кезеңдердің бірі болса, енді педагогтің кәсіби цифрлық профилі мен нақты жетістіктері қаралады. Аттестаттаудың бұрыннан қалыптасқан кейбір талаптары сақталды. Мәселен, біліктілік санаты педагогтің атқарып отырған лауазымы бойынша беріледі немесе расталады. Егер дипломында бір мамандық ретінде көрсетілген пәндерді оқытса, санат негізгі лауазымы бойынша белгіленеді. Жоғары және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарында мамандар даярланбайтын пәндер мен курстарды оқытқан жағдайда, бұрын алған санаты сақталады. Педагог бір білім беру ұйымынан екіншісіне ауысса, әдістемелік сүйемелдеу ұйымына барса, қосымша жұмыс атқарса немесе қызметіне сәйкес басқа лауазымға тағайындалса, қолданыстағы санатының мерзімі аяқталғанға дейін сақталады. Комиссия педагогтің мәлімдеген санатқа сәйкес немесе сәйкес еместігі туралы шешім қабылдайды. Егер талапқа сай болмаса, қолданыстағы санатын сақтау немесе төмен санат беру мәселесі қаралады. Мерзімінен бұрын аттестаттауда мәлімделген санатқа сәйкес келмеген жағдайда, қолданыстағы санат мерзімі аяқталғанға дейін сақталады, – деді Марина Кушнир.

Педагогтің цифрлық профилін бағалау бірнеше негізгі критерийге негізделген. Олардың қатарында білім беру сапасын қамтамасыз ету, оқушылар мен педагогтердің олимпиадалар мен конкурстардағы жетістіктері, кәсіби тәжірибені жинақтау және тарату, біліктілікті арттыру, педагогтерге кәсіби қолдау көрсету және тәрбие жұмысын ұйымдастыру бар. Аралық аттестаттау кезеңінде оқушының конкурс немесе олимпиадаға кемінде бір рет қатысуы, педагогтің кәсіби байқауларға кемінде екі рет қатысуы ескеріледі.

Кәсіби тәжірибені жинақтау мен тарату критерийі де өзгерген. Бұған дейін бес көрсеткіш талап етіліп, оның ішінде оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу, педагог-шеберлер үшін авторлық бағдарлама дайындау және оны тәжірибеде қолдану арқылы тарату қарастырылған. Пилоттық жобада бұл талаптар алынып тасталған. Оның орнына педагог-зерттеуші мен педагог-шебер үшін оқулық немесе үлгілік оқу бағдарламасын әзірлеуге қатысу не белгілі бір үздіксіз еңбек өтілінің болуы ескеріледі.

Тәрбие жұмысын ұйымдастыру да жеке критерий ретінде енгізілген. «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының, оның ішінде «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар бағаланады. Бұл бағыттағы көрсеткішті растау үшін бақылаушы толтырған іс-шараның бақылау парағы қажет. Бақылаушы ретінде білім беру ұйымының басшысы, оның орынбасары немесе әріптесі қатыса алады.

– Пилоттық жобаның басты жаңашылдығының бірі – педагогтің білімін бағалау тестін тапсырудың талап етілмеуі. Екінші маңызды өзгеріс – сабақтарға тәуелсіз онлайн-бақылаудың енгізілуі. «Педагог-зерттеуші» және «педагог-шебер» санаттары үшін мектеп әкімшілігінің офлайн бақылау парақтарымен қатар тәуелсіз сарапшылардың онлайн бақылауы міндетті. Ол сабақтың тікелей трансляциясы немесе толық бейнежазбасы арқылы жүргізіледі. Бағалау кезінде толық сәйкестік қағидасы қолданылады. Бір бағыттағы талаптар орындалмаса, оған ішінара балл берілмейді, толық нөл қойылады. Талаптардың бірі орындалмай, екіншісі орындалған жағдайда да педагог аттестаттаудан өте алмайды. Академиялық адалдықты бұзу немесе жалған мәлімет жүктеу анықталса, педагог бес жылға аттестаттаудан шеттетіледі. Әр білім беру ұйымының жұмыс ерекшелігіне қарай критерийлер де әртүрлі. Мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналарды тәрбие үдерісіне тарту маңызды болса, мектептерде олимпиада мен байқауларға қатысу көрсеткіштері ескеріледі, – деді оқу-әдістемелік орталықтың білім беру мазмұнын талдау және стратегиялық даму бөлімінің әдіскері Ботакөз Шамарова.

Жалпы орта білім беру ұйымдарында, яғни мектептерде конкурс пен олимпиадаларға қатысты нақты сандық талаптар белгіленген. Педагог аттестаттау кезеңінде кәсіби байқауларға кемінде екі рет қатысқанын растауы және кемінде бір оқушыны олимпиадаға немесе тиісті деңгейдегі байқауға дайындауы қажет. Сабақты бақылау парақтарының саны да санатқа қарай өзгереді.

Колледждерде, яғни техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында WorldSkills қозғалысына қатысу ескеріледі. Мұнда педагогтің сарапшылық қоғамдастықтағы қызметі, төрелік етуі, қазылар алқасына қатысуы және чемпионатқа қатысушыларды дайындауы назарға алынады. Өндірістен келген өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушылары үшін аттестаттаудан тыс санат беру мүмкіндігі қарастырылған. Атап айтқанда, өндірістік өтілі бес жылдан басталған мамандарға «педагог-модератор», он жылдан басталған мамандарға «педагог-сарапшы» санаты беріледі.

Арнайы педагогтер, педагог-психологтар және педагог-ассистенттер үшін де жеке бағалау ерекшеліктері белгіленген. Педагог-ассистенттерде кәсіби байқауларға қатысу мен тәрбие іс-шараларын өткізу бағаланбайды. Олардың жұмысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеуге арналған бақылау парақтары мен біліктілікті арттыруға басымдық беріледі. Педагог-психологтар үшін оқушыларды байқауларға дайындау көрсеткішінің орнына профилактикалық жұмыстың тиімділігі қарастырылады. Атап айтқанда, буллинг пен аутодеструктивті мінез-құлық тәуекелдерін төмендету, ата-аналарды психологиялық сүйемелдеумен қамту бағаланады. Бұл көрсеткіш модератор санаты үшін кемінде – 40 пайыз, шебер санаты үшін 70 пайызға дейін белгіленген.

Оқу-әдістемелік орталығының білім беру мазмұнын талдау және стратегиялық даму бөлімінің басшысы Айгүл Мұхамедьярова бағалау талаптарының практикалық қолданылуына тоқталып, әсіресе мектепке дейінгі ұйымдар мен қосымша білім беру мекемелерінің ерекшеліктерін атап өтті.

– Әр білім беру ұйымына арналған жеке критерийлер қарастырылған. Мысалы, мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналарды тәрбие-білім беру үдерісіне тарту маңызды. Тәрбиеші ата-аналардың қатысуымен екіден беске дейін тәрбие бағытындағы іс-шара өткізуі керек. Конференцияларда баяндама жасау талабы бұл жерде тек педагог-зерттеуші мен педагог-шебер санаттарына қатысты. Тағы бір маңызды өзгеріс – сабақтар мен іс-шараларды бақылау парақтарын ұсыну тәртібі. Бұрын мұндай парақтар жыл сайын талап етілсе, енді аралық аттестаттау кезең бойынша ұсынылады. Қосымша білім беру ұйымдарында дәстүрлі сабақтардың орнына ашық сабақтар, концерттер, челлендждер, көрмелер мен фестивальдер есепке алынады. Педагогтер тек балаларды байқауларға дайындаумен шектелмей, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған іс-шаралар өткізуі тиіс. Ал педагог-зерттеуші мен педагог-шебер санаттарына үміткерлер үшін оқулық әзірлеуге қатысу, үлгілік оқу бағдарламасын әзірлеу немесе тиісті еңбек өтілінің болуы қарастырылған. Ең бастысы, әр критерийдің дәлелі нақты құжатпен расталуы қажет. Бұл педагогке өз еңбегін жүйелі көрсетуге және мәлімдеген санатына сәйкес келетінін дәлелдеуге мүмкіндік береді, – деді Айгүл Мұхамедьярова.

Осылайша, аттестаттаудың пилоттық жобасы педагогтің кәсіби қызметін бағалауда бірқатар өзгеріс енгізіп отыр. Жаңа тәртіпте әр санатқа қойылатын талаптар, білім беру ұйымдарының ерекшелігі, сабақ пен іс-шараларды бақылау, кәсіби жетістіктерді растау тетіктері нақтыланған. Сонымен бірге педагогтің цифрлық профиліндегі мәліметтер негізінде аналитика жүргізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл деректерді білім беру ұйымдарының басшыларынан бастап, облыстық білім басқармасына дейінгі деңгейде пайдалануға болады. Мұндай талдау жоғары нәтиже көрсеткен педагогтерді ынталандыруға, кәсіби дамуды қолдауға және басқарушылық шешімдерді объективті ақпарат негізінде қабылдауға бағытталған.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button