«Қазан ұрмай, қар жаумай…»
Биылғы жаздың жыры – жадымызда. Қуаңшылық болып, шаруалар біраз тығырыққа тірелді. Жер-Ана аңсап күткен жауын-шашын жаз айларының соңына қарай жетті. «Қазгидромет» дерегінше, биылғы жаз Қазақстанда метеорологиялық бақылау тарихындағы ең ыстық жаз ретінде тіркелді. Маусымдық орташа температура климаттық нормадан 2,15 °С-қа жоғары болып, жауын-шашын нормадан 7,12 мм-ге аз түскен. Нақты Қарағанды облысында жаз ерекше ыстық әрі құрғақ өтті. Өңірдегі Бесоба метеостанциясында ең жоғары ауытқу +4 °С көрсеткен. Ал, қазан мен қарашаның сиқы мынау. Арқада алты ай жатып, асықпай аттанатын қысқа ұқсамайды. Биыл ақ босағаны қымсына аттаған ақ келінге ұқсап тұр. «Бұл не қылығы екен?» деп аң-таң болып отырмыз. Сөйтіп, биылғы келісінің сырын аңдап көрдік. Тамырын басып, қас-қа-бағын бағып едік, болжам бойынша мына қыс даланың да, қаланың да қазағына жайлы болатын сияқты. Бірақ, қауіп те жоқ емес.

1991-2020 жыл аралығындағы нормалық көрсеткіштер нәтижесі
«Қазгидрометтің» ресми деректері елімізде биыл қыс салыстырмалы түрде жылы болады деп отыр. Тіпті, көптеген өңірде жауын-шашын мөлшері климаттық нормаға жақын екен. Елдің кей аумақтарында жауын-шашын әдеттегіден көп түсуі мүмкін. Әсіресе, Қазақстанның солтүстік-батысына, солтүстігіне, солтүстік-шығысына және орталық бөлігіне, яғни, Қарағанды облысының аумағына жаңбырлы бұлттар аялдамақ.
Метеоболжамдар бөлімінің басшысы Айжан Қосубаева ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшерінің нормалық көрсеткішін ұсынды. Бұл кесте 1991 мен 2020 жылдар аралығындағы көрсеткіштер нәтижесіне қарап жасалған. Мәселен, қараша айына -01°C пен -6,9°C аралығындағы ауа температурасы тән. Ал, жауын-шашын мөлшері әдетте 9 бен 34 мм арасында болады.
– Алдағы қыс мезгілінде және көктемнің алғашқы айында Қарағанды мен Ұлытау облыстарында ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болады деп күтілуде. Ал, жауын-шашын мөлшері айларға және өңірлерге байланысты әртүрлі болады. Желтоқсан айында облыстың барлық аумағында ауаның орташа температурасы климаттық нормадан шамамен 2°С жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері де облыстың басым бөлігінде әдеттегі көпжылдық көрсеткіштерге сәйкес келеді деп болжануда. Қаңтар айында да жылы ауа райы сақталады. Облыстың басым бөлігінде орташа айлық температура нормадан 1-2°С жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері негізінен нормаға жуық болғанымен, Ұлытау облысының қиыр оңтүстік-шығысында және Қарағанды облысының қиыр оңтүстігінде жауын-шашын әдеттегіден аз түсуі мүмкін. Ақпан айында температураның климаттық нормадан 1-3°С жоғары болуы күтіледі. Бұл айда облыстың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп болжануда. Ал, Ұлытау облысы мен Қарағанды облысының қиыр батысында жауын-шашын мөлшері көпжылдық орташа көрсеткіштер шамасында болады. Наурыз айында да салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталады. Республиканың барлық аумағында ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан 2°С жоғары болады деп күтілуде. Ал, облыс аумағында жауын-шашын мөлшері нормаға жуық болады. Жалпы алғанда, болжам бойынша желтоқсан-наурыз айларында өңірде ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болады. Әсіресе ақпан айында жауын-шашынның көбірек түсу ықтималдығы байқалады, – деді Айжан Қосубаева.
Табиғат-Ана тіл қатады. Тек, құлақ түріп, әр құбылысына зер салсаңыз болғаны. Бұрынғының далада мал баққан қазағы қазан мен қарашадағы табиғат құбылыстарына қарап, алдағы қысты болжаған. Біз биылғы қыстың райын агроном, талай жылдан бері жыл құстарын зерттеп жүрген Сәкен Келдібаевтан сұрадық. Оның да болжамы «Қазгидрометтің» болжамдарымен үндес.
– Атам мен әженің қолында өстім. Атам алдағы қысты болжап, соған қарай малдың күтімін жасайтын. Айтқаны дәл келетін. Соның бәрі жадымда сақталған. Қазан айының ортасында Шет ауданына бардым. Далада құмырсқа илеуі көзіме түсті. Атам құмырсқаның илеуіне қарап ауа райын болжайтын. Қыс ерте түсетін болса, қыркүйектің аяғында, қазан айының басында құмырсқа илеуінің бетін жабады. Ал, кеш түсетін болса, илеуінің бетін жаппай, бұрынғы тіршілігімен айналыса береді. Жалпы айтқанда, биыл құмырсқа илеуіне кірмепті. Азығын тасып, әлі жанталасып жүр. Бұл – күз ұзақ болады, қыс кеш түседі деген сөз. Қайыңдарға қарап та болжайды. Қайың басынан сарғайса, қыс ерте келеді, ұзақ әрі қатал болады дегенді білдіреді. Ал, төменнен сарғайса, қыс кеш түседі, бірақ, қатал болады. Биыл ортасынан сарғайыпты. Бұл – алдағы қыс жайлы болады деген сөз. Жылы жаққа ұшқан құстар да алдағы қыстың мінезінен хабар береді. Биыл құстар көлдер мен өзендердің жағасынан енді кетіп жатыр. Қорғалжын қорығындағы өзен-көлдерді бақылап отырмыз. Мысалы тырналар жерден биік ұшса және шулап ұшса, қыс жайлы болады. Биыл дәл осылай аттанып жатыр. Ал, бір ұшып, бір қонып кетсе, қатал қысқа қамданыңдар дегенді білдіреді. Қараша айының бел ортасынан астық. Болжамның бәрі сәйкес келіп жатқандай. Биыл қыс жайлы болатын сияқты, – деді Сәкен Келдібаев.
Ауыл шаруашылығынан хабары жоқ адамға ақ ұлпаның мол мөлшерде жауғаны жақпайтыны анық. Темір тұлпары малтып, ауласы бір уайымға айналады. Қаладағы жұртқа да қардың аз жауғаны жақсы секілді. Бірақ, бұл қыстың қамын жаз ойлайтын қырдағы қазақ үшін көп-көрім уайым. Мәселен, өткен қыста қар аз мөлшерде жауып, жайлы болғанымен, жазда қуаңшылық болды. Фермерлердің көбі шөптің аз шыққанын айтып жүр. Өйткені, топырақта ылғал жоқ. Айдын Жанұзақов есімді азамат былтыр қаладағы жұмысын тастап, мал шаруашылығына ойысқан. «Нар тәуекел!» деп жайлау сатып алып, қолдағы жылқысы мен сиырын сол жаққа айдап апарған. «Қысқы азығын өзім әзірлеймін», – деп қолындағы арнайы техникасын да сол жаққа жеткізді. Бірақ, үміті ақталмады.
– Биыл шөп өте аз шықты. Трактордың шалғысына ілігетіндей шөп болмаған соң қор жинақтаған басқа фермерлерден сатып алуға тура келді. Биыл қар мол мөлшерде жауса екен деп тілеп отырмыз. Өйткені, жерге ылғал керек. Мал баққан адам мезгілдердің мінезін болжап жүреді. Биылғы қыс жайлы болады деп жүр ел. Бірақ, жаңбыр да жауады деген болжамдар бар. Бұл жылқы үшін өте қатерлі. Жұттан аман болсақ екен, – деді жас фермер.
Метеоболжамдар бөлімінің басшысы Айжан Қосубаева былтырғы қыс мезгілінің де болжамдары нормалық көрсеткіштен аса ауытқымағанын, биылғы қыстан айырмашылығы жоқ екенін айтты.
2026 жылғы климаттық жағдайға әсер етіп отырған маңызды факторлардың бірі – Эль-Ниньо. Бұл – Тынық мұхитының экваторлық бөлігіндегі су бетінің қалыптан тыс жылынуымен байланысты табиғи құбылыс. WMO мәліметтері бойынша, 2026 жылдың ортасынан бастап Эль-Ниньо қалыптасып, күшейе бастады. Оның ең жоғары кезеңі 2026 жылдың соңына сәйкес келуі мүмкін. Құбылыстың әсері 2027 жылдың басына дейін жалғасуы ықтимал. Бұл құбылыстың күшеюі жаһандық температураның одан әрі жоғарылауына ықпал етуде.
Мамандардың сөзінше, бұл құбылыс еліміздегі климатқа аз да болсын әсер етіп жатыр.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



